• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Ауа райы 06 Маусым, 2023

Таңда күн құлақтанса, сақтан!

539 рет
көрсетілді

Соңғы күндері Солтүстік Қазақстанда күн қатты ысып тұр. Синоптиктердің айтуына қарағанда, ол Иран мен Орталық Азиядан жылжыған ыстық ауа массасының әлегінен орын алды. Күндіз ауа температурасы 34-39 градусқа дейін ысиды. 3 маусым күні термометр тіпті 42 градус ыстықты көрсетті. Бұл – біздің облыс үшін қауіпті құбылыс. Осындайда өрт қаупі де молаяды. Петропавл қаласының өзінде тек 1940 жылы ғана ауаның температурасы 40 градустан асқан екен. Облыстың көптеген аумағында жаңбыр да жоқ. Кейбір қазақ ауылдары Алладан жауын тілеп, тасаттық беріп жатыр.

Қазгидрометтің Солтүстік Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары Наталья Левинаның айтуына қарағанда, ыстықтың беті тек 7 маусымнан кейін ғана қайтуға тиіс. Осы кезден облыс аумағына циклонды ауа райы орнап, бұршақ аралас нөсер жаңбыр жауады деп күтіледі. Ауа температурасы да 34-39 градустан 22-27 градусқа дейін төмендейді. Түнде тіпті 12-17 градусқа дейін салқындайды. Сөйтіп, ыстықтың беті айдың екінші онкүндігінен бастап қайтып, осы кезеңде жауын-шашын да молаяды.

2023 жылдың 2 маусымына дейінгі мәліметке қарағанда, облыс аумағындағы ормандарда өрт қаупін тудыратын 104 от тұтату әрекеті болған. Соның 14-інен өрт болып, 57,7 гектар жердің орманы күйген. Мемлекетке келтірілген шығынның жалпы көлемі – 3,8 млн теңге. Облыстық та­биғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Бейбіт Исмановтың айтуына қарағанда, өрт қаупін жасаған бір-ақ адам ұсталған, қалған жағдайларда кінәлінің кім екені анықталмаған.

Өрт себептерін анықтай келе, оның біреуі ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорынның былтырғы ескі қауды жаққанынан шыққаны белгілі болды. Тағы үшеуі автомобиль жолдарының бойынан шыққан. Жолдың шетіндегі қалың өскен ескі қау жиналмаған, ал оны біреулер тұтатып жіберген. Бір өрт электр жеткізу линиясындағы сымның үзіліп түскенінен болған. Қалғандары ша­руалардың шабындықтар мен мал жайылымдарында ескі қауды өртеген кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамағандығынан шыққан.

Даланың күтімі мен құнарын ойлаған қазақ халқы ежелден қураған ескі қауды күз айларында өртеп отырған. Бұл келесі жылы өртеңге жаңа шөптің қаулап өсуіне жағдай тудырады әрі ескі шөптегі мал ауруларын тудыратын вирустардың өртеліп, оның келесі жылға жайылмауын қамтамасыз етеді. Алайда қазақ шаруасы даланы күзде өртеп, оның өріс ал­мауын күзгі суық жаңбырлардың сөнді­руіне есептеген. Ал қазір ескі қауды өрт­ей­тіндер бұл жұмысқа көктемде ғана кірісіп, кешіккен жаңбырдың болмауынан өртті ұлғайтып алады. Сондықтан облыс әкімінің орынбасары бекіткен телефонограмма беріліп, көктемде ешқандай өрт салмау туралы шаруаларға бұйрық жеткізілді. Орман шаруашылықтарында 55 бақылау бекеті ұйымдастырылды. Өртке қарсы күресетін жабдықтар, техникалар әзірленіп, өрт сөндіру бекеттері қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етілді.

Өрт қаупі аса жоғары болған кезеңде мемлекеттік орман қорында жұмыс істеуге шектеу қойылады. Тұрғындардың орманға барып дем алатын үйреншікті орындарына бақылау ұйымдастырылады. Өрт қаупін тудыратын әрекеттері үшін жеке адамдарға 10 АЕК, яғни 34500 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал от өртке ұласса, айыппұл көлемі 25 АЕК-ке дейін көбейтіледі. Жыл басынан бері 19 хаттама толтырылып, 353 мың теңгенің айыппұлы салынды.

Күннің ыстығы тұрғын үйлерде де өрт қаупін молайтып отыр. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуы­н­а қарағанда, жыл басынан бері облыс көлемінде 251 өрт болып, одан 14 адам көз жұмған. Тағы 10 адам дене жарақатын алған. Өрттің 75%-ы жекеменшік үйлердің аумағынан шыққан.

Қазір елді мекендердегі нысандарды өрттен қорғау үшін полиция депар­таментімен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп рейдтер ұйымдастырылды. Жедел топ саны 51-ге жеткізіліп, 314 адамды қамтыды. Осы топтар маусымның басына дейін 438 рейд жасап, 151 адамның әре­кеті өрт қауіпсіздігін бұзғанын анық­тады. Оларға 190 мың теңгенің айыппұлы са­лынған.

Тиісті қызметтер өрт қаупіне қарсы осындай әрекеттер жасауда. Бірақ оны халық жаппай түсініп, тілсіз жаудың қаупін сезініп отырса, тіпті жақсы болар еді деп ойлаймыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы