Елдегі ең үлкен мегаполисте 2040 жылға қарай халық саны 3 млн адамға жетеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Ерболат Досаев хабарлады.
Экономикалық даму драйверлері
Алматы қаласының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Мерзімді экономикалық индикатор 122,2%-ға жуықтады. «Мегаполисте экономика өсімінің драйверлері сауда (+27,2%), өңдеу өнеркәсібі (+24,4%), көлік және қоймалау (+16,7%) болды. Негізгі капиталға 484 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл ретте, жеке инвестициялар 2,7%-ға, іскерлік белсенділік индексі 58,7 тармаққа дейін өсті. Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 29,4 мың жұмыс орны құрылды, оның 60%-ы тұрақты», деді Е.Досаев.
Өткен жылдың қыркүйегінде Алматы мәслихаты қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективасын бекітті. Бұл жоспарды Үкімет те мақұлдаған. Сондықтан Мемлекет басшысының қаланы одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын ескеріп, даму бағдарламасының жол картасы жасалды. Қазір Алматыда 9 жол картасын іске асыру қолға алынған. Барлығы 476 жобаның 275-і іске асып жатыр. Бұл жобалар жайлы қалалық орта құруға және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
280 әлеуметтік нысан бой көтереді
«Мегаполистің бас жоспарында 2040 жылға қарай халық санының 3 млн адамға дейін жетуі болжанып отыр. Қала экономикасының орташа жылдық 5%-ға өсуін ескеріп, 5 полиорталықтың құрылымын біркелкі қалыптастыру көзделген. Білім беру және денсаулық сақтау нысандарына қадамдық қолжетімділік жасалады. 200 жаңа мектеп және 80-нен астам медициналық мекеме салынды. Сондай-ақ бүгінде қоғамдық көліктің үлесі 60%-ға дейін артты. 210 шақырым жаңа жол мен 3,6 мың шақырым инженерлік желі, 2 750 га жаңа саябақ пен сквер салынады», деді қала әкімі.
Шағын және орта бизнес
Экономиканы әртараптандыру мақсатында ШОБ-ты қолдау және Алматы индустриялық аймағын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Биыл жыл басынан бері 783 жоба қолдау тапты. Оның 3 мыңы басым бағыттар бойынша жоспарланған. Факторингтік келісімдерді қаржыландыру үшін «Даму» қорымен бірлесіп қосымша 3 млрд теңге бөлінді. Шағын және орта бизнесті несиелеу 59,6%-ға өсті. Ал белсенді бизнес субъектілерінің саны 38,6%-ға артты», деді ол.
Алматы индустриалды аймағында 9,7 мың жұмыс орны құрылып, 343,7 млрд теңгенің 19 жобасы іске асырылуда. Биыл 14 жоба пайдалануға беріледі. Жыл қорытындысы бойынша басым салалардың қала экономикасына қосқан үлесі 23,4%-ға дейін артады деген үміт бар.
Тау туризмі дамиды
Биыл шетелдік туристер саны 450 мың, ішкі туристер саны 1,5 млн адамға өседі деген болжам бар. «Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 3 кемпинг-аймақ және ұзындығы 150 шақырым болатын 10 тау маршруты ашылады. Бұл бағыттар цифрландырылады», деді әкім.
Туристік инфрақұрылымды дамыту үшін Алматыда 16 глэмпингке арналған эко-қонақүй және 112 бөлмелі қонақүй ашылды. Жыл соңына дейін 27 мың төсек-орын туристер үшін дайын болады. Алматының туристік әлеуетін іске асыру үшін Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп қала агломерациясы аясында Түргеннен Қаскелеңге дейінгі тау кластерін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жыл соңына дейін аяқталады.
Жолдар жаңа технологиямен салынады
Алматыда көлік желісін қалыптастыру туралы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Үлкен Алматы айналма автожолына шығатын 6 радиалды жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазір Мөңке би көшесінде көлік жүріп жатыр, Сайын және Рысқұлов даңғылының қиылысында ұзарту жұмыстары қолға алынған, Абай даңғылы, Солтүстік айналма және Тілендиев көшелеріне жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. «ҮАААЖ салынғаннан кейін транзиттік көлік қалаға кірмейді. Бұл мегаполистегі кептелісті орта есеппен 20%-ға азайтады», деді әкім.
Е.Досаев биыл қаланың 6 шағын ауданында 25 шақырым жаңа жол салуды және 200 шақырым орташа жөндеу, оның ішінде полимерлік қоспаларды пайдаланып 44 шақырым магистральдық көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлағанын да айтты. «Бұл жұмыс аясында механикалық және температуралық жағдайға төтеп беретін «қалқымалы» корпусы бар жаңа технология бойынша 8 мың люк орнатылады. Әрі жаңа технологияларды қолданып, жол инфрақұрылымын жаңғырту орташа жөндеу жүргізу мерзімін 5 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді ол.
Мегаполисті экологияландыру – басты назарда
Қоғамдық көлікті экологияландыру үшін газбен жүретін 600 жаңа автобус және коммуналдық парк үшін 100 троллейбус, сондай-ақ 100 мектеп автобусы Алматы қаласы үшін сатып алынуда.
