• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 14 Маусым, 2023

Абай облысындағы өрт 1-2 күнде сөндірілуі мүмкін

326 рет
көрсетілді

Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов Абай облысындағы өрт бүгін-ертең толық өшірілуі мүмкін екенін айтты. Қазіргі уақытта өрттің негізгі ошақтары толық бақылауға алынған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Qazaqstan» ұлттық арнасы хабарлағандай, Абай облысындағы орман өртін сөндіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бірақ түнгі уақытта соғатын екпінді жел әлі де кедергі болып тұр.

Үш бағыттағы өрт ошақтарының ең негізгісі Шүлбі станциясының маңайында орналасқан. Өрт сөндірушілердің басым бөлігі сол жерге жұмылдырылып, Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен әскерилер жалынның Шүлбіге дейін жетуіне тосқауыл қойды.

Одан бөлек Қаштақ және Жерновка ауылдарының жанындағы ошақтарға да негізгі күштердің басым бөлігі жұмылдырылған.

«Ыстық нүктелердің барлығына қажетті құралдармен жабдықталған әскерилер, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жіберілді. Енді қатты жел көтеріліп кетпесе өртті 1-2 күнде толық сөндіреміз деп жағымды болжам жасап отырмыз», деді Нұрболат Дербісов.

Әйтсе де бұл өрт сөндіру жұмыстары 1-2 күнде толық аяқталатынын білдірмейді. Себебі орман ішіндегі топырақтың беткі қабатында шамамен 20 сантиметр тереңдікте сөнбеген шоқтар болуы мүмкін, олар толық сөндірілгенше тиісті жұмыстар тоқтамайтын көрінеді.