• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Халық 13 Маусым, 2023

«Барады ауылым көшіп Қызылжарға...»

717 рет
көрсетілді

Қазақ халқы осынау ұлан-ғайыр атырапты иеленіп қалуы және осынша кең-байтақ жерде шашыраңқы қоныстанса да, тілі мен діні, салты мен санасы біртұтас болуының бір сыры көші-қонда жатса керек-ті. Жерді де осы көшпен қорғап қалған тәрізді. Бірақ бұл үрдіс әлі де үзілген жоқ.

Оның бір мысалы, қазіргі ішкі-сыртқы көші-қонды айтуға болатын шығар. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің отырысында ішкі-сыртқы көші-қонға баса көңіл бөлу қажеттігін айтып, Үкіметке еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақы көлемін 70 АЕК-ке көбейтуді тапсырған еді.

Қаратаудың бауырынан көш келеді. Бұл – «Барады ауылым көшіп Қызылжарға...» деп ән­детіп шыққан сән-салтанатты салқар көш. Бағыты – күнгейден теріскейге. «Көш байсалды болсын!» деп тіледік. Сонымен бұл көш-керуеннің жез бұйдасын жетектегендердің бірі Бурахан Дақанов деген азамат екен. Тура мағынасында көшті бастаған, қоғам белсендісі. Есім-сойының өзі көшке бейім, қаңтарда жараған бурадай  жігерленіп тұр. Осынау үш-төрт жылдың бедерінде бұл азамат Талдықорғаннан Қызылжарға қоныс аударып, өзі орын тепкен соң: «Солтүстік өңір бос жатыр, жерді иен тастамайық, иеленейік» деп ұран тастаған еді. Әу бас­та көбіміз сенбеген секілдіміз. Алайда азамат алған бетінен қайтпады, былтыр нартәукел деп «Tauekel» қоғамдық ұйымын құрды. Ұраны «Солтүстік – бізге аманат!» Сөйтіп, ол мұның бәрі жай ғана ұран емес екенін көрсетті. Міне, нақты жұмысқа білекті сыбанып кірісіп кетті.

 

Оңтүстіктегі кездесу

Бурахан Дақановтың айтуынша, Түркістан өңірі – солтүстікке нағыз қазақи донор. Ол ақпарат беттерінде Түркістан облысына «Теріскейге көш» мәселесімен баратынын сүйіншілей хабарлаған еді.

– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында әкімдікпен бірлесіп, аудан-ауылдарды аралауды, кездесулерді бастаймыз. Адам саны 2,2 миллионнан асып, жылына кем дегенде 60 мыңнан астам сәби дүниеге келетін өсімтал өңір – солтүстікке нағыз «адами һәм қазақи» инвестор болмақ. Сол себепті бұл сапарда барымызды салып, қолдан келгенше көшуге ниетті адамдарды көптеп тартуымыз қажет. Дегенмен бұл алғашқы сапар – жер шолу, бажайлау мақсатында. Сол себепті қалай, қашан және кімді, қайда көшіру керек екенін өз көзіммен көріп, тәжірибе жинап қайтқымыз келеді. Қысқасы, облыс, аудан мәслихаты депутаттарымен, Түркістанның белді кәсіпкерлерімен жолығып, теріскейге көштің мәнін, маңыздылығын жеткізуге тырысамыз,  деген еді.

Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша үй кезегінде 75 мың адам, жеке үй салуға жер телімін сұрап тізімде тұрғандар 410 мыңнан асқан. Демек, түсіндіру жұмысын мықтап қолға алса мына санның кем дегенде 10 пайызын солтүстікке қоныстандыруға әбден болады. Оның үстіне, биыл солтүстік өңірлерге көшетіндерге үшін 6 700 квота бөлінген.

Бураханның сөзінің жаны бар. Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында, былтыр қоныс аударғандардың ішінде 3 652 еңбекке жарамды адамның 2 811-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Біржолғы субсидия бойынша 7 622 қатысушыға берілсе, ал 5 633 азаматқа тұрғын үй шығындары бойынша субсидия берілген екен.

– Шетелден көшіп келетін қандастар мен ішкі қоныс аударушыларды қабыл­даудың 2023 жылға арналған өңір­лік квотасы 8 652 адамға жоспарлан­ған. Оның 1,9 мыңы қандастар үшін ал 6,7 мыңы – ішкі қоныс аударушыларға бағытталған. Министрліктің 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясаты­ның тұжырымдамасы қабылданды, оны іске асыру үшін жұмыс орындары құрылатын және қолданыстағы бизнес-жобалар кеңейтілетін солтүстік өңірлерге ішкі қоныс аудару тетігін қайта қарайды. Сонымен бірге тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің өкілдері.

