• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Туризм 20 Маусым, 2023

Торғайдың ұлт жады алаңы

464 рет
көрсетілді

Талай тарихтың тылсым сырын бүгіп жатқан Торғай даласының дарқан табиғаты, балығы тайдай тулаған өзен-көлі мен шипалы ыстық суы, қара тұзы, үйір-үйір киік жөңкілген құла түзі, қолайын тапса, танымдық, медициналық, аңшылық, саятшылық туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Алайда осының бәрін ұқсатып үйлестіріп, туризмді кәсіпке айналдыру үшін қолайлы инфрақұрылым қажет.

Тілеп Аспантайұлы атындағы жеке қайырымдылық қордың басшысы, кәсіпкер Сапар Ысқақов осы шаруаның бір шетін көтерісу мақсатында 2020 жылы Амангелді ауылының іргесінен көп функ­циялы туристік кешеннің құрылы­сын бастаған. Жоба бойынша мұнда 2024 жылдың соңына де­йін Мысыр пирамидалары, Үндіс­тандағы Тәж Махал кесенесі, Мек­сикадағы мая тайпасының мә­де­ни орталығы саналатын Чичен Ица пирамидасы, Париждегі Сал­танат қақпасы, Пальмира амфитеатры сияқты әлемнің ғажайып сәулет құрылыстарының үш есе кішірейтілген үлгілері, сондай-ақ «Ұлт жады» тағзым қабырғасы, «Торғай геоглифтері» туристік орта­лығының ғимараты, «Дешті Қып­шақ» музейі, Сақ саунасы, «Самұрық» ашық бассейні сияқ­ты 12 нысан бой көтермек. Көлемі 7 гектар аумақты алып жатқан кешеннің Испаниядағы әйгілі Альгамбра сарайына ұқ­сайтын мейрамханасы мен қонақүйі бар. Туристер осы жерде дем­алады. Мұ­ның сыртында, саяхат­шы­лар­дың Торғай геоглифтерін тамашалауына мүмкіндік беретін шағын тікұшақ әуежайын салу жоспарланып отыр. Өйткені құс ұшар биіктен ғана анық көрінетін геоглифтерге қызығушылар көп.       

Кешен аумағындағы Чичен Ица пирамидасы үлгісіндегі мемориал былтыр Ахмет Байтұрсынұлы­ның 150 жылдығына арналған ме­ре­келік іс-шаралар аясында ашылған. Бұл ғимараттың ішіне, Ұлт ұстазынан бөлек, Шақшақ Жәні­бек, Қошқар батыр, Иман батыр, Жәуке батыр, Кейкі Көкем­байұлы, Амангелді Иманов, Ыбы­рай Алтынсарин, Әбдіғапар хан, Мір­жақып Дулатұлы, Ахмет Бірім­жанов сынды Торғай өңі­рінде дүниеге келген 12 тарихи тұлғаға мәрмардан белгі қойы­лып, әр ескерткіштің астына мар­құмдардың басынан әкелінген топырақтары салынған.

Биыл қыркүйек айына жос­парланып отырған Амангелді Имановтың 150 жылдығына ар­налған мерейтойлық іс-шара­лар аясында «Ұлт жады» қабыр­ғасы ашылады. Бұл нысан екі үлкен қабырғадан тұрады. Бірін­ші қабырғаға әлемнің әр түкпі­рінде жатқан 100 тұлғаның ес­керткіш тақтасы орнатылған. Әр тақтаның астында жарты кір­піш­тің көлеміндей ұяшықтар бар. Ол ұяшықтарға қазіргі Қазақ мем­лекетінің қалыптасуына негіз сал­ған сонау сақ, ғұн, түркі дәуірінің патша-қағандары мен баһадүр батырларынан бастап бертінге дейінгі тарихи тұлғалардың жат­қан жерлерінен әкелінген бір уыс топырақ салынған. Мысалы, Мөде қағанның топырағы Сол­түстік-батыс Қытайдан, Бумын, Білге қағандардың топырағы Моң­­ғолиядан, Әбу Насыр әл-Фа­раби бабамыздың топырағы Дама­шықтан, Алаш арысы Ғазымбек Бірімжановтың топырағы Мәс­­кеу­ден әкелінген. Екінші қабыр­ға­да Қазақстан аумағында жерлен­ген ұлт мақтаныштарына ескерт­кіш тақта орнатылған. Екі қабырғаны бөліп тұрған стелланың ұшар биі­гіне «Алтын адамның» мүсіні қойылады.

