• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Маусым, 2023

Адамзаттың Мағжаны

1735 рет
көрсетілді

Алты Алаштың арысы, ұлтының ұранына, түркінің тұмарына айналған әлемдік деңгейдегі ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы туған жерінде үлкен мереке ретінде кеңінен аталып өтті. Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылжар өңіріне келген сапарында біртуар тұлғаның мерейтойын лайықты түрде атап өтуді тапсырған-ды.

Ақынның туған жері М.Жұмабаев ауданының Сартомар ауылында өткен мерейтойға арнайы келген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Онда Мағжанның қазақ­тың ғана емес, тұтас түркі жұртының мақ­танышы, ақынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы жырлары ха­лқымыздың жүрегіне жол тауып, руханиятымыздың алтын қорына енгені, Мағжанды тану, Мағжанды таныту – тәрбиелік әрі тағылымдық мәні зор мәселе екені, ақынның шығар­ма­шы­лығын терең зерделеп, жан-жақты дәріп­теудің маңыздылығы туралы айтылған.

Сонымен бірге Е.Қошанов ақынның әдеби мұрасы талай буынға өнеге болары сөзсіз екенін айта келіп, осыдан отыз жыл бұрын Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойы республика көле­мінде тұңғыш рет аталып өткенін, содан бергі аралықта халқымыздың Мағ­жан тұлғасына, Мағжан мұрасына деген ықыласы мен махаббаты еш өзгер­мегенін, қайта жыл өткен сайын ақын­ға деген құрмет еселеп артып келе жатқанын жеткізді.

Е.Қошановтың айтуынша, елі­мізде болып жатқан оң өзгерістер ұлтымыздың ұлы тұлғаларының, соның ішінде Мағ­жан Жұмабаевтың идеяларымен үндесіп жатқанына тоқталды.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров та құттықтау сөз сөйлеп, Алаштың ар­дақ­тысы Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына келген барша жамағатқа алғы­сын жеткізді. Түркияның Гази уни­верситетінен келген профессор Хулия Ченгел Мағжанның бірнеше өле­ңін оқып берді. Ақынның туған-туыс­қан­дары­ның атынан сөз сөйлеген Жанат Мүсілімов мерейтойды кең көлемде атап өтуге жағдай жасаған мемлекетке ризашылығын білдірді.

Қызылжар аспаны төрт күн бойы ашыл­май, қара бұлты төнген дауыл мен суық жаңбырдың астында болды. Маусым­ның 23-24-не той күндерін бел­гіл­еп, оның екінші жартысын ашық аспан астында өткізуді жоспарлаған, елі­міздің барлық облыстарымен қатар Түр­кия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбек­стан, Ресей сияқты бес мемлекеттен қонақтар шақырып қойған жергілікті бас­шылықтың біршама алаңдағаны да рас. Бір­ақ той басталған 23 маусым күні қор­ғасын бұлт сейіліп, төрт күннен кейін бірінші рет күн шықты. Ал 24 мау­сымдағы, ақынның туған жеріндегі дала­дағы іс-шаралар өткенде аспанда ақша бұлт­тар қаптағанымен түске қарай күн сәу­лесі жарқырай төгіліп, көк жүзі шай­дай ашыл­ды. Осыдан кейін табиғат ананың өзі сүйген ұлымен үндес екеніне қалай сенбессің.

Аққайыңдар қойнауындағы көк шалғынды жасыл алапта той басталып, оған шамамен жиырма мыңдай адам келгені айтылды. Той алаңын қоршай, қаздай тізілген көліктер нөпірін тегіс санай алмаса да шамамен көз шалып шыққан адамдар солай десті. Облыстың он үш ауданы және басқа да мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындардың тік­кен киіз үйлері алқақотан жайылып, кең алаптың өнебойын алып жатты. Мұндай тойды халық көптен ұмытып қалғандай еді, енді соның есесін алғандай жұрттың бәрі жадырап, қуаныштарын жасыра алмай, мәз-мәйрам болып жүрді. Бала-шаға түгілі бозбалалар мен бойжеткендер құрылған алтыбақандардың басында у-ду... Күрес, қыз қуу, бәйге сияқты спорттық ойындардың алаңы да қызу тартысты болып, көрермендерінің көңіл күйін шарықтатып жатты.

Үлкен сахнадан алдымен Мағжан өмірінен қысқаша көрініс берілді. Оны С.Мұқанов атындағы музыкалық-драма театрының әртістері тамаша орындады. Қа­зақ тойының үлкен сәні – ақындар айты­сы болса, ол екі күнге созылды. Алғаш­қы бөлігі Петропавлда ашыл­ған С.Мұқанов атындағы драмалық театр­дың жарқыраған жаңа ғимаратында баста­лып, оған қатысқан 16 ақынның сегізі екін­ші күні Сартомарда өздері­нің өнер сайы­сын жалғастырды. Айтыс­тың ақтаңгері Жүрсін Ермановтың денсау­лы­ғы сыр берсе де, Алматыдан жет­ке­ні – жиылған халықтың жүрегін тебірент­ті. «Мағжанның 130 жылдығы тойланып, халықаралық айтыс болып жатқанда үйде отыра алмадым», деді ол өзінің қысқа сөзінде. Облыс әкімі Айдарбек Сапа­ров оның иығына шапан жапты.

