Ауылда тұратын жас ұрпақтың өнерге бет бұрғаны қуантады. Жақында Атыраудың өнерпаз оқушылары Ташкент қаласында өткен халықаралық «Zhuldyz art Kazakhstan» байқауынан бас жүлдемен оралды. Бұл байқауға 800-ден астам оқушы қатысып, өнер көрсеткен.
Мәселен, Махамбет ауданындағы Алға ауылында мектеп оқушыларынан құралған «Әлқисса» ансамблі бар. Бұл ансамбльдің жас домбырашылары «Балдырған» және «Ақжелең» топтарына бөлінген. Жақында екі топтың балғын өнерпаздары аталған байқаудың бас жүлдесін иеленді. Ал жеке орындауда Аруна Нысанбай Д.Нұрпейісованың «Науысқы», Алмат Өтеу Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Орынбай Түгел А.Еңсеповтің «Шашу», Мадияр Жанғабыл Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін орындап, бірінші орынды иеленді.
– «Әлқисса» балалардың халықаралық байқауында алғаш рет өнер көрсетті. Бұрын елімізде өткен түрлі конкурстан бірнеше рет жүлде алған еді, – дейді үйірме жетекшісі Алмагүл Ермекова.
Оның айтуынша, «Әлқисса» домбырашылар үйірмесі үш жыл бұрын ашылған. Қазір үйірмеге 8-15 жас аралығындағы 65 бала қатысып жүр.
Дәл осы байқауға Мақат ауданындағы Р.Ғабдиев атындағы өнер мектебінің «Гауһартас» және «Айханша» би топтары да қатысып, бас жүлдеге ие болды. Би топтарының жетекшісі Нұргүл Еркінқызының айтуынша, кішкентай бишілер «Молдавия қыздары» және «Балдәурен» биін орындаған.
Атырау облысы