Қызылқоға ауданындағы ең ірі ауылдық округтің бірі – Сағыз. Бұрын өңірдегі тірек ауылының қатарына енгізілген еді. Теміржол бойындағы бұл округтің екі елді мекені 40 шақырымнан астам қашықта орналасқан.
Қазір округтегі тұрғындар саны 8 мыңнан асқан. Ауыл тұрғындары әкімдікте, 3 мектеп пен аграрлық-техникалық колледж, 2 балабақша мен 1 дәрігерлік амбулаторияда, мәдениет үйінде, теміржолда жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті табыс көзіне айналдырғандар бар.
Өзге ауылдар секілді мұнда да күрмеуі көптен шешілмей келе жатқан түйткілді түйін жетерлік. Мәселен, Ақтөбе облысының аумағынан басталып, Сағыз ауылының ортасымен ағып өтетін Ноғайты өзені көктемде тосын «мінез» танытады. Шағын өзен көктемде арнасынан асып, тұрғындарды әбігерге салды. Былтыр түн ортасында 24 тұрғын үйден 50 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Кейін өзен жағалауы құм салынған қаппен бекітілді.
Сағызда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен жаңа спорт кешені салынып жатыр. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары алдағы тамызда аяқталуға тиіс. Алайда ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылысын мезгілінен кешіктіріп отыр. Қазір нысан құрылысының 33 пайызы ғана орындалған.
– Мердігер мекемеге құрылысты тездетуді, ал жауапты басшыларға жұмысты қатаң қадағалауды тапсырдым. Берілген тапсырманың қалай орындалғанын бір жарым айдан кейін көреміз. Сол кезде тиісті нәтижесі болмаса, мердігер мекемемен арадағы келісімшарт бұзылады, – деді Серік Шәпкенов.
Бұл ауылға ауыз су «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырымен жеткізіледі. Тәулігіне 2 400 текше метр су айдайтын мұнара орнатылған. Ылди беткейдегі мұнара 700 текше метр су беріп тұр. Сол себептен, қосымша 2 су қоймасын, ауылішілік желі мен биік тұстан су мұнарасын салу жоспарланып отыр.
Ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселенің ең күрделісі – жастар арасындағы жанжал. Жастардың өзара келіспеушілігінің соңы төбелеске ұласып, салдарынан өрімдей жігіттер қыршынынан қиылып жатыр. Мәселен, бұрнағы жылғы күзде ауыл сыртымен өтетін «Ақтөбе-Атырау» тас жолының бойында төбелес болып, арты атысқа ұласқан. Бір адам оқтан ажал құшып, алты жігіт жарақат алған.
Бұл істің тергеуі ұзаққа созылды. Биылғы наурызда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралды. Қылмыстық істің алқабилердің қатысуымен қаралуына сотталушылардың бірінің өтініші негіз болған. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 7,9-тармақтары, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 1,7,9-тармақтары, 107-бабының 2-бөлігінің 4,5-тармақтары, 434 және 432-бабымен айып тағылды. Прокурор сотталушыларға 2 жыл 6 айдан 18 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші тарап сотталушыларға ең ауыр жаза тағайындалғанын қалады.
Алқабилердің шешімімен 11 күдікті Қылмыстық кодекстің 434-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны дәлелденбеуіне байланысты ақталды. Күдіктінің бірі кінәлі деп танылғанымен, рақымшылыққа сәйкес жауаптылықтан босатылды. Ал алты күдіктіге «Рақымшылық туралы» Заңына сәйкес, түпкілікті 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Бір адам 16, тағы біреуі 11 жыл 3 айға, үшінші күдікті 5 жылға сотталды.
– Әр ауылдағы, әсіресе осы округтегі тұрғындарды қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің сақталуы алаңдатады. Сол себептен, биыл Сағыз ауылында 50 бейнебақылау камерасы орнатылады. Полиция бөлімшесінің жаңа ғимаратын салу жоспарланды. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік нысандарды көптеп салуға назар аударып отырмыз, – деді Серік Шәпкенов.
Округ тұрғындарын мектеп мәселесі де толғандырады. Қызылқоға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметовтің айтуына қарағанда, округте тұрғындар саны жыл сайын өсіп отыр. Ауылдағы үш орта мектепте оқушылар саны көбейіп, орын жетіспеуде. Бұл ауыл тұрғындарының облыс, аудан әкімдерімен кездесуде жиі көтеретін мәселесіне айналған.
– Жақында облыс әкімі Серік Шәпкенов Сағыз округінің тұрғындарымен кездесуде «Жайлы мектеп» жобасымен жаңа білім ордасы салынатынын мәлім етті. Соған орай ауылда 600 орындық жаңа мектептің құрылысын бастау 2024-2025 жылдардың жоспарына еніп отыр. Қазір жаңа мектептің құрылысын жүргізу үшін Сағыз ауылынан жер телімі бөлінді. Құрылыс нысанының бастапқы құжаттары әзірленді. Енді жобалау жұмыстары жыл соңына дейін дайын болады, – дейді Дулат Нығметов.
Атырау облысы