Оқырман назарына біртуар ақын марқұм Есенғали Раушановтың біраз жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтқан пікірін ұсынамыз.
Әдебиет деген – protest, яғни қарсылық. Әсіресе, менің өлеңдерім іштегі қарсылықтан туады. Бірде Кеңес өкіметі тұсында Орталық Азияны аралайтын «Өзбекстан комсомолы» дейтін үгіт-насихат пойызына Қазақстаннан Ұлықбек екеуміз шақырылдық. Содан Хиуаның, Марғұланның көшелерін қыдырып жүрсек, бір өзбек шалы келіп, екеумізді қуалап мешітке апарып салды. Кірсек, жұма намазы оқылып жатыр екен. Жас кезіміз ғой, намаз оқуды да білмейміз, араларына тұра қалдық. Бір бірімізді мазақтап мешіттен ішек-сілеміз қатып, күліп шығып келе жатқанбыз, пәренжі жамылған бір қызға жергілікті милицияның қырғидай тиіп жатқанын көрдім. Қалай киінсе де, ол қыздың өз хақы ғой деп ойлағам сонда. Бұл 1984-1985 жылдар болатын. Ал қазір қыздарымыздың қап-қара көйлек киіп, мөлітіп-төгілтіп алғанын түсіне алмаймын. Ол әрі-беріден соң қазақта жоқ нәрсе. Ғафур Гұлам деген өзбектің жазушысы болды. Біздің Сәбеңнің, Сәбит Мұқановтың досы. Ғафурдың қызының өзі бүгінде 80-нен асты. Хабарласып тұрамын. Ғафұр ака пәренжі жамылған әйелдердің қандай сұмдық істер жасағанын жазған. «Сұм бала» деген һікасын оқыңыз. Тіпті, «Өйтіп тұмшаланғанша, ашық жүргені жақсы емес пе?!» деген түйін де жасаған. Қыз балалардың оранып алып жүргенін қабылдай алмаймын. Біз діннен алысырақ өстік. Десе де, Бекет атаның ұрпағы болғандықтан, мен Ислам дініне міндетті түрде құрметпен қараймын, оның қағидаларын үйде де, түзде де ұстауға тырысамын. Дей тұрғанмен, дінге бассыз, көзсіз кеткен жастардың «әке-шешем намаз оқымайды» деп ата-анасына қарсы шығуы немесе «мені талақ етті» деп әйелдердің бір күйеуден екінші, үшінші күйеуге кете беретінін түсінбеймін. Ол – біздің қазақтың әдеп ахлағында жоқ нәрсе. Мен Қожа Ахмет Ясауидің ұстанған бағытын қолдап, қуаттаймын. Ол – Ислам дінін қазақтың менталитетіне ыңғайлаған адам.
Қазіргі кейбір жастар қазаққа арабтардың жаңағы «дәстүрін» қайтып әкелгісі келетін сынды. Тұмшаланып оранған қызының ата-анасы бет жүзін көрмей жүрсе, оны қалай түсінеміз? Қазақтың қызы әке-шешесіне еркелеп, жайраңдап, әкесінің мойнында өсуі керек емес пе?!