• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Маусым, 2023

Бір батырманың «былығы»

250 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желілердің ішіндегі ең үлкен платформалардың бірі Facebook екені белгілі. Оған әлемнің үштен бір бөлігі тіркелген. Компания бұған дейін желі қолданушыларының жеке деректерін таратқаны үшін сынға ұшыраған еді. Енді олар тәуелділік тудыратын байланыс құралдарын қолданды деп айыпталып жатыр. Facebook платформасында әкімші қызметін атқарған Сенди Прокилостың айтуынша, желінің бизнес жоспары – сіз бен біздің өміріміздегі ең құнды дүние – уақытымызды алу, артынша оны жарнама агенттіктеріне сату.

Инвестицияның жаңа дең­ге­­йіне өтіп, акцияның құнын кө­теру үшін қолданушылар желіде көп уақытын өткізуі керек. Көрсет­кіш­­тің барлығы осы критерийге бай­­ла­­нысты болғандықтан, оқыр­ман­дардың көңілінен шығу үшін бағ­дарламашыларға көптеген жаңа дүниелер ойлап табуға тура келеді. Демек, компанияның ең басты мақ­саты − желі қолданушыларының смартфонға деген тәуелділігін одан әрі арттыру. Мәселен, біз аса мән бермейтін «Like» батырмасы әлеу­меттік желінің символына айнал­ға­лы қашан. Осы батырманы ойлап тап­қандардың бірі – Лия Пёрлман. Маманның сөзіне сенсек, желіні әзір­легендер «Facebook»-ті тәуелділік ту­­дырмай, көпшілікке ыңғайлы платформа ретінде жасағысы келген. Алай­да уақыт өте келе Лия «Like» ба­­тырмасының адамның өзін өзі бағалауына әсер ететінін байқаған. Осылайша, қа­рапайым батырмаға деген қарым-қатынас та өзгере бастады. Мысалы, желіге жүктеп салған суреттің «Like» батырмасын аз жинауы адамның кө­ңіл күйін түсіреді. Осылайша, Лия оқыр­мандардың «Like» батырмасына тәуелді бола түскенін сезген. Содан ке­йін біреудің пікіріне деген тәуелділік артқан. Мұның ар­ты жақсылыққа апармайтынын біл­гендіктен, маман қазір осыған қарсы күрес жүргізіп жатыр.

Ал сіз телефоныңызға келетін ха­бар­ламаның неліктен қызыл түсті бо­ла­тынын білесіз бе? Себебі қанық түс адамдардың назарын бірден өзіне аудара алады. Қызыл түс басқа түстерге қарағанда ми қатпарларына бірден әсер етеді. Себебі ол миға маңызды ақпараттың келгенін хабарлайды. Бұл түсті көрген адам бірден әрекет етуге тырысады. Әлеуметтік желіде келетін хабарламалардың көбі осы қызыл түс­пен ерекшеленген.

Эйза Раскин – әлеуметтік желілер­дің пайда болуына, парақшалардың визуалды түрде әдемі көрінуіне атсалысқан дизайнер. Ол парақша бетінде ерекше функция ойлап тапқан. Бұрын фото, видеоны көргенде «Келесі» деген батырма алдымыздан шыға­тын. Лентаны оңға қарай жылжытып, фото мен видеоның біткеніне көзіңіз жететін. Ал қазір бұған біраз өзгеріс енгізілген. Әлеуметтік желіде «Келесі» батырмасы жоқ, оны астына қарай түсіріп жылжыта бересіз. Бірақ оның түбіне ешқашан жете алмайсыз. Лентаны жылжытқан сайын түрлі ақпараттар шығып, одан әрі адамның назарын өзіне аудара түседі. Ал сіз алтын уақытыңыздың қалай өтіп кеткенін аңғармай да қаласыз. Адамның миы болып жатқан үдерістің соңын көрмейінше тоқтаусыз жұмыс істей береді. Демек өнертапқыштар психологияның көмегімен осы тәжірибені қолданушыларға жасап көрген. Бұл өздері үшін сәтті шыққан дүние болса да, өзгелердің уақытын алатынын Эйза жақсы түсінеді. Сол себепті желінің алгоритіміне өзгеріс енгізгеніне қатты өкінетін көрінеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйен­­сек, жасөспірімдер күніне 90 рет­ смартфонға үңіледі екен. Олар үшін «Like» батырмасын көру, басу, қа­былдау қалыпты жағдай. Желі қолда­ну­шыларынан келген кері байланыс сіз бен бізге қуаныш сыйлайтыны да белгілі жайт. Оның басты себебі – дофамин гормонының бөлінуі.

Психологтердің айтуынша, мұн­дай тәуелділікті жеңу үшін мәселенің түп-тамырына үңілу керек. Неліктен көпшілікке шынайы өмірден гөрі виртуалды әлемдегі өмір ұнайды? Бұл сезім өзіне сенімсіз, томаға-тұйық адамдарға тән. Өйткені олар өздерін қабылдай алмайды. Сонымен қатар олар адамдармен жақын қарым-қаты­насқа түсуге жүрексінеді. Ал виртуалды әлемде адамдармен араласу оңай. Себебі адамнан рухани күш талап етілмейді, кез келген адаммен емін-еркін сөйлесіп, тіл табысуға болады.

Виртуалды қарым-қатынас адам­ның жанына еш жылулық сыйламайтынын ескерген жөн. Ал шынайы қарым-қатынас жанға жылулық һәм махаббат сыйлайды. Сондықтан ғаламторда өткізетін бос уақытты пайдалы нәрсеге жұмсау маңызды. Өзіңізге қызық бір ермек ойлап табу, спортпен айналысу, бір сөзбен айтқанда, айналаңыздағы адамдарға көңіл бөлу, олардың қандай қажеттіліктері мен қиындықтары барын білуге тырысу керек. Сонда шынайы өмір де толыққанды болады әрі оны виртуалды әлемге айырбастауға ешқандай қажеттілік тумайды.