• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 23 Маусым, 2023

Сенатта Орнықты даму мақсаттарына мониторинг жүргізу жөнінде отырыс өтті

300 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Парламет Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Палата Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған Комиссияның жұмысы Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуіне және оларды іске асырудағы тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мәселелері жөніндегі форумында сөйлеген сөзінде орнықты даму мақсаттары бойынша көздеген нәтижелерге қол жеткізу үшін шешуші шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Соңғы жылдары елімізде бұл бағытта кейбір оң өзгерістер байқалады. Дегенмен, Орнықты даму мақсаттарының әлемдік прогресс рейтингінде Қазақстанның позициясы төмендеп отыр. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы Жаңа баяндама жариялады. Соған сәйкес біз шамамен 2020 жылғы деңгейге дейін төмендедік. Бұл елімізде орнықты даму саласы бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін салалар бар екенін көрсетеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында Сенат Төрағасы Комиссияның міндеттеріне бюджеттік параметрлерді қарау және бақылау да жататынына назар аударды. Ол алдағы күзде Парламентте жаңа Бюджет кодексі қаралатынын, сол кезде аталған мақсаттарды іске асыру жөніндегі негізгі қағидаттар белгіленуі керек екенін тілге тиек етті.

«Орнықты дамудың ұлттық мақсаттарына нәтижелі қол жеткізу үшін Парламент пен Үкіметтің бірлесіп, тиімді жұмыс жүргізуі маңызды. Ең алдымен, Орнықты даму мақсаттарының 2030 жылға дейінгі ұлттық индикаторларын нақтылау қажет. Қазір олардың кейбірі әлі айқындалмай отыр. Бұл негізгі мақсатқа қол жеткізуге және тиімді мониторинг жүргізуге кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар Парламенттік комиссия мүшелері алдағы жылдары орнықты даму саясатын тиімді іске асыру үшін қажетті заңнамалық бастамаларды да көтеріп, әзірлеуге мүмкіндік бар», деді Мәулен Әшімбаев.

Алғашқы отырыс кезінде Парламенттік комиссия туралы ереже және алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары бекітілді. Одан бөлек, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның орнықты даму саласындағы мақсаттары мен міндеттерінің орындалуы туралы баяндама жасады. Күн тәртібінде қаралған орнықты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениет қалыптастыру жөніндегі кешенді шаралар туралы мәселе бойынша Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтып берді.

Айта кетейік, Парламенттік комиссияның құрамы 20 маусымда өткен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бекітіліп, оған Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев төраға болып сайланды. Комиссияның құрамына Сенат пен Мәжілістен 9 депутат енді. Комиссия Төрағасының орынбасарлары ретінде Сенат вице-спикері Ольга Перепечина мен Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау сайланды. Ал, сенатор Ақмарал Әлназарова Комиссияның хатшысы болып сайланды. Сондай-ақ аталған құрылымның жұмысына мемлекеттік органдардың, азаматтық сектордың, ғылыми қоғамдастықтың және халықаралық даму институттарының өкілдері де қатысады.