Міне, еліміз қара жамылып, төрт күн бойы арпалысып жатса да, тілсіз жау тізгін бермей тұр. Өрттің кейбір ошақтарын ауыздықтай алсақ та, біраз тұста қауіптілік деңгейі басылған жоқ.
Бородулиха ауданының ауылдарын шарпыған өрттің салдарынан Семей қаласына қарасты Каштак, Талица, Бұлақ, Озерка ауылдарының тұрғындарына да қауіп төніп, олар облыс орталығына көшірілді. Семейдегі электртехникалық колледж бен құрылыс колледжінің жатақханаларына аталған ауылдардан 148 адам орналастырылды. Олардың 56-сы – бала.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Бородулиха ауданындағы Успенское ауылында орналасқан жедел штабта жағдайды жіті назарда ұстап отырғанымен, ауыл іргесінде жанып жатқан ағаштардың қою түтіні әлі де басылар емес. Негізінен, тілсіз жаудың тізгін тартпай тұруына ауа температурасының көтерілуі және желдің күшеюі де мейлінше әсер етіп тұр.
Әуел баста 60 мың гектар жерді жайпаған өрттің қазіргі аумағы 43 мың гектарға азайды десек те, қызыл жалынның Семей қаласы бағытында жылжығаны сақтық шараларын барынша күшейтуді қажетсінеді. Осы себептен қазір өртті оқшаулауға баса назар аударылып жатыр.
«Өртті оқшаулау үшін біз жеткілікті топ құрдық. Жеке құрамда 1,5 мыңға жуық адам бар: өрт сөндірушілер, орман қорғау қызметкерлері, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері. Сондай-ақ 300-ге жуық техника мен 12 тікұшақ жұмылдырылды», деді министр С.Шәріпханов. Сонымен қатар министр Қарағанды облысынан келген өрт сөндіру машинасының Каштак ауылында жанып кетуіне байланысты да түсінік берді. Айтуынша, қатты түтіннің салдарынан көлік жүргізушісіне алдыңғы жақты көру мүмкін болмай қалып, ағашқа соғылған. Артқа шегінбекші болғанда көлік от алмай қалған. Сол себепті жеке құрам өрт сөндіру техникасын тастап кетуге мәжбүр болған.
Ауа райына болжам жасаған «Қазгидрометтің» мәліметінше, бүгін Абай облысы бойынша жауын-шашын түспейді. «Солтүстік-батыс, солтүстік бағытындағы 9-14 м/с-пен соққан жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді деп күтілуде. Ауа температурасы түнде – 12-17 0С, күндіз 27-32 0С-қа шейін көтеріледі», деп хабарлайды «Қазгидромет» болжаушылары.
Жедел штабтағы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Александр Чистяковтың айтуынша, орман өртін күндіз ауыздықтау үшін өрт сөндіру машиналарының кіруіне қиындық бар. Сол себептен де әуеден тікұшақпен су төгу жұмыстарын тоқтатпау қажет. Тек кешкісін өрт қызуы баяулағанда барып, машиналар мен жеке құрам жұмылдырылады. «Елді мекендерді түтін басу жайы бар. Бірақ өрттен қауіп төніп тұрған жоқ» деді А.Чистяков.
Қазір Каштак орман шаруашылығының 75. 77 137.139 кварталында өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
«Бәрі де өз ісіне берілгендер еді»
Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланған 12 маусымда бородулихалықтар 14 орман өрті құрбандарының бірі, Успенское орман шаруашылығында қызмет атқарған Саят Нұржігітовті соңғы сапарға шығарып салды. Марқұмның жаназасы туыс ағасы тұратын Бородулиха ауылында өтті. Қайғылы қазаға оның туыстарымен бірге әріптестері, ауылдастары келді.
– Бұл қаза бәрімізге өте ауыр соқты. Саят өз жұмысына берілген мықты маман еді. 50 жастан енді асқанда айырылып қалдық. Артында жары, екі баласы, әкесі қалды. Ол бүкіл өмірін осы орман шаруашылығына арнаған азамат болатын. «Семей орманы» шаруашылығында қызмет атқарып жүріп жанын қиғандардың қай-қайсысы да өз ісіне берілген жандар еді. Бұл оқиға орманшылардың бастан өткеріп жүрген қиыншылықтарын, жалпы жағдайларын ашып берді деп ойлаймын. Техникалары ескірген, рацияның тапшы екенін бұған дейін де тиісті орындарға талай мәрте ескерткенбіз. Үкімет енді назар аударып, олардың әлеуметтік жағдайын оңалтуға, 100 мың теңгеден аспайтын жалақыларын көтеруге тиіс деп ойлаймын, дейді «Семей орманы» резерваты кәсіподақ ұйымының басшысы Гүлсара Баймағамбетова.
Айтпақшы, Бесқарағай ауданында орналасқан Долон орман шаруашылығынан Каштак ауылындағы өртті сөндіруге 9 маусымда аттанған Сергей Архиповтан әлі күнге хабар жоқ. Оның аты жоғалғандар тізімінде бірден аталмай, тек неге 12 маусымда ғана белгілі болғаны түсініксіз. Егер туыстары іздеп алаңдамағанда бұл ашылмай қалуы да мүмкін бе еді, кім білсін?..
– Ол менің күйеуімнің ағасы. өткен аптаның жұма күні өртті өшіруге аттанып, сол күйі хабарсыз кетті. Кеше таңертең оның Бородулиха ауданындағы өрттердің бірінде жүргенін біреудің көріп қалғанын естідік. Бірақ өзімен мүлдем байланысқа шыға алмай отырмыз, дейді Әсемгүл Архипова.
Орман өртін сөндіруге тракторымен шыққан С.Архиповтың жоғалып кеткені туралы хабар алдымен әлеуметтік желіде тараған болатын. Алайда құзырлы орындар ресми растауға асығар емес.
Еріктілердің үздіксіз көмегі
Қазір күрделі жағдай сипат алған Бородулиха ауданының тұрғындарына да еріктілер барынша көмектесіп жатыр. Успенское ауылына барғанымызда сондай еріктінің бірі Ақниет Алмасқызын әңгімеге тарттық.
– Біздің Успенское ауылында жүргенімізге екі күн болды. «Қазақстан альянсы» студенттік жастар ұйымының Семейдегі мүшелері ретінде келдік. Кеше Озерка ауылына барып, апарған азық-түлікті штабқа өткіздік. Кешкісін Бородулиха ауылындағы Мәдениет үйінде орналасқан тұрғындармен кездесіп, азық-түлік, тағы да басқа қажетті заттарымызды табыстадық. Сол жерде тамақ істеп беріп, енді, міне, таңертеңнен осындамыз. Жалпы, еріктілік көмекпен біз үнемі айналысамыз, дейді «Қазақстан альянсы» студенттік жастар ұйымының мүшесі А.Алмасқызы.
Абай облысы