Жақсы жаңалықтың тағы бірі, жыл басынан бері 5 жаңа автобус бағыты ашылды. Алматы облысындағы 200 мың тұрғыны бар 89 елді мекенді қамтыған 10 қала маңындағы маршрутты ашу жоспарға енген. Әкім жолаушылардың көбеюіне байланысты және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Алматыда жүрдек қоғамдық көлікті дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Ауыз су желісіндегі жүйелі жұмыс
Әкім 2025 жылы 252 мыңнан астам қала тұрғыны, ал биыл соның 50 мыңы орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізетінін алға тартты. Бұл үшін мегаполис әкімдігі жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Біріншіден, су ресурсы көп Алматыда халықтың шамамен 1%-ы сумен қамтылмаған.
Әкім ағымдағы жөндеуді және одан әрі дамытуды талап ететін инженерлік инфрақұрылым туралы да айтты. «2023 жылы «Алмагүл» және «Тұздыбастау» мекендерінде 2 электр қосалқы стансасы пайдалануға беріледі. 400 мыңға жуық тұрғын тұрақты электрмен жабдықталады. 300 мың тұтынушыны жылумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 2 қазандықты қайта жаңарту аяқталатыны да атап өтілді.
Бес жаңа саябақ ашылады
Биыл Көкмайса шағын ауданы Есентай өзені бойында, Кемел шағын ауданы, Өжет шағын ауданы және Боралдай өзені жағалауында саябақтар ашылады. Қосымша 5 саябақты қайта жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың маңызды бағыты – Алматының «бақ қала» атағын сақтау.
Жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау бойынша жаңа ережелер қабылданды. Енді кез келген өсімдікті егуде суару жүйесімен қамтамасыз ету ескеріледі. Тамырланып кетуі үшін биіктігі кемінде 2 метр қылқан жапырақты және кем дегенде 2,5 метр жапырақты көшеттер міндетті түрде шыммен отырғызылады. Бұл жаңа көшеттердің шығынын 30%-дан 10%-ға дейін төмендетеді.
«Жасыл қорды жаңарту және сауықтыру үшін биыл көктемде 20 мың көшет отырғызылды. Негізгі екпелер күзде егілген, өйткені жылдың осы мезгілі көшеттердің тамырланып кетуіне қолайлы. Биыл барлығы 320 мың ағаш отырғызылады. 2,6 млн ағашқа 4 рет биологиялық өңдеу жүргізіледі», деді Е.Досаев.
Алматыда 376 шақырым арық желілерін қайта жаңарту және салу қолға алынған. Былтыр үнемі су басатын 102 аумақ анықталды, оның ішінде 56 учаске жойылды. Биыл жыл соңына дейін әкімдік қалған 46 аумақтағы жұмысты аяқтайды.
Адами капиталдың сапасы артады
Шаһарда 37 мың оқушыға арналған 22 мектеп салынады. «Адами капиталды сапалы дамыту мақсатында 3 басым бағыт анықталды: білім берудің қолжетімділігін нықтау, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету және педагогтердің біліктілігін арттыру», деді қала басшысы.
Мәселен, ұлттық жоба аясында 37,1 мың оқушыға арналған 22 мектеп салынады. Сондай-ақ 3 720 орынды 8 білім беру нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізу аясында 206 мемлекеттік мектеп пен 8 интернатта турникеттер, ал қарашаға дейін бейнекамералар орнатылады. Биыл Алматыда алғаш рет балабақшалардың, мектептер мен колледждердің 6 605 ұстазының, сондай-ақ инклюзивті білім беруді іске асыратын мектеп педагогтерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыру басталды.
Қала әкімі спорт секцияларына баруды ата-аналардың ЭЦҚ пен QR-код арқылы растайтынын, соның арқасында бұл бағытта жақсы жұмыстар атқарылатынын айтты.
5 мың жас жұмысқа орналасты
Жастардың дамуын қолдау мақсатында Алматыда қалалық мансап орталығы ашылып, өзекті кәсіптер бойынша 4 қысқамерзімді курс іске қосылған. Жыл басынан бері 3,8 мың жас керекті мамандықтарға қайта оқып, 4,9 мың жас жұмысқа орналасқан.
Қазір қаланың барлық аудандарындағы жастар комунити-орталықтарын сатып алуға арналған 8 орын айқындалып, тұжырымдамалар дайындалды, қаржыландыру мәселелері шешілген. Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін жобалық офис құрылды. Бес мың орындық 27 жаңа жатақхана салуға 99 жеке инвестор тартылды.
Мыңнан астам нысанға сейсмикалық аудит жүргізеді
Алматы нысандарының сейсмикалық қауіпсіздігі мәселесі қала әкімі Ерболат Досаевтың ерекше бақылауында. 1983 жылғы сейсмикалық аудандастыру Картасы бойынша Алматыда 5 тектоникалық ақау бар. 2020 жылғы сейсмикалық айқындаудың жаңа Картасына сәйкес мегаполисте 1 116 нысан орналасқан жерді 27 ақау кесіп өтеді. Оның 754-і – сейсмикалық төзімді ғимарат. Ал 362-і сейсмикалық емес.
«Мемлекет басшысы қала нысандарына сейсмоаудит жүргізуді қолдады. Ол «ҚазҚСҒЗИ»АҚ-мен бірлесіп өткізілетін болады. Бұл жұмыспен 9 145 МЖК, 15 477 қоғамдық нысанды, оның ішінде 1 383 әлеуметтік нысанды қамту жоспарланып отыр», деді қала басшысы.
Ерболат Досаев журналистердің Алматы қаласына қатысты қойған елу шақты сұрағына жауап берді.