Алматыда “Қазақстан” қонақ үйінде “ҚХР-2010 Үрімші сыртқы сауда-экономикалық жәрмеңкесі” және “2010 Қазақстандағы Қытай тауарларының 8-ші көрмесі” атты баспасөз мәслихаты болып өтті. ҚХР коммерция министрлігі, ҚР Сауда-өнеркәсіптік палатасы және Шыңжаң экономикалық газетінің ұйымдастыруымен өткен жиында Үрімшіде және Алматы қаласында өтетін жәрмеңкелер төңірегінде кеңінен сөз болды.
Баспасөз мәслихатында сөз алған Суар қаласындағы коммерция департаменті бастығының орынбасары Сунь Чжэньсяо екі мемлекет арасындағы сауда, экономика, мәдениет және өзге де салалардағы ынтымақтастық арта түскендігін атап айтты.
Үрімші жәрмеңкесіне Қазақстан және Азияның бірқатар елдерімен бірге Ресей өкілдері де шақырылған. Жәрмеңкені ұйымдастырушылар тұжырымдауынша, мұндай жүздесу Орталық Азия елдерінің саудасы үшін бірлескен тұғырнама болатындығы сөзсіз. Ал, мұның өзі, түптеп келгенде, мемлекеттердің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын арттыруға қосылған үлкен үлес.
Сөз реті келгенде атап айтарлық жәйт, соңғы жылдары Шыңжаң экономикасының даму қарқыны арта түсуде. Өткен 2009 жылы шыңжаңдық GDP – 427 миллиард 357 миллион юаньге жетті. Мұның өзі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 8,1 пайыз көлемінде өсімге қол жеткенін көрсетеді. Ал, импорттық-экспорттық сауда көлемі 13 миллиард 82 миллион 800 мың долларды, экспорт орташа алғанда – 13 миллиард 82 миллион 300 мың долларды құрайды. Бүкіл ел бойынша импорттық-экспорттық көлем он алтыншы орында тұр. Ең бастысы, Қазақстан мен Шыңжаң арасындағы сауда саласындағы көрсеткіштер де уақыт өткен сайын даму үстінде.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
АЛМАТЫ.