Араға ширек ғасыр уақыт салып, облыс мәртебесін иеленген Абай облысының «өшкені жанып, өлгені тірілгеніне» де жыл толды. Он екі айдың жүзі уақыттың уысында сынаптай сырғып өткенімен, даму динамикасының қандай болатыны кез келген жергілікті жанның көкейінде тұратыны сөзсіз.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жақында Коммуникациялар қызметінде жасаған тікелей эфир баяндамасында да көптеген істердің жайынан хабардар етті.
– Біздің өңір енді ғана құрылып жатса да, Президенттің, Үкімет пен Парламент депутаттарының әрдайым қолдауын сезініп келеді. Жылдар бойы жиналып, қордаланып қалған мәселелерді бір сәтте шешу мүмкін еместігі белгілі. Проблемаларымыз да аз емес. Соларды біртіндеп шешу үшін жоспарлы жұмыстарды қолға алдық, – деген өңір басшысы алдағы уақыттың еншісіндегі істер жайынан да ой бөлісті.
Нақты дерекке сүйенер болсақ, ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтар мысалдар баршылық. Яғни ауыл шаруашылығы өнімін шығару 473,3 млрд теңгеге жетті. Бұл өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 4,1%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.
Облыс бойынша құрылыс саласында 340,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп (104,1% өсім), 3 352 отбасы тұрғын үймен қамтылған.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың мәліметіне сүйенсек, биыл облыс бюджетінің көлемі 374,6 млрд теңгені, оның ішінде меншікті кірісі 10,4% өсіммен 92,1 млрд теңгені құраған. Өткен 2022 жылы 83,4 млрд теңге болғанын ескерсек, экономиканың өсім көрсеткіші барын аңғару қиын болмаса керек.
Сол тұрғыда облыстағы сумен жабдықтау нысандарын дамытуға қаржыландыру 2,5 есе (7,5 млрд теңге), жолдарды жөндеуге 2,3 есеге (9,9 млрд теңгеге) ұлғайды. Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге (23,5 млрд теңге), денсаулық сақтау – 1,8 есеге (4,2 млрд теңге), ауыл шаруашылығы – 9 еседен астамға (17,7 млрд теңге) өсті.
Облыс орталығы Семей қаласының бюджеті 86,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 49%-ға артық екенін көрсетеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 1,4 есеге және әлеуметтік қорғау 1,5 есеге ұлғайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген кешенді жоспар бойынша инвестиция көлемі 1,9 трлн теңге болатын 102 іс-шарадан тұрады.
Биыл 1034 жаңа жұмыс орнын ашатын 8 жоба іске асырылып жатыр. Құны 29,3 млрд теңге.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған жерлерді қайтару жайына келсек, жалпы ауданы 297,7 мың гектар жер учаскелері анықталды.
Облыс орталығы Семей қаласы үшін ең маңызды мәселелердің бірі – жылумен жабдықтау. Қаланың Ертіс өзенінің оң жағалауында 118 Гкал жылу энергиясының тапшылығы бар.
Қаланың жылумен жабдықтау мәселелерін шешу үшін 2023-2024 жылдары облысты дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін қайта жаңарту бойынша 11 жоба, желілерді жаңғыртудың 19 жобасы енгізілді, оларды іске асыруға республикалық бюджеттен 150,4 млрд теңге қажет (жылу көздерін жаңғыртуға 95,5 млрд теңге, желілерді жаңғыртуға 54,9 млрд теңге).
Халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 17 млрд теңгеге 54 жобаны іске асыру жоспарланған. Ал 2024-2025 жылдары су құбыры желілерінің 19 жобасын салу көзделіп отыр.
Өңір басшысы Абай облысы бойынша алдағы уақытта орындалатын білім саласындағы жайларға да тоқталды.
Өткен жылы облыс бойынша 1 700 орындық 4 мектеп салынды. Жеке инвестициялар есебінен Семей қаласында 650 оқушыға арналған 1 мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 5 700 орындық 11 мектептің құрылысы (42,7 млрд теңгеге) жоспарланған. Биыл 5 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Осы жылы облыс орталығында «KAZ Minerals Management» ЖШС қаражаты есебінен 1 200 орындық мектептің құрылысы басталды.
2025 жылға дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 6 шағын жинақталған мектеп, жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құрылыс салынатын болады. Биыл Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» (тілдерді тереңдетіп оқытуға бағытталған) және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы бойынша да оң өзгерістер бар. Облысты дамытудың кешенді жоспарына Семей қаласында 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысанның құрылысы енгізілген.
2023 жылғы Абай облысының бюджеті 374,6 млрд теңге.
Облыс бойынша құрылыс саласында 340,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп (104,1% өсім), 3 352 отбасы тұрғын үймен қамтылған.
Абай облысында ауыл шаруашылығы өнімін шығару 473,3 млрд теңгеге жетті.
Биыл құны 29,3 млрд теңге болатын 8 жоба іске асырылып жатыр. Сол жобалардың арқасында 1034 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Арап Еспембетов,
филология ғылымдарының докторы, профессор:
Жаңаруды сезіндік
– Көз салған жанға көне Семей расы керек, жаңара бастады. Облысымыздың құрылғанына бір жыл толды. Бұл – жергілікті халық үшін қуанышты жағдай. Ширек ғасыр бойы облыс орталығы мәртебесінен шет қалып, құлазып қалған қаламызға жан кіріп, жаңару жолына түскені қуантты. Қаладағы ендігі уақытта тамырына қан жүгіріп, облыс әкімі Нұрлан Тельманұлының ірі істерді қолға ала бастағаны да жақсылыққа жетелейді. Алдағы бес жылға жоспарланған Абай облысының даму жайы өз кезеңімен жүзеге асатынына сенімдімін. Сөзімді түйіндей келгенде жаңа облыстың алдағы жарқын болашағына көнекөз қариялар да үлкен үмітпен қарайды.