• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2023

Қос ауданның қуанышы

270 рет
көрсетілді

Қымбатшылық шарықтап тұрған тұста ат шаптырым ауыл арасына жету қарапайым халықтың қалтасына кәдімгідей салмақ салары айтпаса да түсінікті. Әсіресе, Алатауды бауырлай жатқан Есік пен Талғар қалаларының арасына қатынасудың қиындығын жергілікті тұрғындар соңғы жылдары айқын сезінді. Себебі екі араға жүретін қоғамдық көлік қатынасы пандемия кезінде үзіліп, жолаушылар тек таксимен жүруге мәжбүр болған. Оның да құны көтеріліп, кемінде бір бағытқа жету бағасы 300-400 теңгеге дейін шарықтап кеткен еді.

Осындай қиындықтың күр­меуін тарқатуда Талғар ауданын­­дағы «Тұлпар Экспресс-А» жа­уапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі мен Еңбек­ші­қазақ аудандық тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ортақ келісім негізінде іргелес екі ауданның орталығына қатынайтын қоғамдық көлікті жолға шығарды.

Бұл мәселе аудан тұрғындары тарапынан сан мәрте көтеріліп келді. Сол себепті, қоғамдық көліктің тапшылығын жойып, тиімділігін арттыру мақсатында апта басынан бері қарай 18 орынды 6 автобус Есік – Талғар – Есік бағыттары бойынша жолға шықты. Қоғамдық көліктер таңғы 6:10-нан бастап, кешкі сағат 20:10-ға дейін әр 20 минут аралығында кестеге сай қызмет көрсететін болады. Жолақысы – 80 теңге. Осы күні автобус аялдамалары нақтыланып, арнайы белгілер қойылып жатыр.  Халық саны артып, соған сай қатынас көлемі ұлғайып тұрған Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарының тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесі осылайша оңтайланып келеді.

«Жолаушыларға заман талабына сай қызмет көрсету, жолақысын төлеуге ыңғайлы электрондық төлем түрлерін енгізуде бірқатар жұмыс атқарылды. Сапа мен үнем­ге бағытталған «AlemPay» электрондық жүйесі іске қосыл­ды. Бұл – Алматы облысы бо­йынша тұңғыш жүзеге асқан жоба. Тасымалдау қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, салық түсімдерін ұлғайту, қоғамдық көлік сервисінің сапасын жақсартып, автобус бағыт­тарының табыстылығын тал­дау, маршруттық желіні жос­парлауды мақсат еткен жобаның тиімділігі артып келеді. Талғар қаласы бойынша күніге жеті мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетіледі. Облыста алғашқылардың бірі болып, субсидияға қол жеткіздік. Соның арқасында жолаушы тасымалы жанданып жатыр. Өткен жылы 4 айға облыстық бюджеттен 100 млн теңге субсидия бөлініп, игерілді. Биылғы жылға бұл бағытқа 564 млн теңге бөлініп отыр. Қоғамдық көліктер қаламен қатар, шалғай­дағы Туғанбай, Нұра, Орман ауылдарын да қамтыды», деді «Тұлпар-Экспресс-А» ком­паниясының иесі, Талғар аудандық мәслихатының депутаты Бауыржан Әукенов. Енді міне, Есік пен Талғар арасына өз қаржысына қоғамдық көліктерді жүргізе бастады.

Есік қаласы тұрғындары­ның ендігі тілегі – қалаішілік маршруттардың қайта қалпына келіп, іске қосылуы. Аталған компания басшылығы бұл талап-тілектерді де аяқсыз қалдырмауға уәде беріп отыр.

 

Алматы облысы