Семейдегі орман өртін ауыздықтауға қатты жел кедергі келтіріп тұр. Тілсіз жаумен күрес жұмыстары түнгі уақытта да жүріп жатыр. Бұл туралы өңірде құрылған жедел штабтың жетекшісі Дмитрий Гариков мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Желдің көтеріліп, жағдай қиындап барады. Қазір өрт Таврия ауылындағы Каштак орманшылығына қарай бет алды. Техниканың 65%-ы сонда жұмылдырылды. Ал Успен орманшылығында шағын өрт ошақтары шығып жатыр. Өртпен күрес негізінен түнде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Жерновка ауылында ахуал өршіп тұр, себебі техниканы ауыл аумағына кіргізуде кедергі бар», деді Дмитрий Гариков.
Оның айтуынша, өрт сөндірушілердің қазіргі міндеті – жалынды елді мекендер аумағына жібермеу.
«Тұрғындар әзірге үйлерінде, олар хабардар. Таврия елді мекені қауіпті аймақ ретінде қалып отыр, өйткені жел сол жаққа бағыт алды. Қазір облыс және қала әкімі Каштак орманшылығында жүр», дейді ол.
Сонымен қатар жедел штаб басшысының айтуынша, тілсіз жау Бестапаев және Успен орманшылығына ірі зардап келтірген.