• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Маусым, 2023

Сәні бөлек сабантой

288 рет
көрсетілді

Қостанайдағы татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің өкіл­дері дәстүрлі Сабантой ме­рекесін атап өтті. Ежелден жер ырыздығын емген диқан­дар науқан қарсаңында егін бітік, өнім берекелі болсын деген ниетпен тойлап келген еңбек мерекесі кейінгі жылдары мазмұнын кеңейтіп, осы өңірде тұрып жатқан сан алуан ұлттың ырыс-ынтымағын дәріптейтін шын мәніндегі дос­тық мерекесіне айналды.

Тойға жиналғандар Тобыл жаға­лауына тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен бөренеден өрілген татардың ағаш үйінен дәм татып, жергілікті өнерпаздар мен Ақтөбе облысынан, Татарстаннан арнайы келген әнші-бишілердің өнерін тамашалады.

– Сабантой Қостанай өңірін­де бұрыннан тойланып келеді. Сон­дықтан мұны тек татардың немесе башқұрттың ғана мерекесі деп айта алмаймын. Бұл біздің өңірдің тойы. Мерекеге қаншама халық келіп, концерт көріп, демалып, спорт жарыс­тарын тамашалап жатыр. Татар мен башқұрттың ұлттық асханасы аса бай. Тойға жиналған көпшілік та­тардың қуырдақ, чак-чак, орамасынан ауыз тиіп, қазақтың бал қымызымен шөл басып жатыр. Бұл жарасымды емес пе, – дейді об­лыстық татар-баш­құрт ұлттық мәдени орталығының төрағасы Ринат Бек­теміров.

Мерекеде Ақтөбеден келген «Өмір­­зая» халық ансамблі, Руд­ный­дағы «Байрам» татар-башқұрт ан­самблі, Татарстанның халық әртісі, әнші-композитор Лиллия Мулла­ғалиева өнер көрсетті.

– Жол шалғай болған соң, шар­шаңқырап жеттік. Бірақ Қостанай хал­қының ыстық ықыласы бойымызға күш беріп, шаршағанымызды ұмы­тып кеттік. Репертуарымызда отыздан астам ән бар, бүгін соның ең таңдаулыларын ғана орындаймыз. Сабантой біздің өңірде де өтіп тұрады. Біз де көрші елдің шекаралас аймақтарына барып, концерт қойып, ондағы аз санды ұлттардың мәдениетімен танысып, тәжірибе алмасып тұрамыз, – дейді ансамбль мүшесі Әсия Фаизова.

Мереке алаңында балаларға ар­налған алуан түрлі ойындар мен бай­қаулар ұйымдастырылды. Ал қа­­риялар киіз үйдің алдындағы тап­шанға жайғасып, тойдың қызығын шай ішіп отырып тамашалады.

 

Қостанай облысы