Бұған қоса, Солтүстік Қазақстан облысы – жұмыс күші тапшы өңірлер қатарында. Сол себепті оңтүстік халқы бұл аймаққа мемлекеттің «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қоныс аудара алады. Осыған орай Түркістан облысына «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Әлфараби Мыңбай, ішкі көші-қон мәселесімен айналысатын «Tauekel» қоғамдық ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов, Ақжар ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Бауыржан Баржанов арнайы барып, жиын өткізді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың нұсқауымен, әлгі арнайы барған азаматтар оңтүстіктегі ауыл-ауылды аралап, тұрғындарымен бейресми кездесу өткізіп, аталған бағ­дарламаның тиімділігін түсіндірген. Тек ақпараттандырып қана қоймай, теріскейдің тұрғыны ретінде көшуге ниетті азаматтардан жауапты өкілдердің тобын жасақтайды.

– «Tauekel» қоғамдық ұйымы – бүгінде солтүстікке көшіп келген аза­маттарға қолдау көрсету мақсатында ашылған ел көлеміндегі жалғыз ұйым. Қазір осы бастаманы насихаттауға күш жұмсап жатырмыз. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірдің тұрғын­дарын қоныстандыруға үндеу тастап, жергі­лікті және орталық деңгейінде мәселе көтеріп, жұмыстарды ұйымдастыру­­ға атсалысудамыз. Шындығына келсек, солтүстіктегі ауылдардың тағ­дыры оңтүстіктегі елге байланысты. Өйткені 300-400 орынға шақталып салынған кей­бір мектептердегі бала саны 10-ға да жетпейді. Бұл – бір ғана мысал. Біз­ге медицина, білім, кәсіпкерлік, өнер­кәсіп, ауыл шаруашылығы салалары­мен айналысатын мамандар ауадай қажет. Қолынан іс келетін әрбір тұр­ғынды қуана қарсы аламыз. Біздің аймақта жер проблемасы жоқ. Мемлекет бекіткен көмектен басқа да қолдауларды көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы, азаматтар нақты кәсіп таңдап, бәсекелестікті арттыруға ынталы болса жеткілікті. Олардың қоныс аударғаны ел-жер үшін маңызды,  дейді Бурахан Дақанов.

Жергілікті тұрғындармен өткен жиынға Түркістан облыстық мәслихаты­ның депутаты әрі осы бағытты насихаттаушы Жаңабай Ағабеков, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасы басшының орынбасары Нұржан Нұрашов қатысты. Депутат көшуге ниетті тұрғындар Солтүстік Қазақстан облысындағы аудандармен танысуы үшін автобус қарастырып, жол шығы­нына демеушілік жасайтынын жеткізді. Өйткені ол біраз жыл бұрын бұл игі істі қолға алып, көшке өз үлесін қосып жүрген азамат болатын.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданында ішкі және сыртқы көші-қонды қалыптастыратын орталықтар ашу жос­парланған. Онда мамандар халыққа кеңес беріп, заңдылығын түсіндіріп, тәртібін үйретіп, бағдарламаларды таныс­тырады. Бұл орталықтың ерек­шелігі – тек көші-қон саласымен ғана айналыспақ ниетте.

Айта кетейік, делегацияның 5 күнге жоспарланған жұмыс сапары Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам және Ордабасы аудандарында жалғасқан.

 

Солтүстікті бетке алды

Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданының кіреберісіне жеткен автобустың алдынан теріскейлік ағайындар мен жергілікті әкімдік өкіл­дері салтанатты түрде шашу шашып, ыстық ықыласымен күтіп алды.

–  50 шақты адамнан құралған (әрқайсысы бір әулетті, ауылды жауаптанған өкілдер) топ жер шолушыларды бастап, екі күн жол жүріп Қызылжарға жеттік. Өкілдер 5 топқа бөлініп, Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданын өз көзімен көріп, фото-видеоға түсіріп алады. Бұл қоныс аударудың ел үшін маңызы өте зор. Ең бірінші елдің ұлттық қауіпсіздігі бар, жалпы жан-жақты ауқымды мәселе. Бұл бастаманы жергілікті әкімдік те қолдап, қуат­тап отырғаны байқалды, дейді қоғам белсендісі Қайрат Кәрібаев.

