Солтүстік Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталғандығы туралы облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бастығы Мейрам Меңдібаев журналистерге берген брифингте хабардар етті.
Облыс жыл сайын елімізде жиналған барлық астықтың кем дегенде 20 пайызын береді. Сондықтан өңіріміз астықтың негізгі қамбаларының бірі деген атқа лайық. М.Меңдібаев барлық агротехникалық шара қолданылса, биыл да астық орта деңгейде болар деген үміт білдірді. Үкімет биыл диқандарға 63,1 млрд теңге субсидия қарастырған, соның 19,6 млрд теңгесі егін өсірушілерге арналған.
Биылғы мамыр егіншілерге аса жайлы болған жоқ, қатты ызғырық жел соғып, үнемі суық ауа тұрды. Ал мамыр айының аяғында ғана күн бірден ысып кетті. Осындай ауа райының ауыспалы күйіне қарамастан, облыс диқандары барлық өнімді жерге сіңіріп үлгерді. Алайда маусым басталғалы ыстық диқан қауымын тағы да тығырыққа тіреді. Синоптиктер оны Ираннан келген ыстық ауа ағысының кесірі десті. Көптеген ауыл Алладан жаңбыр тілеп, әлі де тасаттық беріп жатыр.
М.Меңдібаевтың айтуына қарағанда, биыл барлығы 4,5 млн гектар жерге дән себілген. Соның ішінде астық – 3,2 млн га, майлы дақылдар – 960 мың га, жемазық – 353 мың га, картоп – 34,1 мың га, көкөніс 6,2 мың га жерге егілді. Бұл былтырғы көрсеткішпен шамалас деуге болады. Дегенмен бұрын жай жатқан 90 мың гектар жер биыл қосымша айналысқа енгізілді.
Егіс даласын әртараптандырып отырудың маңызын ғылым да дәлелдеп, тәжірибе де көрсеткен. Сол мақсатпен биыл да 100 мың гектар жерге жасымық, 130 мың гектар жерге күнбағыс, 13 мың гектар жерге бұршақ егілді. Бұлар 2022 жылға қарағанда біршама көп. Мысалы, былтыр жасымық тек 66 мың, күнбағыс – 119 мың, бұршақ 8,7 мың гектар жерге ғана егілген.
Астық шығымдылығының жоғары болуының бір шарты – минералды тыңайтқыштарды уақтылы, барынша мол себу. Осы көрсеткіштен Солтүстік Қазақстан кейінгі жылдарда республикада алдыңғы орында. Биыл да 195,5 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге келісімшарт жасалған. Соның 180 мың тоннасының ақысы төленген, әзірге 170 мың тоннасы жеткізіліп, 120 мың тоннасы топыраққа себілді. Бұл барлық көлемнің 84,7%-ы. Алайда 2023 жылдың жоспары 200 мың тонна болатын, оның сәл кемігені көрініп тұр.
Диқанның мазасын кетіретін ең басты шаруа – арамшөп пен ауру тудырғыш зиянкестерге қарсы себілетін химикаттарды уақтылы жеткізу. Бұл іс әзірге кешеуілдеп тұр. Ол бар болғаны 197,8 мың гектарға ғана себілген.
М.Меңдібаев биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 15 мың техника бірлігі тартылғанын айтты. Олар дала жұмыстарын атқаруға емін-еркін жеткен. Техниканың аздығынан немесе жарамсыздығынан жұмыстың ақсап қалған жері жоқ. Осы техникалардың ішінде 1095 данасы биыл ғана 21 млрд теңгеге үкіметтің көмегімен сатып алынған.
Биыл арнаулы қаржы институттары көктемгі дала жұмыстары және орақ науқанына 43,9 млрд теңге қарастырған.
Үкіметтің арнайы қаулысымен көктемгі егіс жұмыстарына бағасы төмендетілген 73,6 мың тонна дизельді отын босатылды. Оның зауыттан шығарылған әрбір литрі 187 теңге болса, шаруашылықтарға 224 теңгеден сатылды.
Осылайша, облыс бойынша елдің ең басты байлығын егу жұмыстары маусымда сәтті аяқталды.
Солтүстік Қазақстан облысы