Танымал тележүргізуші, депутат Мақсат Толықбай әлеуметтік желідегі парақшасында Қайрат Сатыбалдының заңсыз жолмен тартып алған бизнестері туралы жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мақсат Толықбай Алматыдағы Hilton қонақ үйінің 160 қызметкерінің арыз-шағымын тыңдап қайтқан. Бұл қонақ үйдің иесі Шолпан Каранеева ғимаратты Қайрат Сатыбалдының рейдерлік жолмен тартып алғанын 2020 жылы-ақ ашық айтып, талай бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген екен.
«Осыдан төрт жыл бұрын (2019 ж) франчайзинг келісімімен Hilton қонақ үйін салған. Құрылысты аяқтау үшін «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ға қонақ үйді кепілге қойып 4 млрд 200 млн теңге сомасында қарыз алған. Коронавирус пандемиясы басталған 2020 жылы Hilton қонақ үйі қызметін уақытша тоқтатқан.
Сол кезде Президент кәсіпкерлерді тұралап қалмау үшін банктерге төлемдерді уақытша тоқтатуға бұйрық берген. Ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ Президент бұйрығын пысқырмаған. Банк тарапы өтінішке жауап бермей, қонақ үйді «Заңгер» коллекторлық агенттігіне береді. Ал «Заңгер» қонақ үйдің нарықтағы құны 9,5 млрд теңгеден асса да, оны бар болғаны 5,1 млрд теңгеге бағалап, «Байдала» ЖШС-ға сатып жіберген», дейді Ш.Каранеева. Сонымен қатар «Байдала» компаниясының артында Қайрат Сатыбалды тұрғанын, рейдерлік басып алу әрекеті деп апелляциялық сотқа шағымданғанымен ешқандай нәтиже шықпағанын жасырмады. «Қайрат Сатыбалды абақтыға қамалып, дүние-мүлкі тәркіленген кезде біздің құзырлы органдар DoubleTree by Hilton қонақ үйін де Қайраттың тәркіленген мүліктерінің қатарына қосып қойған екен. «АБЛИ Құрылыс» компаниясы «Біз «Байдала» ЖШС-мен соттасып жатырмыз, бұл қалай Қайрат Сатыбалдыға өтіп кетеді, іс әлі қаралып жатыр ғой?!» деп арыз түсіргеннен кейін Қайрат пен «Байдала» арасында тез арада келісімшарт (договор купли-продажи) жасалады. Түрмеде! Ол жерге нотариусты қалай кіргізіп жүр, түрмеде отырған Қайраттың қалтасында 6 млрд теңге қайдан жүр?! Бұл жерде де заңсыздық көп», делінген жазбада. Шағымданушының айтуынша, Қайрат Сатыбалды ұсталса да, рейдерлік әрекет әлі де жалғасып жатыр. «Ендігі схема былай: қонақ үйді Қайрат Сатыбалдының атынан мемлекеттік активке өткізіп жіберіп, арзан бағада аукцион арқылы өз аттарына аударып алғысы келетін басқа мүдделі топтар қатты жұмыс істеуде. Қайрат Сатыбалды ұсталса да, рейдерлік әрекет жалғасып жатыр», дейді шағымданушы. «Осы орайда біз шын мәнінде Әділетті Қазақстан құрғымыз келсе, осындай заңды бизнесін әлдекімдер көпе-көрнеу тартып алған тұлғалардың да зары мен мұңына құлақ түріп, көңіл бөлуіміз керек шығар. Жәбірленуші тараптың сұрайтыны бір-ақ нәрсе: құзырлы органдар істі әділ қараса екен», деп жазбасын аяқтады депутат. Сонымен қатар ол шағымданушылардың арызын Антикор мен Бас прокурорға жолдағанын айтты.