Жасыл экономика мен жаңғырмалы энергия туралы жиі айтқанымызбен, еліміздің энергетика саласы әлі де қатты отынға тәуелді екені белгілі. Жақында Астанада өткен Қазақстан көмір өнеркәсібінің IV форумы саладағы бірқатар қордаланған мәселеге назар аудартты.
«Жаңа энергетикалық парадигма жағдайында көмір саласын дамыту мүмкіндіктері» атты форумда сала мамандары өзекті тақырыптарды талқыға салды. Көмірді жеткізудің жаңа экспорттық бағыттарын іздеп, қатты отынды байыту және жоғары құнды өнімдерге қайта өңдеу бойынша жаңа технологияларды енгізу, көмір химиясы мен көмірді таза және тиімді пайдаланудың басқа да жолдарын дамыту, өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, көміртексіздендіру саясаты аясында көмір өндіру перспективаларын айқындау, өндірістің тиімділігін арттыру мәселелері кезек күттірмейді.
Қатты отынды Үкімет қадағалап отыр
Форумда Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шарханұлы саланы дамыту стратегиясына қатысты Үкіметтің жоба-жоспары жөнінде айтты.
«Бұл форум салалық мәселелерді кеңінен талқылауға, бәсекеге қабілеттілік пен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін оны дамыту стратегиясын әзірлеуге арналған алаң болып отыр. Бүгінгі таңда көмір өнеркәсібі электр энергиясының 70%-ға жуығын өндіруді, кокс өндірісінің 100% жүктемесін қамтамасыз етеді. Отандық сектордың және ел тұрғындарының отынға қажеттілігін қанағаттандырады», деді ол.
«Қазір еліміздегі отыз шақты кәсіпорын халыққа, энергетика және өнеркәсіп салаларына қажет көмірді өндірумен айналысады. Сөйтіп, 30 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр еліміздің көмір өндіруші кәсіпорындары 113,9 млн тонна көмір өндірді, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 1,9%-ға артық», деп сөзін жалғаған вице-министр ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында көмірді экспорттауға салынған тыйымды тағы алты айға ұзартқанын айтты.
Бүгінде Үкімет 8 жобаны жүзеге асыруды және өндіріс көлемін ұлғайтуды көздейтін Отын-энергетика кешенін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Екібастұз ГРЭС 1 және 3-те жаңа энергоблоктардың құрылысы басталып, 2028 жылы Көкшетау мен Семей қалаларында ЖЭО іске қосылады екен. Өзбекстанға 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен 12,8 миллион тоннаға дейін көмір жеткізу қарастырылған. Бұйыртса, бұдан былай көмірді экспорттау бағыттары кеңейеді. Осыны айтқан министр орынбасары жаңа жобаларға тоқталды.
Тамыз айында «Богатырь» разрезінде өндіріс көлемі жылына 50 млн тоннаға артып қарашада Шұбаркөл көмірде 400 мың тонна арнайы кокс, белсендірілген көмір (400 тоннаға дейін) және гуминді тыңайтқыштар (900 тоннаға дейін) өндіретін жаңа зауыт іске қосылады», деді И.Шарханұлы.
Оның айтуынша, нақты шараларға қарамастан салада проблемалар бар. Олардың бірі – қосылған құны жоғары жаңа өнімдерді (газ, бензин, мотор майы және т.б.) алу үшін көмірді тереңірек кешенді өңдеу жобаларын жүзеге асыру керек. Бұл, әрине, еліміздің көмір әлеуетін пайдалану тиімділігіне айтарлықтай әсер етіп, жарқын болашақта көмір өнеркәсібін дамытудың басым бағыты болады.
Белгісіздік – басты қиындық
«Тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы» ММ атқарушы директоры Н.Радостовец өз баяндамасында бірнеше түйінді мәселені алға тартты. «Қазақстан экономикасын декарбонизациялау жөніндегі Үкімет саясатын және көмір өнеркәсібін одан әрі әртараптандырудың нақты жоспарының жоқтығын ескере отырып, бүгінде бұл сала белгісіздік жағдайында екенін ашық айту керек. Көмір өндірудің келешек перспективаларында қалыптасқан белгісіздік компанияларға одан әрі жұмыс пен шығындарды жоспарлау туралы көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік бермейді», деді ол.
