Атырауда да қазақ күресіне бет бұрған балуандар қатары көбейді. Бұл Астана күні қарсаңында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңінде байқалды.
Сайыс басталмас бұрын 15 балуан қарсыласын жеребе арқылы таңдады. Оның ішінде 7 ауданнан 13, Атырау қаласынан 2 балуан бар. Балуандар 92 кг-дан жоғары салмақта бақ сынады.
«Қазақ күресінде ептілер мен күштілердің ғана бағы жанады. Алайда ұпай санымен алда тұрған балуанның бір секундта ұтылып қалатын сәті жиі кездеседі. Өйткені төл спортымыздың осындай ерекшелігі бар», дейді аға жаттықтырушы Айбек Серғазиев.
Сынға түскен балуанның бәрі аталған күрестің әдіс-тәсілін жетік біледі. Мәселен, Бекбол Мұқашев спорттың бұл түрін бала кезінен серік етіп келеді.
«Қазақ күресімен 6 жасымнан бері шұғылданамын. Маған жекпе-жек спортының бәрі ұнайды. Бірақ көңілім қазақ күресіне ауды», дейді Б.Мұқашев.
Бұл сайысқа бірнеше рет қатысып, тәжірибе жинаған балуандар да бар. Соның бірі 27 жастағы Арман Қалиев биылғы іріктеу жарысына төртінші рет қатысты. Әсіресе дзюдодан спорт шебері Әділет Сапарғалиевпен белдесуі тартысты өтті.
«Спорттық сайыстың бәрі де тартысты өтеді. Ал қазақ күресіндегі белдесудің жөні бөлек. Жартылай финалдағы белдесу оңай болмады. Әділет – қазақ күресін мықты меңгерген балуан. Бұрын дзюдодан Қазақстанның чемпионы атанған. Бұл күресте самбошылар, дзюдошылар, басқа да жекпе-жек түрлерінің өкілдері бақ сынап жүр. Бірақ жеңілмеу үшін намысқа тырыстым», дейді А.Қалиев.
Қарсыласының бәрінен басымдығын танытқан А.Қалиев «Атырау барысы» атанды. Оған үздік балуан дипломымен бірге 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Ал екінші орынның жүлдесі – 300 мың теңгені Қызылқоға ауданының балуаны Бекбол Мұқашев жеңіп алды. Үшінші орын мен 200 мың теңгеге Жылыой ауданынан қатысқан Б.Шағатаев ие болды.
Атырау облысы