– 2014 жылы сонау көне за­ман­дардан бергі кезеңдегі та­рих­тан өзімізге белгілі ұлы баба­ла­рымыздың бәріне ортақ үлкен бір мемориалдық ескерткіш орнату туралы ой келді. Осылайша, экспедициямызды Алтайдан бастадық.

Түрколог-ғалым Қар­жау­бай Сартқожаұлы екеуміз Күл­те­гін, Білге қаған, Тоны­көк баба­ла­ры­мыздың ескерткіш­терінен бас­тап күллі Моңғолияны арала­дық. Одан кейін келесі жылы Еуропаға кеттік, содан не керек, пандемия­ға дейін 6 жыл бойы экспеди­ция­да жүрдік. Осы алты жылдың ішінде 50 шақты елде болыппыз. Баба­ларымыздың сүйегі қалған жерлер. Осылайша, Еуропа, Азия, Африка, Америка мен Қазақстан аумағындағы ұлы бабаларымыз жатқан жерлерден арнайы капсуламен топырақ әкелінді. Амангелді ауылындағы «Ұлт жады» тағзым қабырғасына бабаларымыздың есімдері жазылған қара түсті «габро» ескерткіш тақталар орна­тылып, астына жаңағы капсулалар салынды. Мұндай бірегей нысанның Қазақстанда ғана емес, әлемде теңдесі жоқ. «Алматының түбінен неге салмадыңыз? Адам көп келетін еді ғой» деген кісілер де болды. Әрине, өйтуге де болады, оның шығыны да аз болатын еді. Амангелді шалғай жер, солай бола тұра, бұл жерде де өндіріс ашылып, мәдениеті, туризмі даму керек қой. Мен сол туризмді өзіме алдым. Ендігі бір мәселе, бұл өңір кішкене бағы ашылмаған жер. Торғай облысы екі рет ашылып, екі рет жабылды. Қаншама ел көшіп кетті. Сондықтан осы өлкенің еңсе көтеріп, дамуына шамам жеткенше үлес қосайын деген ниетпен осы жобаны қолға алдым. Бәлкім туристер келер, дейді Сапар Ысқақов.

Биыл кешен аумағына үш мың­нан аса әртүрлі ағаш кө­шеттері отырғызылыпты. Жас ағаш тамыр алып, бір бойлап кетсе, салынып жатқан нысандардың айналасы жасыл саябаққа айналатын түрі бар. Оның сыртында, мұнда қазір үлкен ашық бассейн, су арналарының құрылысы да қызып жатыр.

Аудан басшыларының айтуынша, ауылдың іргесінде салынып жатқан туристік кешен бұрын-соңды ешбір жерде болмаған біре­гей нысан болып табылады.

– Мұнда қазір төрт ғимараттың құрылысы толық аяқталып тұр. Шындығына келсек, өз басым Сапар ағаның қажыр-қайратына қайран қаламын. Бүгінде екінің бірі ол кісіге ұқсап қиянда жат­қан ауыл гүлденсе екен деп қы­руар қаржысын шығындап, сонау Астанадан құрылыс материал­дарын тасып, мынадай күрделі ке­шен салуға тәуекел жасай ал­майды. Кешен аумағына орна­ласқан әр нысанның өзі бір кере­мет дүние болайын деп тұр. Мы­салы, «Ұлт жады» қабырғасын­да е­скерткіш тақта орнатылған тарихи тұлғалардың көбін өзі­міз де білмейді екенбіз. Сол жер­ден оқыған соң, әрі қарай қызы­ғу­шылығымыз оянып, интернеттен ол тұлғалар туралы де­ректерді іздеп тауып, тарихқа қанығып жатырмыз. Болашақта бұл кешен сырттан келетін турис­терге ғана емес, осы аудандағы мектеп оқушыларына да көп пайда тигізеді деп ойлаймын. Мұнда тарих, жағрапия, әдебиет және тіл пәндері бойынша мазмұнды ашық сабақтар өткізуге болады, –дейді аудан әкімінің орынбасары Малшыбай Қаласов.

Туристік кешеннің кіре­бері­сіндегі дәмхана мен қонақүйдің құрылысы да бітіп тұр. Сапар Ыс­қақов қалған нысандарды ал­дағы 3 жылдың ішінде салып біті­ріп, ауыл тұрғындарының игі­лігіне тапсырсам ба деп отыр. Әри­не, оған үлкен қаржы, табанды еңбек керек. Құны 3 жарым млрд теңге болатын туристік кешеннің құрылысына кәсіпкер бүгінге дейін 1 млрд теңгенің сыртында қаржы жұмсаған. Кешен құрылысы толық аяқталып, туристік хаб ретінде іске қосылса, мұнда 40-50 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

 

Қостанай облысы