Атырау облысында экономиканың 52 пайыздық үлесін өнеркәсіп саласы құрайды. Оның ішінде тау-кен өндіру – 48,2, өңдеу өнеркәсібі – 4,0, құрылыс – 7,0, ауыл шаруашылығы – 0,8, сауда – 11,7, көлік және қоймалау – 4,4 пайыз. Биыл негізгі капиталға құйылған шетел инвестициясы мен өнеркәсіп өнімінің көлемі өскен. Алайда алуан айшықты адымы бар өңірде әлі де түйіні толық тарқатылмаған күрделі мәселелер аз емес. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы брифингте тарқатып айтып берді.
Инвестиция – игергенге игілік
Әкімнің айтуынша, Атырау өңірі инвестиция тарту жағынан өзге облыстар арасында бірінші орында тұр. Мәселен, биыл жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,7%-ға артып, 1,1 трлн теңгені құраған. Ал экономиканың барлық саласына бағытталған шетел инвестициясы – 474,3 млрд теңге.
Былтыр жалпы құны 815,2 млрд теңгені құраған 3 жоба іске қосылды. Бұл жобаларда 748 адам жұмыспен қамтылды. Ал биыл бірыңғай индустрияландыру картасымен 14,9 млрд теңгенің 3 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 207 жұмыс орны ашылмақ. Сондай жобаның бірі – құны 9,9 млрд теңгені құрайтын құс фабрикасы. Мұнда құс етінен жылына 5 мың тоннаға дейін жартылай фабрикат түріндегі өнім өндіріледі.
– Аймақта мұнай-химия кластерін құрудың маңызы зор. Осы бағыттағы маңызды қадам – былтыр Қазақстандағы алғашқы біріктірілген газ-химия кешенінің іске қосылуы. «Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кешен жылына 500 мың тонна полипропилен шығарады. Бұл өндіріс орны отандық кәсіпорындардың полипропиленге сұранысын қамтамасыз етеді. Полипропиленнен құрылыс, медицина, автомобиль құрастыру, тамақ өнеркәсібі секілді салаларда түрлі бұйым шығаратын шағын және орта бизнестің өркен жаюына ықпал етеді. Қазір полипропилен өндірісінде 632 адам, мердігер компанияларда 1 мыңға жуық адам жұмыс істейді, деді С.Шәпкенов.
Полипропиленнен өнім шығаратын үш жоба іске асырылады. Бұлар – тоқыма геосинтетика, экструзиялық геосинтетика және тоқыма емес геотекстильді мата. Мәселен, тоқыма геосинтетика цехының құны – 2 млрд теңге. Цехта өндірілетін құрылыс материалдары жол мен гидротехника құрылысына, құбырлар мен қоймалар салуға, тағы басқа салаларда пайдаланылады. Ал 3 млрд теңгенің экструзиялық геосинтетика өндіретін цехында жылына геотор, геомембрана, композиттік геоматериалдар секілді 10 млн шаршы метр өнім өндіріледі. Бұл материалдар автокөлік, теміржол, өнеркәсіптік қалдықтар қоймаларының құрылысында, сондай-ақ жағаларды бекіту жұмыстарына қолданылады.
Тоқыма емес геотекстильді мата зауытының құрылысына 1,3 млрд теңге жұмсалады. Экспортқа шығарылатын тоқыма емес геотекстильді мата – автожолдар құрылысына кеңінен қолданылатын өнім.
Ақ халаттыларға – айрықша қолдау
Өңірдің әлеуметтік саласында ерекше назар аударатын мәселе аз емес. Мәселен, медицина саласындағы басты проблеманың бірі – кадр мәселесі. Жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін жан-жақты жұмыс жүргізуде. Нақтылай айтқанда, биыл Атырау облысына жұмысқа келетін медицина мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын көрсететін бағдарлама іске қосылды. Осы мақсатта медициналық мекемелерге жұмысқа орналасу кезінде біржолғы материалдық көмектің мөлшері ұлғайтылды. Қаладағы емдеу мекемелеріне жұмысқа орналасқандарға 3 миллион, ауылдарға барған мамандарға 5 миллион теңгеге дейін қаржы беріледі. Атыраулық дәрігерлер «Отбасы банк» АҚ-ның филиалы арқылы кепілсіз және жылдық 5%-бен тұрғын үй сатып алуға қатысады.
