Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетіп, халыққа мінсіз қызмет етуді мақсат еткен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында Алматы өңірінде алғаш рет «Дәстүрден тағылым» атты облыстық байқау ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – мәдени-тарихи құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ұлттық бірегейлікті айқындайтын адамгершілік бағдарларды дәріптеу және қалыптастыру. Мемлекеттік қызметтің құлағында жүрген жас мамандардың білімі мен біліктілігі сарапқа салынған іс-шараға Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті және Алматы облысы ішкі саясат басқармасы мен Алматы облысы жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды. Бәсекелі байқауға 12 команда қатысты.
Тау етегіндегі «Ғұн» этноауылында өткен байқау шартына сай, әр ауданнан ат арытып жеткен мемлекеттік қызметшілерден құралған командалар төрт кезең бойынша білім-біліктілігін байқатып, күш-жігерлерін сынға салды. Байқаудың шымылдығын ашқан «Өнерлінің өрісі кең» атты алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстыра келіп, ән салып, би билеп, бойда бар өнерлерін паш етті. Ал екінші «Толағай» спорттық кезеңінде жүгіру мен секіруден тұратын бірнеше эстафеталық жарыс ұйымдастырылды. Өнер мен спорттық жарыстардан соң мемлекеттік қызметтегі әйелдер ұлттық тағам түрлерін, атап айтқанда, буын бұрқырата бауырсақ пісіру, иін қандыра қамыр илеу, құрт жасаудағы шеберліктерін көрсетсе, ер-азаматтар ат ерттеп, қошқар көтеруде толағай күш иелері екенін танытты. Тартысқа толы төртінші кезеңде тарих пен мәдениет, салт-дәстүрге қатысты таным көкжиегін танытқан викториналық сұрақтарға жауап берудегі тапқырлықтары таразыланды.
Мемлекеттік қызметкер мемлекеттің айнасы екенін айқындаған байқау барысында мемлекеттік қызметшінің бойындағы қасиеттер мен міндеттер көрініс тауып, іс-шараның мазмұнын аша түсті.
Сонымен мемлекеттік қызмет ете жүріп, отбасы құндылығын арттырып, салт-дәстүрді дәріптеген «Дәстүрден тағылым» байқауының қорытындысы бойынша бірінші орынды Талғар ауданының «Қазына» командасы жеңіп алып, 200 мың теңге сыйлыққа ие болды. Ал екінші орынды Кеген ауданының «Көлсай» командасы ұтып алса, үшінші орынға Ұйғыр ауданының «Қарадала қырандары» атты командасы тұрақтап, қаржылай сыйлықтарды қанжығасына байлады.
Жеңімпаз командаларды құттықтаған Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Ләззат Мұқатайқызы мемлекеттік қызметшілердің бүгінгі рөлі мен жауапкершілігін атай келе, ел дамуына қосып жүрген еңбектерінің абыройлы болуына тілектестігін білдірді.
«Алматы облысында мемлекеттік қызметшілердің штат саны 4 152 болса, осы күні бұл бағытта 3 709 мемлекеттік қызметші еңбек етіп келеді. Олардың 50 пайызын әйелдер құрайды, олардың орта жасы – 39. Мемлекеттік қызметшілердің 94 пайызы жоғары білімді», дейді Ләззат Мұқатайқызы.
Алматы облысы