«Электр энергиясын өндірудің тапшылығына және халықты газбен нашар қамтамасыз етуге байланысты Үкіметің «жасыл» күн тәртібіндегі мақсатты міндеттерді қайта қарау және көмірді сақтау қажеттігі туындады. Көмірді таза жағудың қолданыстағы технологияларын ескере, оны өндірудің қоршаған ортаға әсерін азайту перспективалары бар. Енді көмірден жаңа тауар өндіруді жолға қоюдың жолдарын нақты белгілеп, қазіргі жағдайға жан-жақты талдау жасап, көмір өнеркәсібінің одан әрі дамуын айқындау маңызды деп санаймыз», деп сөзін жалғаған атқарушы директор жоғарыда айтылғандарға байланысты көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасын әзірлеп, онда бүгінгі таңда саланың алдында тұрған өзекті мәселелерді нақтылау қажет деп атап өтті.
Көмірді экспорттау мәселелері
Көмір өнеркәсібін одан әрі дамыту мәселелері сыртқы нарықтағы қатты отынға қазіргі сұранысты және Қазақстандағы энергия тұтынудың өсуін ескергенде оның маңызы арта түсетінін көреміз. Оған деген үлкен сұраныс жаңа жобаларға, көмірдің сапасын арттыруға, экологиялық жобаларды жүзеге асыруды инвестициялауға мүмкіндік береді.
Енді көмір экспортының тиімділігіне ықпал ету қажет. Қазіргі уақытта геосаяси жағдайға байланысты Еуропа елдеріне көмір тасымалдауда қиындықтар туып жатыр. Ақтау және Құрық порттарында жүк өткізу қабілетінің жетіспеушілігі тағы бар. Бұндай жағдайда тұрақты көмір экспортын жасау мүмкін емес. Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет үкіметаралық деңгейде көмек көрсетіп, көмір компанияларына шикізат экспортына ынталандырушы тарифтер түрінде квота беруі қажет. Көмір экспорты ішкі нарықта бұл шикізаттың тапшылығына ықпал етпейді. Өйткені Қазақстанда көмір өндіру көлемі сұраныстан айтарлықтай асып түседі.
Бұйыртса, Транскаспий халықаралық көлік және Балтық бағыттарында көмір экспорты бойынша үлкен перспективалар ашылады. Бұл туралы форумда «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» заңды тұлғалар бірлестігі мен «Клайпеда Стивидоринг Компани» АҚ өкілдері айтып берді.
Көмір бағасын реттеу орынсыз
Қазіргі уақытта АЗРК жылу көмірінің бағасы реттеуді енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Осыған байланысты АЗРК-ның жылу көміріне бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу туралы ұсынысын орынсыз деп санаймыз. Көмір өндірудің нарықтық факторларға тікелей тәуелділігін ескере отырып, оның бағасын ұстау өндіріс шығындарын өтей алмауға әкеледі және көмір өндіруді тоқтатып қоюы бек ықтимал.
Көмір өндіру маңызды елдерде бағаны мемлекеттік реттеу жоқ екенін ескерген жөн. Мұндай қадам нарықтық экономиканың қағидаларына қайшы және тиісті нарықтағы бәсекенің жойылуына әкеліп соғады. Қазіргі уақытта көмірқышқылсыздандырудың жаһандық үрдісіне байланысты көмір өнеркәсібі көптеген қиындықтарды бастан кешіріп жатыр. Олар үшін несие ресурстарына қол жетімділік жабылды. Өткізу нарығы қысқарылып жатыр. Ең ірі тұтынушылардың бірі Ресей қазақ көмірінен біртіндеп бас тарта бастады. Сондықтан өндірістің қысқаруына жол бермеуге және көмір компанияларының экономикалық белсенділігін қолдау үшін жылу көміріне бағаны мемлекеттік реттеуді қолданбау керек. Бұл – өте маңызды.
Биржалық сауданың оң нәтижелері
Көмір нарығындағы жаңалық 2021 жылы бекітілген көмірді биржалық сату тәртібі болды. Онда көмір өндіруші кәсіпорындардың өңірлік операторларға көмірді тауар биржасы арқылы сату жөніндегі міндеттемесі қарастырылған.