«Tauekel» қоғамдық ұйымының басшысы Бурахан Дақановтың айтуынша, осы уақытқа дейін солтүстікке Түркі­станнан 12 мың адам қоныс аударған.  Бұл жолғы жер көруге барған­дар олармен де кездесіп, теріскейдің тыныс-тір­ші­лігімен танысқан.

Қонақтарды қарсы алған Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сатжан Аблалиев өңірде не бар, не жоғын аз сөзге сыйғызып жақсы таныс­тырып өтті.

– Солтүстікке келген ағайынды үлде мен бүлдеге орай қоямыз деуге болмайды. Бұл жаққа өздеріңіз еңбек етіп, жағдайды жақсарту үшін келулеріңіз керек. Қазір өзімізде 13 мыңнан астам жұмыссыз адам бар екен. Оның үстіне 14 мың болып қосылудың керегі жоқ. Керісінше, сіздер жұмыс орындарын ашып, оларды да, өздеріңізді де жұмыс­ты болғызсаңыздар құба-құп. Ал оған біздің өңірде мүмкіндік мол. Қазір облыста 4 мыңнан астам вакансия бос тұр. Бізде бір қызығы, жұмыссыздар да, бос жұмыс орындары да бар, деп ағынан жарылды облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар жер шолуға барған азаматтардың да пікірін сұрап көрдік. Мәселен, Олжас Әбдәлимовтің бұл сапарға айтар алғысы мол.

– Мен Түркістан облысы, Төлеби ауданы Леңгір қаласының тұрғыны­мын. Бұл жақта бұрын келіп қоныстан­ған жерлестерімізбен кездестік. Ондағы халықтың тыныс-тіршілігін өз көзіміз­бен көріп, қоныстануға қолайлы жер шолып қайттық. Солтүстіктен әзірге ешқандай қиындық байқамадық. Көп­теген салаға маман тапшы екенін, мектептерге балалардың қажет екенін көрдік. Келген 50 адамның барлығы да көшіп келуге ниетті. Жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарының қызмет­керлері де бізге көмек­тесіп бақты. Жұрттың ылғи айтып жүре­тін климат мәселесі туралы да сұрап, білдік. Оның да анау айтқандай қиын ештеңесі жоқ тәрізді. Адам кез кел­ген нәрсеге бейімделгіш қой. Тіпті біз түгі­лі алыс шетелден де ағайындар көшіп келіп, қоныстанып жатыр. Елден елге көш­­­кеннен қарағанда, біз елдің ішін­де­міз. Сөз соңында Түркістан халқын теріс­­кейді әуелі өз көзімен келіп көруге ш­ақы­­рамыз. Сонымен қатар, осынау игі істің бас­тамашысы болып жүрген Бура­хан Дақанов пен  Жаңабай Ағабеков се­кіл­­ді азаматтарға алғыс айтамыз,  дейді ол.

 

Шешуші сәт

Осылайша, 2015-2022 жылдар аралы­ғында Түркістан облысынан еліміз­дің жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңір­лерге 11 892  адам қоныс аударған болса, енді оның қарқыны күшеймек.

Сонымен сапарға шыққан 52 азамат­тың 16-сы бірден құжаттарын өткізіп, квота алуға сұраныс беріп үлгерген. Нақты шешім қабылдап, өзінің көшетін орнын таңдап алғандар қуаныштарын жасырмады. Соның бірі – Мұхамеджан Алдияров.

– Мен Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында болып, Дәуіт, Ақжарқын, Қарашілік, Талшық деген төрт ауылды араладым. Оның орталығы (тірек ауыл) Талшық екен. Мен Қарашілік ауылын таңдадым. Маған ол ауылдың ең бірінші ұйымшыл халқы ұнады. Құжаттарымды тапсырып, квотаға өтініш жазып кеттім. Бұйырса, алдағы бір ай ішінде көшіп келмекпін,  дейді ол.

Сондай-ақ саурандық Әділ­хан Жұма­дулла Шал ақын ауданы Еңбек ауылын таңдапты. Оның айтуынша, Ең­бек ауылы – еңбек етуге қолайлы, тұр­ғын үй­дің бағасы қолжетімді екен. Ауыл­дың әлеу­меттік жағдайы да көңілінен шыққан көрінеді.