28 маусым – Құрбан айттың алғашқы күні. Мұсылмандық мереке Астанада таңғы сағат 06:00-де айт намазын оқумен басталады. Одан кейін құрбандық шалу басталып, 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚМДБ төрағасының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай мәлімдеді.
Брифингке Бас мүфти кеңесшісінен бөлек, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров пен «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Кенжетай Дүйсенбай Құрбан айттан бір күн бұрын, яғни бүгін – Арапа күні екенін еске салды. «Хадистерде келгендей, айт күндері жасалатын игі істердің ең абзалы – құрбан шалу. Ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбан шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп, яғни міндет. Демек, күнделікті күнкөрісінен бөлек артық дүниесі бар мұсылманның құрбан шалуы парыз. Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуға тиіс», деді ол.
Елімізде құрбан шалу рәсімі онлайн және оффлайн форматта өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел азаматтарына, әсіресе қала тұрғындарына құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын іске қосты. ҚМДБ төрағасының кеңесшісі барша мұсылман қауымын мүфтияттың «Раббың үшін құрбан шал» акциясына үлес қосып, сауапты істерде белсенді болуға шақырды.
«Біз қазір қасиетті Зүлхиджа айында отырмыз. Бұл айда мұсылмандар құрбан шалады әрі бес парыздың бірі болған қажылығын өтейді. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сонымен қатар 4 мың отандасымыз қазір қасиетті Меккеде. Қажыларымыздың ниеті мен дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз. Алла Тағала еліміз бен жерімізге берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды айт күндері амалға асырған әрбір игі істерімізді қабыл еткей!» деп түйіндеді ол.