• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Маусым, 2023

Экологиялық талапқа сай кешен

326 рет
көрсетілді

Былтырдан бері Атырау облысындағы газ-химия саласындағы бірегей кешенде полипропилен шығарыла бастады. Мұнайлы шаһардан 35 шақырым қашықтықта ашылған өндіріс орнына жақын маңда тұрғын үйлер жоқ. Ең таяу деген елді мекеннің өзі кешен аумағынан 25 шақырым жерде орналасқан.

Кешен құрылысын KPI ЖШС жүр­гізді. Серіктестіктің басқарма төрағасы-бас директоры Данияр Тиесовтің ай­туынша, бұл кешеннің жұмысы эколо­гиялық стандарттар талабына толықтай сай келеді.

– Әлемдегі үздік халықаралық зауыт­­тардың тәжірибесіне сүйеніп жо­­ба­ланғандықтан, кешенде шыға­рын­дыларды болдырмау әрі бақы­лаудың барлық техникалық жүйесі қарастырылған. Бізде шығарындыларды азайтуға NOx (оксидтер мен азот диок­­сидтері) арналған кәдеге жарату қазандығы бар. Оның түтін тұрба­сын­да CO (көміртегі оксиді), HC (көмір­сутектер), NOx (азот оксидтері мен диок­сидтері), NH3 (аммиак), O2 (оттегі) сияқ­ты түтін газын бақылайтын ағынды ана­лизатор орнатылған. Атмосфераға зиян­ды заттардың шығарылуын азайтуға арналған қазандық бірнеше техникалық жұмыс атқарады. Атап айтқанда, кешен­нің технологиялық үдерісі мен операциялары жабық герметикалық жүйеде қысыммен орындалады, – дейді Данияр Тиесов.

Мәселен, технологиялық пештер түтін газдарындағы көміртегі оксиді мен оттегінің құрамын автоматты түрде бақылайтын заманауи жабдықтармен жабдықталған. Үдерісті басқару қауіп­сіз пайдалануды қамтамасыз етеді. Авария­лық жағдайлардың, оның ішінде қауіпті заттардың шығарындыларымен байланысты авариялық жағдайлардың туындау ықтималдығын бақылау, басқару және автоматтандыру жүйесі, жоғары деңгейдегі аварияға қарсы автоматты қорғауға мүмкіндік береді. Қысыммен жұмыс істейтін технологиялық жабдық­ты қысымның көтеріліп кетуінен газды жабық алау жүйесіне шығаратын сақ­тандыру клапандары қорғайды. А класынан төмен емес қымтаумен жаб­дықталған бекіту арматурасы атмосфераға зиянды заттардың шығуына барынша кедергі жасайды.

– Кешенде жоғары және төмен қысымды екі мұржа бар. Мұржалар іске қосу, тоқтату және апаттық жағдайлар кезінде төгінді өнімді толық жағуға арналған. Жылу радиациясының дең­гейін және атмосфераға зиянды шыға­рындыны азайтуға мүмкіндік береді. Бастапқыда жобалауда мұржа биіктігі 70 метр болады деп есептелген. Алайда желдің күші мен бағытына қарамастан жану өнімдерінің толық таралуын, газдар концентрациясының рұқсат етілген нормалардан асып кетпеуін қадағалау мақсатында факел биіктігін 100 метр деңгейінде белгілеу туралы шешім қа­был­данды, деп түсіндірді Данияр Тиесов.

Оның пікірінше, кешендегі екі алау жүйесі технологиялық қондыр­ғылар­дың және ағындылар қысымының айыр­машылығына байланысты пайдаланылады. АҚШ-тағы ZEECO компа­ния­сының озық технологияларымен жобаланған қондырғыларға алаудың түтінсіз жануын қамтамасыз ету үшін қосымша бу айдалады. Кешен алауында 99,5 пайыз таза пропан жанады. Демек, алау жүйесіндегі шығарындылар экологиялық тұрғыдан таза деп есеп­теледі.

