• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 12 Маусым, 2023

Абай облысындағы өртті сөндіруге 1500-ден астам адам жұмылдырылды

1876 рет
көрсетілді

Абай облысының әкімдігі орман өртіне байланысты жағдайды баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазір Абай облысында үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізілуде.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше,  өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам бірлік техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 621 рет су төгілді, жалпы көлемі  1 900-ге жуық тоннаны құрайды.

Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов пен Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына кетті.

Бұдан басқа, ТЖМ-ге хабарлама келіп түскен сәттен бастап оқиға орнында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы филиалдарының бригадалары қызмет көрсетіп жатыр.

Қазіргі уақытқа дейін жедел желіге 104 қоңырау түскен. ТЖМ және ТЖД жедел желі телефондары: 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31.

Метеожағдайдың өзгеруіне байланысты (желдің екпіні секундына 18 метрге дейін) өрт төменгі бөлікте өрбіп, Талица ауылына қарай бағыт алды. Ауылды қорғауға өрт техникасы жұмылдырылды. Тұрғындар алдын ала эвакуацияланды.