Ішкі нарыққа жеткізу жоспарланған жалпы жылдық көлемнің кемінде 50%-ын құрайды. Тауар биржасы арқылы көмірді өткізу үлесін арттыру аймақтық операторларға үдеріске қатысуға және мемлекеттік коммуналдық сектор мен ел тұрғындарының қажеттілігін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай шаралар ішкі көмір нарығындағы бағаның тұрақталуына айтарлықтай әсер етеді.
2022-2023 жылдардағы жылыту маусымындағы сұранысты қамту мақсатында көмір өндіруші кәсіпорындар ішкі нарыққа коммуналдық көмір жеткізу жоспарын асыра орындап, жекелеген өңірлерде тиісті өнім тапшылығын жою бойынша жедел жұмыстар жүргізді.
Қазақстан көміріне сұраныс артты
Алдағы жылдары газ тапшылығының жалғасуына байланысты көмірдің жоғары бағасы сақталады деп күтіліп отыр. Атап айтқанда, бірнеше жыл бойы Еуроодақ елдерінен көмірге, оның ішінде қазақстандық көмірге сұраныс артады деп күтіліп отыр. Болжамдарды шетелдерге көмір экспортының ағымдағы көрсеткіштері растайды. Мысалы, 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша шетелдерге экспорт көлемі шамамен 3 971 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,08%-ға артық.
Экспорттың өсуіне Латвияға, Литваға, Түркияға экспорттың ұлғаюы және Чехия мен Польшаның көлемді сұранысы есебінен қол жеткізілді.
Көмірді өңдеудің маңызы
Көмірді өңдеу кезінде сұйық отынды қосқанда 250-ден астам өнім түрлерін алуға болады. Көмірден жаңа өнім өндіру жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс тізбегін ұлғайтады. Бұл бюджетке қосымша түсімдердің түсуіне ықпал етеді. Дегенмен көмірді қайта өңдеу жобаларының құны әлі де өте жоғары. Бұл Қазақстанда көмір химиясының дамуын шектейді.
Көмір өндіруші кәсіпорындар мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған жоқ. Сондай-ақ несие қаражатқа да қолы жете бермейді. Әйткенмен осы қиындықтарға қарамай көмірді байыту және терең өңдеудің заманауи технологияларын енгізіп, тың жобаларды жүзеге асыруды қолға алған. «Шұбаркөл көмір» компаниясы қуаттылығы жылына 200 мың тонна арнайы кокс өндіру жобасын іске қосқалы отыр. 2023 жылдың қазан айында кәсіпорынның қуаты жылына 400 мың тоннаға дейін арттыратын арнайы кокс шығаратын жаңа зауытты іске қосу жоспарланған.
Сондай-ақ «Шұбаркөл көмір» кәсіпорны өткен жылдың шілде айынан бастап белсендірілген көмір өндіру жұмысын бастады. Ағымдағы жылы соның 280 тоннасын өндіруді көздеп отыр. Жобаның негізгі міндеті – импортты алмастыру мәселесін шешу. Бұлармен бірге 2022 жылдың маусым айында Шұбаркөл кен орнының тозған көмірінен гуминді тыңайтқыштар шығаратын тәжірибелік зауыт іске қосылды. Қондырғының қуаттылығы – 900 тонна дайын өнім.
«Шұбаркөл Премиум» «Теміркөкс» ЖШС-мен бірлесіп, ай сайынғы өнімі 1 800 тонна болатын арнайы кокс шығаратын зауытты іске қосты. Биыл 2-кезеңді іске қосып, көлемін 3 600 тоннаға жеткізуге ниеттенуде.
«Богатырь Көмір» компаниясы таяуда «Көмір өндірудің циклдік ағыны технологиясы» атты инвестициялық жобаны іске қосады. Жоба жүзеге асқанда кәсіпорынның өндірістік қуат жылына қазіргі 42 миллион тоннадан 50 миллион тоннаға дейін артады.
Қазақстан көмір қоры (33,6 млрд тонна) бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің тізіміне кіреді. Осыған қарап көмір өндірісі туралы ел болып тағы бір ойланған дұрыс сияқты.