Алматы облысының орталығы болып бекіген Қонаев қаласының бір жылдығына орай, өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Журналистермен жүздесуін Абай облысындағы орман өрті кезінде қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына, жақындарына облыс тұрғындарының атынан көңіл айтудан бастаған облыс әкімі Марат Елеусізұлы төтенше жағдайдан зардап шеккен өңірге облыс тарапынан көмек көрсету мақсатында 31 өрт сөндіруші мен 9 техника жіберілгенінен хабардар етті. Олар Талица ауылының аймағындағы өрттің таралуына жол бермей, азаматтардың мүлкін қорғау жұмыстарын атқарып жатыр.
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілгеннен кейінгі басты мақсат – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындап алу болған. Сондықтан бағдарламалық құжат ретінде 2025-2030 жылдарға дейінгі екі кезеңді қамтитын облыстың даму стратегиясы негізгі 5 бағыт бойынша: теңгерімді аумақтық даму; адами капиталдың сапасын арттыру; халыққа қолжетімді инфрақұрылым; халықтың табысын арттыру және тұрақты экономикалық өсу екенін атап өтті.
Алматы облысында өнеркәсіп өсімі 10,7 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі өңір экономикасын дамытудың локомотиві болып табылады. Бұл саладағы өсім 11,5 пайызды құрады. Жалпы, облыс экономикасының барлық негізгі саласында тұрақты өсім байқалады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді.
«2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша барлық салада тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Жалпы, өңірлік өнім 4 триллион 249 млрд теңгеге жетіп, 106,3 пайызға өсті, бұл республика бойынша үшінші орында. Биылғы жылдың төрт айында даму қарқыны сақталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,7 пайызға, сауда көлемі 20,7 пайызға, құрылыс жұмыстары 1,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 0,6 пайызға өсті», деді облыс әкімі.
Жалпы, Алматы облысы өзін агроөнеркәсіптік аймақ ретінде көрсетеді, онда өңдеуші сектор маңызды рөл атқарады, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қарқынға ие. Мәселен, облыстың жалпы өңірлік өнімінің үштен бірін өнеркәсіп өнімі құрайды. Экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібінің үлесі 90 пайызға немесе 503 миллиард теңгеге жетті. Өз кезегінде өңделген өнімдер экспорты 20%-ға өсіп, шамамен 600 млн АҚШ долларын құрады (2022 жылдың 11 айы).
Агроөнеркәсіп кешенінде құс және құс етін өндіру бойынша облыс көш бастап тұр, ал қой мен ешкі басы, жүгері, көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын және картоп өсіру бойынша республикада алғашқы үштікке кіреді.
«Дәстүрлі салалармен қатар біз жаңа бағыттарды зерттеуді көздеп отырмыз. Ең алдымен, экспортқа бағытталған жаңартылатын энергия көздері туралы айтқым келеді. Осы әлеуеттің арқасында Алматы облысы Қырғызстан, Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдеріндегі ірі энергетикалық хаб және серіктес бола алады», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Марат Елеусізұлының айтуынша, өңірде тағы екі перспективалы сала – тау-кен металлургия өнеркәсібі мен балық шаруашылығын дамыту жоспарланып отыр.
Аталған өңір пайдалы қазбаларға бай. Көмір, мыс, алтын, уран және басқа да полиметаллдардың қоры зерттелді. Алғаш рет Ғылым академиясының Тау-кен институтының көмегімен Алматы облысының тау-кен металлургия кешенін дамыту бағдарламасы әзірленгенін атады.
Алматы облысында ауыз су тарту жобаларына 27 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Облыс басшылығының басты міндеттерінің бірі – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету.
Облыс әкімінің айтуынша, қазір халықты ауыз сумен қамтудағы көрсеткіш 92,7%-ды құрап отыр. Биыл 62 жобаны іске асыруға 27,8 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына қарай сумен қамтамасыз ету деңгейі 93,5% жететін болады. Аталған саладан басқа, облыс басшысы газдандыру мен жолды жасау секілді инфрақұрылымдық салалар туралы да сөз етті. Мәселен, бүгінгі таңда газдандыруға жататын 294 елді мекеннің 147-сі газдандырылған. Көгілдір отынға облыстың 1 млн 114 мың тұрғыны қосылған. Биыл тағы 9 елді мекенді қосқанда көрсеткіш 69,4%-ға жетеді. Аймақ басшысының сөзінше, жылдан-жылға жолдардың сапасы жақсарып келеді. 2022 жылы барлығы 731 шақырым жол жөнделген. Биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға 48,5 млрд. теңге бөлінді. Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 91%-ға жетеді деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Алматы облысында 8 мәдениет үйі қолданысқа берілмек. Өңірде өткен жылы 2 мәдениет үйі салынғаны және қайта жаңартылғаны жайлы облыс әкімі баспасөз жиынында мәлімдеді.
