Петропавл қаласында құрылысы басталып, уақытында аяғына дейін жеткізілмей жатқан 33 нысан бар. Бөлінетін қаражатына қызығып «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған» мердігер компаниялар түрлі сылтаумен құрылыстарды аяқтай алмай отыр.
Өңір басшысы Айдарбек Сапаров жуырда бірқатар құрылыс нысандарына күтпеген жерден барып, жұмыс барысымен, олардың мәселелерімен танысты. Алдымен ол «Южный» шағын ауданына барды. Мұндағы құрылыс 1 мыңға жуық жер үй салынатын телімнен тұрады. Қазір мұнда жарық тарту жұмыстары жүргізілуге тиіс-тін. Іске жауапты – жергілікті «Электромонтаж» акционерлік қоғамы. Алайда әкім бастаған басшылар мен қосшылар барғанда мұнда не техника, не оны жүргізетін адам, не құрылысшылар көрінбеді. Облыс әкімі мердігердің жұмысының салғырттығына ескерту жасады. Ал осы компания жұмысын бақылайтын «Технадзор» серіктестігінің бас сарапшысы Саян Жанғужин былай деп ақталған болды: «Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсатты тек 30 мамырда алдық. Қазір бағандар орнатылды. Енді мердігер осы жерге өздерінің өндірістік орындарын, киініп-шешінетін вагондарын орнатулары керек еді, сол жұмыстар ақсаңқырап тұр. Жалпы, бұл жерде 143 жаңа жұмыс орнын ашу белгіленген», деді. Алайда бағандардың тұрғызылып болғанына да бірнеше күн болғанымен «Электромонтаж» компаниясы әлі қызу жұмысқа кіріспегендігі үшін Айдарбек Сейпілұлы Саян Жанғужинге ескерту жасап, «қазіргідей жайлы күндерде жұмыс қызу жүргізілмейтін болса, алдымен сіздерге, сосын мердігерге шара қолданылатын болады», деді. Осы құрылыс бойынша баяндаған қала әкімі Руслан Аңбаев бұл жобаға 2,8 млрд теңге бөлінгенін, құрылыс жұмыстары жылдың аяғына дейін аяқталуға тиіс екенін мәлімдеді.
Осыдан әрі әкім бастаған топ «Солнечный-2» шағын ауданындағы дәл осындай құрылыстың барысын тексерді. Мұндағы құрылысты жүргізіп жатқан «Альфа-Север» ЖШС электрмен және сумен жабдықтау жұмыстарын аяқтап, енді жолдармен қосалқы стансалар салуға кіріскен екен. Жүргізіліп жатқан қызу жұмыстарды көрген Айдарбек Сапаров оны «Южныйдағы» мердігерге үлгі етті.
Ұлттық ұлан академиясының аумағында да 2022 жылдың сәуір айынан бері жаңа кешеннің құрылыстары жүргізіліп жатыр. Ол 660 орынға шақталған казарманы, 800 орындық залы бар мәдениет үйін және музей ғимаратының құрылысын қамтиды. Академия бастығының айтуына қарағанда, құрылысқа 10,8 млрд теңге бөлінген. Биыл соның 4,7 млрд теңгесі игеріледі деп жоспарланған. Құрылысты жүргізуші «Ash-stroy» ЖШС екен. Биыл бұл компания барлық кешен жұмысының 60 пайызын аяқтайтын көрінеді.
Петропавлда Тараз қаласының «Taraz Energy» ЖШС атты құрылыс компаниясы Уәлиханов көшесіндегі тұрғын-үй құрылыстарына инженерлік-коммуникациялық жүйелер мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуді тендерден ұтып алған. Бірақ кәсіпорын алған міндеттемесін орындай алмай жүр. Қала әкімі Р.Аңбаев бұл компанияның жұмысына өзінің қанағаттанбай жүргенін айтты. «Біз бұл компаниямен келісімшартты бұзу жөнінде талап арызымызды сотқа өткізіп қойдық. Келісімшарт бұзылғаннан кейін біз жобаға өзгерістер енгізіп, жаңа мердігер табу үшін конкурс жариялайтын боламыз», деді ол. Облыстың құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалиев те бұл компанияның жұмысына өзінің қанағаттанбайтындығын айтты. «Біз бірнеше рет компания басшылығымен әңгіме өткіздік, бірақ одан ешқандай нәтиже шығар емес. Осы компания Горький көшесінде салып жатқан тұрғын-үй құрылысын да созыңқырап жіберді. Үйге кірудің уақыты өтіп бара жатқан соң тұрғындар осы тарапта бізге өздерінің наразылықтарын айтуда. Сондықтан алдағы уақытта біз де осындай шараларға баруға мәжбүр болармыз», деді Қ.Ғалиев.
Құрылысты қолға алған соң күндіз-түні оның жұмысын тиянақты жүргізе алмай, тек бөлінетін ақшаға қызығып кірісіп кететін құрылыс компаниялары осылай, тұрғындарды да, басшыларды да әуре-сарсаңға салып қояды.
ПЕТРОПАВЛ