Абай облысындағы алапат өрт кезінде болған адам шығынына байланысты еңбек қауіпсіздігінің бұзылу себептерін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қадағалайды.
Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері арнайы Үкіметтік комиссия құрамында Абай облысына барды. Құзырлы мекеменің қызметкерлері «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында болған алапат өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтау үшін тергеу жүргізеді. Сондай-ақ ведомство өкілдері зардап шеккендердің отбасыларына қажетті әлеуметтік көмек көрсету көлемін анықтайды.
– Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында өрт салдарынан болған жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайын тергеу үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына төрағаның орынбасары болып Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – мемлекеттік бас еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың, облыс әкімдігінің, жұмыс берушілердің және жұмыскерлер кәсіподағының өкілдері енгізілді, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұған қоса арнайы комиссия келтірілген залалдың көлемін белгілеп, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезектегі көмек көрсету жөнінде іс-шаралар қабылдайтын болады. Арнайы құрылған Үкіметтік комиссия жұмысты 10 жұмыс күні ішінде аяқтайды.