Сахнаны дүбірлеткен алымды ақын­дар неше түрлі түйдек-түйдек ойлары мен ұсыныстарын, тосын тіркестер мен өр­некті шумақтарын төгіп жатты. Мысалы, Шұғайып Сезімханұлы өзінің жы­рын­да жастарға арнаған құдіретті өлеңі бар Мағжанның атындағы Жастар мем­лекеттік сыйлығын тағайындаудың күні туғанын атап кетті. Түркістандық Ер­кебұлан Қайназаров та «шынымен Мағ­жан туған топырақ осы ма?» деп өзінің қатты толқығанын жеткізді. Со­ны­­мен бірге оның «алақандай болса да Са­ры­томар, Алты Алаштың ат байлар қазы­ғын­дай» деген жолдары да сәтті шықты.

Айтыстың жүлдесі де қомақты болды. Бас бәй­геге тігілген темір тұлпар жас ақын Шұғайып Сезімханұлына бұйыр­ды. Ал аламан бәйгеде Төстік Исламнұрдың ар­ғымағы бас жүлде алып, бәйгеге тігілген жеңіл көлікті еншіледі.

*  *  *

Тойдың бірінші күні өткен іс-шаралар да жоғары деңгейде өтті. Отандастарымызбен бірге алты шет мемлекеттен келген қонақтар Мағжан Жұмабаев пен Смағұл Сәдуақасұлының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Сосын ат басын «Абылайдың ақ үйі» музей-кешеніне тіреді. Сонымен бірге Қызылжарда  XVIII ғасырдағы мешітті қал­пына келтірудің нәтижесінде бой көтерген Ислам мәдениеті музейін ара­лады. Одан кейін жиналған қауым облыстың ең үлкен мәдениет орда­лары­ның бірі – Оқушылар сарайында болған «Мағжан Жұмабай – Тұран өр­кениеті мен Алаш идеясының ұлы жыр­шысы» атты халықаралық ғы­лыми-прак­тикалық конференцияға қатысты. Кон­ференцияда құттықтау сөзді облыс әкімі Айдарбек Сапаров, Қазақ­стан Жа­зушылар одағы басқарма төрағасы Ме­реке Құлкенов, ТҮРКСОЙ Жазу­шы­лар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет айтты. Одан әрі ғалымдар мен зерттеушілер өздерінің баяндамаларын оқыды. Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссия жобалық кең­сесі­нің басшысы, заңгер Сабыр Қасы­мов баяндамасында: «Алаш» ұлт-азат­тық қозғалысының жетек­ші идео­логтарының бірі Мағжан Жұма­баев­тың іс-әрекеті, азаматтық болмысы айрықша екенін атап өтті. «Бүгінгі күні оның ақындық құдіретіне, жүректен шық­қан жырларының сұлулығы мен терең мазмұнына мән берсек те біз оның аза­маттық феноменін толық ашқан жоқпыз. Қанша қысым мен қуғын көрсе де ол бас­қалар адасқанда өзінің ұлтын сүйген, халқын арашалаған Темірқазығынан айнымады. Мағжан Қазақстанда күшпен орнаған большевиктік биліктің халыққа қарсы, мүддесіне мүлде хас екенін көре­гендікпен болжап, «жын жайлады» деген бір-ақ сөзбен оның толық си­патын берген. Екіншіден, оның жырлары халықтың басына туған қанды қа­сапты әшкерелеп, ұлттық еркіндік пен азаттықты ту етті. Сол кездерде көп­теген ақын кеңестік режімнің айғай­шы­сына айналды. Өкінішке қарай, бұл топ­тағылар барлық құрмет пен атаққа бө­ленгені де белгілі. Мен олар­ды идеологиялық колоборанттар деп атар едім. Біз әлемнің озық елдері­мен теңесетін озық ұлттардың бірі болғы­мыз келсе бүгінгі таңда кімнің кім еке­нін ажыратуымыз керек. Мағжанның «Қорқыт», «Батыр Баян», «Ертегі», «Оқжетпестің қиясында», «Жүсіп хан» атты поэмаларының идеялық мазмұнына терең үңілген адам олардың соцреализмнің тар құрсауына сыймайтынын көрер еді. Бұларда Абылай, Кенесары, Наурызбай, т.б. қазақ жері­нің қорғаушылары, ерен ерлері ту­ралы баяндалады. Сондықтан да бұлар – жоғары дамыған өркениетті елдер­дің ой-жүйелік стандарттарына сәйкес дү­ниелер. Мағжанның осындай қырларын таныған большевиктердің идеологтары оның өздеріне жау екенін бірден таныған», деді.

