Түсімен ерекшеленіп, алыстан менмұндалап тұратын сары автобустарды кезінде америкалық кинофильмдерден ғана көретін едік. Америка Құрама Штаттарының үлгісіндегі мұндай ерекше көліктер бүгінде елімізде құрастырылып, шалғай ауылдарға үлестіріліп жатқаны қуантады. Жуықта Ертіс-Баян өңіріндегі ауылдық 16 білім ұясына заманға сай жабдықталған жаңа қоғамдық көліктер тарту етілді.
Жас ұрпақтың алаңсыз білім алып, оқу орнына жайлы да қауіпсіз қоғамдық көлікпен жетуіне мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп отырғаны мәлім. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өңірдегі ауылдық 16 мектепке заманға сай жабдықталған сары автобустар берілді. Жаңа автобустар қауіпсіздік белбеулерімен, оқушылардың рюкзактарына арналған сөрелермен, бейнекамералармен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі балаларды салон ішіне көтеріп кіргізуге арналған тетігі де инклюзивті білім берудегі маңызды қадамдарды аңғартса керек. Мұндай жай көтергіштің өзі ауылдық жерлерде өзге қатарластарымен сыныпта отырып білім алғысы келетін мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер үшін аса қажет. Ал автобустың өзі ақылды жүйемен қамтылған. Жүргізуші есіктердің барлығы жабылғанына көзін жеткізу үшін салонды міндетті түрде аралап шығуы керек. Олай етпесе, сары автобус орнынан қозғалмайды. Камералар жүргізушінің іс-қимылы дұрыс болғанын құптап, қозғалтқышты іске қосуға рұқсат береді. Ал көліктің өзі көлемі 3,5 литрлік дизельді мотормен қамтамасыз етілген. Қыста іші жылы болуы үшін салонда 6 жылытқыш радиатор қойылған.
Мұндай ерекше автобустың бірі Баянауыл ауданының Қошке Кемеңгеров атындағы орта мектебіне берілді. Шоманкөл бөлімшесінен келіп оқитын оқушылар ескі «ПАЗИК» автобустан құтылғандарына мәз.
– Қ.Кемеңгеров мектебі округ орталығы – Жұмат Шанин ауылында орналасқан. Жеті шақырым жердегі Шоманкөл бөлімшесінен 19 бала күнделікті қатынайды. 2017 жылы ауылдық әкімдікке «ПАЗИК» маркалы автобус беріліп, осы күнге дейін оқушыларды сонымен тасымалдап келдік. Ол көлігіміз де ескіріп қалды. Мына автобустың технологиялық қамтылуы көңілімізден шығып отыр. Салонында салқындатқышы бар, күн ыстықта балалар мектепке жайлы жетеді. Көлік дизель отынымен жүреді екен. Қыста қозғалтқышы мен жанармай жүйесін алдын ала жылытып қоятын құрылғысы да бар. Бұл, шынымен де, біздің балаларымызға тамаша тарту болды, – деп қуанышымен бөлісті мектеп директоры Мадиян Қабдуова.
Қ.Кемеңгеров мектебінде алдағы оқу жылында 104 бала білім алады деп күтіліп отыр. Көпқабатты білім ордасының ғимараты ескіріп, көп жылдан бері күрделі жөндеуге сұранып тұрған жайы бар. Оқу ұйымын жөнге келтіру жобасын облыс билігі келер жылдың бюджетіне енгізген екен. Жалпы сомасы 329 млн теңгеге смета жасалыпты. Жоба бойынша мектептің қасбеті, есік-терезелері жаңарып, едені қайтадан құйылады. Қабырғалары әрленіп, электр жүйесі, ішкі жылу жүйесі толықтай жаңарады.
Ал Павлодар ауданының тұрғыны Жанна Татиева балалары Заңғар орта мектебінде оқитынын, оқушыларды тасымалдайтын ескі қоғамдық көлік жиі сынып, ата-аналар үнемі алаңдап отыратынын жеткізді. Енді қыстың суығы, жаздың ыстығында балаларын тасымалдайтын жайлы автобус бар. Оқушылар күнделікті сабаққа барудан бөлек, түрлі спорт сайысына, білім байқауына осы автобуспен қатынайды.
Айта кетейік, сары автобустар Баянауыл, Павлодар, Май, Успен, Ақтоғай, Тереңкөл, Шарбақты аудандарына және Ақсу мен Екібастұздың шалғай ауылдарына берілді. Жаңа оқу жылына дейін облысқа тағы осындай 30 көлік жеткізіледі.
Павлодар облысы