Әлеуметтік қолдау шараларымен бірге дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлінеді. Бұл үшін Атырау облысына алыс және жақын шетелдерден, республикалық клиникалардан жергілікті кадрларды оқыту үшін мамандар шақырылады. Биыл медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мыңнан астам атыраулық маманды үздік шетелдік клиникалар базасында оқыту жоспарланып отыр.
– Атырау облысында денсаулық сақтаудың қолжетімді және тиімді жүйесін іске асыру жөнінде бес жылдық тұжырымдамасын әзірлеу басталды. Тұжырымдама денсаулық сақтау саласындағы бірнеше көрсеткішті жақсартуға бағытталған. Нақтылай айтқанда, нысаналы индикаторларды жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, кадрлар тапшылығын төмендету, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ медициналық көмектің санын көбейту жоспарланып отыр, деп мәлім етті облыс әкімі.
Мұнайлы өңірдің кешенді даму жоспары мен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында жаңа нысандар құрылысын жүргізу көзделген. 2025 жылға дейін 30-ға жуық типтік жобадағы медициналық нысан салынады.
– Қазір Жылыой ауданының Қарағай, Қызылқоға ауданының Айдын, Махамбет ауданының Аққайың, Еңбекшіл, Көздіқара ауылдарында 5 медициналық пункттің құрылысы жүргізіліп жатыр. Енді жаңа жедел жәрдем стансасының құрылысы басталады. Бұл нысанның үш қосалқы стансасы болады. Осы жылы ауылдарда тағы 5 нысанның құрылысы салынады, деді С.Шәпкенов.
Оның дерегіне сүйенсек, «Теңізшевройл» ЖШС бөлген қаржыға Құлсары қаласында 75 орындық орталық аудандық аурухананың, НКОК компаниясының көмегімен Атырау қаласының «Береке» шағын ауданында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу қолға алынған. Ал Атырау қаласында екі емхана салу жоспарланған. Облыстық онкологиялық диспансер үшін 180 төсектік жаңа нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Аталған диспансер жанынан ашылатын радиологиялық ғимараттың құжаты дайын тұр.
Ауылдарға – ауыз су мен «көгілдір отын»
Серік Шәпкеновтің мәлімдеуінше, Атырау облысында 2 қала мен 132 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтылған. Мұнда өңір тұрғындарының 99,7 пайызы өмір сүреді. Енді жоспарға сәйкес Қызылқоға ауданының Қоғам, Қоныстану, Қоңыраулы, Аққора, Сарқұмақ, Былқылдақты, Соркөл, Кенбай секілді 8 елді мекенінде су құбырының құрылысы мен суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату басталды. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ 6 ауылды ауыз сумен қамту үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл жобаның құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау көзделген.
Ал табиғи газды 2 қала мен 135 ауылдық елді мекеннің тұрғындары тұтынады. Қазір тұрғындардың 99,7 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылып отыр.
– Маңызды мәселенің бірі – инфрақұрылымды жаңғырту және қуатын арттыру. Атырау облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін инженерлік инфрақұрылым жүйелі жетілдіріліп келеді. Соның ішінде газ инфрақұрылымын жаңарту, салу жұмыстары жүріп жатыр. Енді тағы 8 ауылда газ құбырының құрылысы қолға алынды. Құрылыс жұмыстарын 2 ауылда осы жылы, 6 ауылда келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыс тұрғындарының 99,9 пайызы таза ауыз сумен және газбен қамтылады, дейді С.Шәпкенов.
Апатты мектептер жойылады
Жергілікті билік апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуді көздеп отыр. Қазір өңірде 200-ден астам білім ордасы, оның ішінде 4 апатты және үш ауысымды 11 мектеп бар.
– Биыл апатты мектептер проблемасын толығымен шешеміз. Ал 2025 жылы үш ауысымды мектептер жойылады. Өңірде 2025 жылға дейін 53 мыңнан астам орынға арналған 34 мектеп салынады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 білім ордасы бой көтереді. Осы жылдың аяғына дейін аталған жобамен 9 жаңа мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуына қарағанда, білім сапасын арттыруға да назар аударылады. Осы бағытта ауқымды жұмыс, талдаулар жүргізіліп жатыр. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы қабылданады.
Атырау облысы