Сондай-ақ ол Мағжанның әлі күнге саяси тұрғыдан ақталмағанын айтты. «Жұрттың бәрі сотталған баптың бұзы­лып, оның қылмыстық жазадан ғана ақталғанына мәз. Бұл заңды тұрғы­дан ақтау ғана. Өкінішке қарай, біз әлі күнге Мағжан сияқты ерлеріміз­ді сая­си тұрғыдан ақтайтын нор­матив­тік-құқықтық құжат қабылда­ған емес­піз. Осының кесірінен біз тіпті кеңес­тік кезеңде жаппай қуғын-сүргін­ді қол­даған адамдардың, кейін де ке­ңес өкі­метіне құлай берілген пар­тия-ке­ңес функционерлерінің аттарына кө­ше беріп, ескерткіштер орнату­да­мыз. Бұл туралы Президент Қ.То­қаев та екі рет қадап айтты. Сондық­тан біз­ге қаһармандарымыздың кім еке­нін мемлекеттік-құқықтық тұрғыдан көр­се­туге негіз болатын заң қабылдауымыз керек. Егер осындай құжат қабылдан­ған болса, Мағжанның есімі мен ісі тек бір облыстың шеңберінде ғана емес, бүкіл елімізде кеңінен насихатталған болар еді. Солтүстік Қазақстан облысында Мағжанмен бірге туған халқына қызмет етудің эталоны деуге болатын Смағұл Сәдуақасұлы да бар. Осы екі арыс­қа Алматы мен Астанада ескерткіш тұрғызылуына, құпиясыздандырылған құжаттардың негізінде кино түсірілуіне, олардың еңбектері ЖОО-лар мен орта оқу орындарының ғылыми-әдістемелік оқу бағдарламаларына енгізілуіне, ме­рейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде аталуы­на күш салу керек», деді Сабыр Қасымов.

Солтүстік Қазақстан университеті­нің профессоры Зарқын Тайшыбай ­биыл облыста Мағ­жанға арналған іс-шара­лар туралы айтып берді. Алдымен мүшәй­ра, сосын ақындар айтысы, конференциялар өт­кізілгенін сөз етті. Сонымен бірге ол Сар­томардағы Мағжан музе­йін облыс орта­лығына көшіру керек­тігін де айтып, ұсыныс жасады. Түркия­ның Кастоману университетінің профес­соры Орхон Сөйлемез сөз сөйлеп, ­Абай, Махамбет, Әбіш Кекілбай сынды ­ірі тұлғалар туралы және «Домбыра», «Ұлы Түркістан» атты кітаптарын сый­ға тартты. 

«Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, профессор Құлбек Ергөбек баяндамасында Мағжанның ақталуы туралы өте көп деректер айтты. Соның ішінде Мағжанды ақтау жөніндегі бір бастаманы ұстазы, профессор Бейсенбай Кенжебаев 1965 жылы көтергенін, ал 1970 жылы ақын туралы тамаша естелігін жазғанын жеткізді. Бейсенбай Кенжебаев Мәскеу­дегі Күншығыс еңбекшілері универси­тетінде Мағжаннан дәріс алған екен.

Тарихшы, профессор Бүркітбай Аяған баяндамасын Мағжан шығар­машылығының зерттелуіне арнап, осы қа­тарда біршама кемші­лік­тің барына тоқталды. «Біз әлі күнге кеңестік тап­таурыннан құтыла алма­ғанның салдарынан Мағжанды ста­линдік сүреңді бойына дарытпағаны үшін әсіресұлтшыл деп бағалауға бе­йілміз. Сонымен бірге оның түрмеде ұрып-соғумен берген жауаптарына се­нуге болмайтынын ойламаймыз. Мұн­дайды ОГПУ-НКВД қарақшылары өздері жазып, қол қойдырғанын еш­қашан естен шы­ғармауымыз керек. Мәселен, Мағ­жан­ның тергеуде берген мына жауабын қа­раңыз: «В начале 1921 года я переехал в Петропавловск как редактор областной газеты, где вел агитацию про­тив Советской власти и вел пропаганду за объе­динение тюркских народов под эгидой Японии – «Великого Восто­ка». В Петропавловске я встречался с Тлеулиным Джумагалием, который был завербован в шпионскую организацию Дулатовым. О Тлеулине я узнал подробности Петропавловского восстания, организованного казачьим крестьянским – русским и казахским кулачьем к при ближайшем участии нашей организации. Указания насчет этого восстания исходили от центра, Букейханова, в то время находившегося в Семипалатинской области, получили их в П-Павловске Тлеулин, Билал Малдыбаев и Али-Аскар Куанышев. От Тлеулина я узнал, как о наших ра­бот­никах о Качаганове Оспане и Бай­гаскине Есиме». Мұның тер­геушінің жазған көрсетпесі екені көрі­ніп тұр, ал ақынға осындай былапыт өтірікке зорлықпен қол қойдырған», деді ол. Өзінің баяндамасында Б.Аяған бұдан басқа да көптеген дерек кел­тірді.

Сонымен Қызылжар өңірінде иісі Түркі дүниесін дүбірлеткен ақы­н­ның тойы дүркіреп өтті. Ол бүкіл түр­кі жұртының бірлігін, әлемнің үйле­сімділігін паш еткендей болды. 

 

Солтүстік Қазақстан облысы