Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Шұғыл жиын барысында Президент Семей орманындағы алапат өрттен көз жұмған азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Қазіргі басты міндет – адам өмірін сақтап қалу. Сондай-ақ өртті тоқтатып, елді мекендерге таралуына жол бермеу. Өрт қаупі бар жерден көшірілген тұрғындарды қауіпсіз мекенге орналастырып, оларға қажетті жағдай жасау керек. Қатердің беті қайтқан соң, залалдың көлемін шұғыл анықтау қажет», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұл ретте Президент зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсетілетінін қайталап айтты.
«Мен жаңа ғана азаматтармен кездестім, уәде бердім. Сондықтан берілген уәдені міндетті түрде орындауым керек. Қаза болған азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешуді тапсырамын. Бұл мәселеде созбалаңға салу мүлдем болмауы керек.
Алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұсынылсын. Сондай-ақ бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау қажет», деді Мемлекет басшысы.