– Біз энергоресурстарды үнемдеу тұрғысынан пайдалануды басты назарда ұстаймыз. Құрылыс кезінде зауыт сағатына 62МВт көлемінде электр қуатын пайдаланады деп жоспарланған. Алайда біз жобаға заманауи, энергияны үнемдейтін шешімдерді қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көрсеткішін сағатына 43МВт-қа дейін азайттық. Алдағы уақытта электр қуатын бұдан да үнемдеп, сағатына 35МВт қана тұтынуды жоспарлап отырмыз, дейді Данияр Тиесов.

Кешенде суды үнемдеуге басым­дық беріліп отыр. Нақтылай айтқанда, технологиялық үдерістерге қажетті айналма сумен қамту жүйесі қолданыла­ды. Ал химиялық қоспалармен ластанған және шаруашылық-тұрмыстық мақсатта пайдаланылған сарқынды сулар «Kara­batan Utility Solutions» компаниясына жіберіліп, тазаланған соң кері қай­тарылады. Бұл үдеріс сұйық қалдық­тардың қоршаған ортаға төгілуін бол­дыр­мауға, су айналымының тұйық циклін құруға, осылайша кәсіпорынның жұмыс үдерісіне қолданылатын тұзсыз­дан­дырылған су алу үшін шикізат ретінде бастапқы қажеттілікті азайтуға мүмкіндік береді. Мұнда жылына суды нақты тұтыну 1 590 мың текше метр болса, ағынды суды қайта өңдеу 546 мың текше метрді құрайды.

– Жеткізілетін шикізаттың, энергия ресурстарының, дайын өнімнің сапасын бақылау мақсатында зауытта SGS сынақ зертханасы жұмыс істейді. SGS – әлемнің сараптама, сынақ және сертификаттау саласындағы көшбасшылық лектегі швейцариялық компания. Зертханада жұмыстың сапалы атқарылуын қамтамасыз ету мақсатында 143 талдамалық жабдық орнатылған. Онда жылына 260 мыңнан астам талдау жасалады. Кешенде пайдаланылатын судың бәрінен сынама алынады. Экологиялық аспектілерді бақылау үшін алау газы, шығарынды газ, түтін газы, газ турбиналарына зертханалық зерттеулер жүргізеді. Біз – экологиялық мүддені көздейтін компаниямыз. Сондықтан биыл кешен аумағына жасыл белдеу қалыптастыруды көздедік. Бұл үшін 2 500-ден астам көшет егіледі. Өйт­кені жасыл желек – қоршаған орта таза­лығы­ның кепілі. Алдағы уақытта да эко­ло­гиялық жобаларды жоспарлы түр­де іске асыра береміз, деп мәлім етті Д.Тиесов.

Бас директордың мәліметіне сүйен­сек, кадрлардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарға басымдық беріліп отыр. Өйткені өндірістегі апатты жағдайлардың 80 пайызына адами фактор себеп болады. Сол себептен кешенде адам өмірінің қауіпсіздігін сақтауды экономикалық көрсеткіштерден жоғары қояды.

Кадр демекші, аталған серіктестік басшылары Мақат ауданының әкімдігі және Мақат мұнай-газ технологиялық колледжімен үш жақты меморандумға қол қойды. Мақсаты – колледждегі инженерлік-педагогикалық бөлім­нің студенттерін кәсіпорында тағылым­дамадан өткізу, болашақ мамандардың практикалық білімін арттыру. Ал кешен мамандары колледж студенттеріне дәрістер оқып, тәжірибесімен бөліседі.

Қазір аталған колледжде 371 студент білім алады. Оның ішінде мемлекеттік грантпен білім алатын 199 жас бар.

– Біздің серіктестік 631 адамды жұмыс­пен қамтып отыр. Оның 80 па­йызы – жергілікті тұрғындар. Бірақ бізге әлі де білікті мамандар қажет. Сол себептен мұнай-газ саласына маман даярлауда мол тәжірибесі бар колледжді таңдап отырмыз. Өйткені бұл оқу орны 11 жыл ішінде 10 мыңдай студентті мұнай-газ саласы үшін даярлаған. Енді оқу орнымен бірге кәсіби практиканы, дуалды оқыту жүйесін ұйымдастырамыз. Бірлескен жұмысымыз нәтижелі болатынына сенімдімін, дейді КРІ ЖШС өндіріс басқару қызметінің басшысы Бақытжан Қаналиев.

 

Атырау облысы