Абай облысындағы алапат өрттің ауыздықталмауы облыс орталығы – Семей қаласының тұрғындарын да алаңдата бастады. Өйткені тілсіз жау қала маңындағы Озерки ауылдық округіне қарасты Каштак, Талица елді мекендерінің төңірегіндегі орманды алқаптарға дейін жайылды. Жанған ағаштардың түтіні барған сайын қоюланып, көкті тұмшалағаны соншалық, алыстан да анық көріне бастады. Полиция аталған елді мекендердің бағытындағы жолға тосқауыл қойып, бет алған көліктерді кері қайтару үстінде. Өрттің өршуіне аптап ыстық пен күшейген желдің де әсері болып тұр.
Ал кеше тұрғындары көшірілген Каштак, Талица және Тепкаши ауылдарына Семейдегі 5 511 әскери бөлімінің 100-ге жуық сарбазы мен 8 техника аттанғанынан хабардар еткенбіз.
Әскерилер иен қалған ауылдардың үйін, дүние-мүлкін тонатуға жол бермеу мақсатында кіргізілген еді. Сонымен қатар ауылда қалған кейбір тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіруге және зардап шеккендерге қол ұшын бермек.
Ел алаңдап отыр
Жақында ғана Семейде ашылған халықаралық жыршы-термешілер одағы Абай облыстық филиалының директоры Дәулет Сметов бастаған азаматтар Талица ауылына бармақ болғанымен, полиция оларды қауіпті аймаққа өткізген жоқ. Себебі түсінікті де. Бірақ оның жол үстінде әлеуметтік желіге салған видеосынан өрттің күрделі сипат ала бастағаны анық көрінеді.
– Халықаралық ақын, жыршы, термешілер одағының Абай облыстық филиалының жігіттері болып жағдайды өз көзімізбен көріп, көмектесуге ниет еткен едік. Жолға шыққанымызбен, Талицаға таяғаннан полицияның барлық көліктерді қатаң түрде кері қайтарып жатқанын байқадық. Түтіннің де қоюланып кеткен көрінісі қауіптің күшейгенін көрсететіндей. Түнде кезекшілікте болған өрт сөндірушілерден жағдайды сұрастырдық. Қалың өрт болып жатқан сол маңдағы жерге өрт сөндіру техникасы мүлдем маңайлай алмайтын көрінеді. Түтіннің қарақошқылданып қоюлануы шайырлы қарағайға от түссе, солай үрейлі көрінеді екен. Өз ойымша қосымша күштер шақырудың тағы бір түрін ойластырмаса, мына өрттің басылар түрі жоқ, – дейді Дәулет Сметов.
Расында да, Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан тиісті қадамдар жасалып жатқаны сәт сайын хабарланып жатқанымен, халықтың алаңдауы орынды.
Қаза тапқандардың отбасына көмек
Ал кешегі Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қазіргі ахуалды баяндағанда, өртті өшіруге 1 788 адам, 15 тікұшақ, 345 техника тартылғанын мәлімдеді. Техникаларға қажетті 70 тонна жанармайдың 50 тоннасы «Kaz Minerals» компаниясының есебінен бөлінсе, 20 тоннасын облыстық әкімдік тарапынан жіберілген.
Қазіргі уақытта апат салдарынан 3 үй өртеніп, 2 техника жанып кеткені белгілі болып отыр. Ыс тиіп уланған 2 орманшының денсаулығы оңалып келеді.
Үкімет басшысы оқиғаға байланысты 10 күннің ішінде қорытынды жасауға тапсырма берді. Сонымен қатар қаза тапқан 14 орманшының отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетінін айтты. 40-тан астам отандық жоғары оқу орны өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын бөлінбек. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделіп отыр.
Көшірілгендердің ахуалы қандай?
Осы сауалға жауап іздеп Семей құрылыс колледжінің жатақханасына барған едік. Мұнда негізінен Бұлақ ауылының тұрғындары орналастырылған болып шықты.
– Мынандай алапат өртті алғаш көруіміз. Өзімізге қатты қауіп төнбесе де, үсті-басымызға түтін сіңіп қалыпты. 11-і күні бізді көшірді. Негізі кеткіміз келмеген. Бірақ төтенше жағдайға байланысты ауылдан бәрімізді әкетуге бұйрық келгенін ұқтық. Қазір мұнда жағдай жаман емес. Барлығымызға жеткілікті көңіл бөлініп жатыр. Балалардың да уақытын дұрыс өткізу жайы жақсы ойластырылған. Үш-төрт мезгіл тамағы да, көпбалалы отбасыларға қажетті киім-кешегі де еріктілер тарапынан да, әкімдіктің ұйымдастыруымен де үздіксіз келіп жатыр. Тек аман-есен үйімізге қашан оралатынымыз ойлантады. Өртті сөндіру де оңай болмай жатқанын естіп жатырмыз. Отырған орнын тастап, шарасыз күйде келу кімге жайлы тисін? Әйтеуір, ел-жұрттың амандығын тілейміз, – дейді Бұлақ ауылының тұрғыны Қазез Төлеуғазин.
Бес перзенті бар Қанат Түнқатаров та осында орналасқан. Айтуынша, қала іргесіндегі кен орындарының бірінде ауысымдық жұмыста.
– Әр айдың он алтысы күні ауысымға кетемін. Бұл жолғы жұмысқа кетуім осындай жағдайға тап келеді деп кім ойлаған? Жеке көлігіммен келген едім. Ауылда талай жоспарлы істерім тоқтап қалды. Өрттің жайы қаншама шаңырақты қара жамылдырып, көптеген үйдің тұрғындарын бас сауғалатып бостырып жіберді. Мен соған күйінемін. Әрине, мұндайда қиындыққа тап болғандарға көмек көрсетілуі, қажеттіліктермен қамтамасыз етілуі заңдылық. Ал мұндай апаттар бір емес, неше рет қайталанып жатыр ғой, – дейді ол.
Семей құрылыс колледжі директорының орынбасары Арай Нұрғожанованың айтуынша, мұнда Бұлақ ауылының 115 адамы орналастырылған. Жататын орындарына барлық жағдай жасалған. Тәулігіне бес рет тамақ беріледі. «Азық-түлік қоры толығымен жеткілікті. Ас мәзірі әр күні әртүрлі дайындалады. Киім-кешектер де толықтай таратылып берілді. Оқуға тапсырып жатқан балалары болса, олардың ноутбукпен алаңсыз дайындалуын да қамтамасыз етеміз. Жалпы, мұндай істерді барлық мекемелер, білім басқармасы, облыстық әкімдік барынша бірлесе атқарып жатырмыз. Әсіресе балалардың бос уақытын тиімді, қызықты өткізуіне күнделікті көңіл бөлеміз», дейді Арай Серікжанқызы.