«Биыл Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы мәдениет үйі және 10 кітапхана ашылды, Райымбек ауданында мұрағат ғимаратының құрылысы аяқталды. Аудандарда қосымша 8 мәдениет үйі іске қосылады», деді М.Сұлтанғазиев. Ал спорт саласында өткен жылы облыста 3 спорт ұйымы ашылса, биылғы жылы 8 спорт кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Оны жүзеге асыру әр ауданның мамандануын ескере отырып, аумақтарды теңгерімді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Алматы облысы халықтың қоныстануына өте қолайлы, тартымды өңір болғандықтан, қазіргі таңда халық саны 1,5 млн адамнан асты, былтырдан бері 67 мың адамға көбейді. Ал 2000 жылмен салыстырғанда, яғни соңғы 23 жылда 600 мың адамға өсіп отыр. Сондықтан қолжетімді баспана, ауыз су, жолдардың сапасы және әлеуметтік мәселелер төңірегінде де кең ауқымда баяндалды. Тарқатар болсақ, бүгінде облыста 37,6 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл 811 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның 316 мың шаршы метрі берілді. Өткен жыл мен биылғы жылды қоса алғанда пәтер кезегіне қол жеткізгендер саны 2 589 адамды құрайды. Сонымен қатар жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған «Алатау жастары» өңірлік бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 3,6 млрд теңге қарастырылған.
Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – жол. Аймақ басшысы жол мәселесіне қатысты сұрақтарды агломерация аймағындағы саяжай массивтерінің тұрғындары да үнемі көтеретінін тілге тиек етті. Бүгінде облыс аумағындағы 674 саяжайларда 183 мың адам тұрады.
«Өткен жылдан бастап біз бұл мәселелермен жүйелі түрде айналыса бастадық. Елді мекендердің бас жоспарларына түзетулер жасап жатыр, оларға 270 саяжай алқабын қосу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген облыс әкімі әлеуметтік саланы да тарқатып өтті.
Облыс халқының үштен бірі немесе 478 мыңы – мектеп жасына дейінгі балалар мен оқушылар. Жыл сайын оқушылар саны 13-14 мыңға артып отырғанын бұл дегеніміз, жылына кем дегенде 13 мектеп салуды қажет ететінін айрықша атады. Сол себепті өңірдегі өзекті мәселелердің бірі үш ауысымды мектептерге тіреледі. Оларды азайту үшін Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін 68 200 орындық 63 мектеп салынады. Сонымен қатар 50 мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша «Қазақстан халқына» қорынан қолдау көрсетіледі.
Халықтың денсаулығын сақтау деңгейін арттыру бойынша шаралар жалғасуда. Соңғы бес жылда медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету 79%-дан 91%-ға дейін өсті. Өткен жылы 4 нысан салынды. Биыл 3,2 млрд теңгеге 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр (2 емхана, 2 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП).
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында алдағы уақытта 38 нысан салу жоспарланып отыр (15 ДА, 12 ФАП, 11 МП). Медициналық мамандар тапшылығын реттеу мақсатында облыс әкімінің грантымен 38 студент және 147 дәрігер резидентурада оқиды (497,0 млн тг). Биыл 51 резидент оқуын аяқтап, облыс мекемелеріне жұмысқа келеді деп күтілуде.
Азаматтардың табысы бойынша облыс республикада төменгі орындардың бірінде (118,3 мың тг; 15 орын). Бүгінде өңірде 34,4 мың жұмыссыз тіркелген. Осы мәселені шешу үшін Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның басты мақсаты – тұрақты жұмыс орындарын құру.
Жаңа жұмыс орындарын ашуға құрылып жатқан 4 индустриялық аймақ мүмкіндік береді («Қайрат», «Береке», «Шелек», «Қазыбек бек»). Мұнда 130-ға жуық кәсіпорын ашылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады. Бұл индустриялық аймақтар маятниктік миграцияны шешуге де ықпал етеді.
Сонымен қатар өткен жылдың өзінде экономиканың түрлі саласында 37 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, «Наурыз Агро», «Прима Құс» фабрикалары, құрылыс материалдарын өндіретін Алюгал зауыты, Шелек дәлізінде екі жел электр стансасы және «Sintez-KZ медициналық холдингі» сияқты ірі инвестициялық жобалар енгізілді.
Жалпы, облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде 3,9 трлн теңгеге 231 жоба бар, бұл 30 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Өткен жылдан бері облыс әкімі шетелдік және отандық инвесторлармен 40-тан астам іскерлік кездесу өткізіп, 50 меморандум мен келісімдерге қол қойған.
Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің облыстың тыныс-тіршілігіне қатысты сауалдарында шек болмады. Олардың дені ауылдардағы жолдардың нашарлығы, ауыз су, мектептің тапшылығы, жайылым жетіспеушілігі сынды түйдектелген мәселелер төңірегінде өрбіді. Өз кезегінде өңір басшысы әрбір сауалға тиянақты жауап қайырды.
Алматы облысы