Қазақстан құрамасы Сингапур астанасында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан 10-шы Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ерлер арасындағы командалық сында Қытай гимнастары топ жарса, күміс медаль Жапония құрамасының еншісінде, деп хабарлайды Egemen.kz Мəдениет жəне спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл біздің Ұлттық құраманың сары құрлық чемпионатындағы осы уақытқа дейінгі алғашқы жүлдесі. Осылайша, қазақстандық гимнастар күзде Бельгияда өтетін əлем чемпионатына жолдама алды.
Жүлде алған команда сапында Нариман Құрбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Дияс Тойшыбек, Әлішер Тойбазаров пен Ілияс Азизов бар.