Төлеген шайырдың «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» дейтін өлең жолдары бар еді ғой. Бұл сөзді бүгінде тек ақындарға емес, қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистер қауымына қарата айтуға да әбден болады. Шын мәнінде, қоғамдағы әрбір қиындықтың басы-қасынан табылып, халық пен билік арасында алтын көпір болып жүрген «төртінші билік» өкілдерінің өмірі де тынымсыз тірлікке толы.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай теледидар арқылы есімі көпке таныс журналистерді көріп, солардай болсам деп армандап, сол арманы өрге жетелеп, бүгінде ақпарат айдынында өзіндік орны бар «Жұлдыз FM» радиосының бас редакторы Анар Мыңбаева туралы әңгімелемекпіз.
«Біз мектепте оқып жүргенде сол уақыттағы қазақ телевизиясының бет-бейнесін қалыптастырған Қымбат Хангелдина, Қымбат Досжан, Жайна Сламбек секілді танымал тележурналистерді көріп, қызығатынбыз. Мен де теледидардан халықтың алдында сөйлесем деген бала арман болды. Ол кезде журналистиканың шын мән-мағынасын терең ұғынбасақ та, мектепті бітірген соң, журналист болам деген мақсатқа нық бекінгенім есімде. Бұның үлкен жауапкершілік және өзіндік тәрбие құралы екендігіне университетке оқуға түскеннен кейін ғана көз жеткіздік», дейді әріптесіміз.
Анардың осы саладағы ең алғашқы еңбек жолы студент кезінде елордалық телеарналардың бірінде басталған еді. Дегенмен кейін қызмет жолы күрт өзгеріп, радио саласына біржола бет бұрды. «Радиоға жүрек қалауыммен келдім деп айта алмаймын. Өзімді теледидардың адамымын деп санаушы едім. Бірақ отбасын құруыма байланысты елордадан Алматы қаласына қоныс аударған соң, оңтүстік астанамыздан бұйырған алғашқы жұмысым радио болды. Дегенмен, радионың бір сиқыры бар ма, кім білген, бұрын-соңды таныс та бейтаныс жаңа әлемге бір бас сұққаннан кейін өзімнің жаныма ең жақын, көңілім қалайтын кәсібімнің осы екеніне көзім жетті. Содан бері, міне, осы салада жүргеніме 15 жыл болды», дейді ол.
Бүгінде жаңа медиа қарыштап дамып, жан-жағын жайпап келе жатқан заман. Соған байланысты дәстүрлі БАҚ-тың өрісі бұрынғыдан тарылып, оқырманы мен көрермені азайғаны белгілі. Дегенмен шынтуайтына келсек, жаңа медианың дамуы радио саласына кері әсерін тигізбегенін, керісінше оның бұрынғыдан да кеңірек танымал болуына түрткі болғанын көріп отырмыз. Өйткені радио баспасөзден кейін екінші болып өмірге келген көнекөз бұқаралық ақпарат құралы болғанына қарамастан, қазіргі күні ақпарат майданынан өз орнын тауып, жаңа медиа мүмкіндіктерінің арқасында танымалдығын арттыра түскен.
– Радионың өзге бұқаралық ақпарат құралдарынан бірқатар айырмашылығы бар, – дейді Анар Мыңбаева. – Мәселен, теледидарда журналист өзі көтеріп отырған мәселені халыққа жеткізу үшін тек сөйлеп қана қоймай, оны видео арқылы сүйемелдейтін болса, радиожурналист мұның бәрін тек дауыспен ғана жеткізеді. Халыққа түсінікті тілмен, мәдениетті де нақты әрі ықшам сөйлеу арқылы ойымызды жеткізуіміз керек. Абай атамыздың «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген сөзін радиожурналистердің сөз қолданысына қатысты айтсақ та болады. Табан астында қиыннан қиыстырып сөз табу, тыңдарманға жағатын әрі жағымды дауыспен әдемі сөйлеу білу – шеберлікпен қоса тәжірибені талап етеді...
Анардың айтуынша, радионың бір артықшылығы – басқа БАҚ-тың үні жете қоймайтын орындарға да таралу мүмкіндігі. Мәселен, бүгінде көп адам радионы көбіне көлікте отырып тыңдайды. Көлік құралдарының басы бүтін «монополисіне» айналды десек те, артық айтқандық емес. Одан бөлек, табиғат аясында, саябақта, көшеде жүріп те радио тыңдауға болады. Сондықтан оның аясы кеңірек екеніне шүбә жоқ.
– Радионың көпшілік көңіліне жол табар ерекшеліктерінің бірі – ондағы көңіл көтеру бағдарламалары. Мұндай хабарлар тек тікелей эфирде өтетіні белгілі. Сол себепті бұл журналистерден үлкен жауапкершілікті және шеберлікті, жинақылықты талап етеді. Сенің міндетің – тыңдармандардың көңілін көтеру болғандықтан, өзіңнің көңіл күйің болмаса да, өміріңде қандай да бір проблема болса да, эфирге шығар алдында оның бәрін сыртқа қалдыруың қажет. Өйткені тыңдарман жүргізушінің көңілсіз отырғанын, айтқан сөздерінің шынайы еместігін де сезеді. Сол себепті басқа дүниенің бәрін ұмытып, эфирді тыңдап отырған халық үшін өз көңіл күйін «құрбандыққа» шалу – біздің міндетіміз, – дейді Анар Мыңбаева.