«Қазақ газеттері» серіктестігі Алматы қаласындағы басылымдарының қызметкерлері БАҚ қызметкерлері күніне орай мамандарды марапаттап, қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай қара шаңырақтың қалыптасуына ықпал еткен азаматтардың рухына құран бағыштады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы «Қазақ газеттері» Бас директорының орынбасары - Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Бүгін «Қазақ газеттері» серіктестігі Алматы қаласындағы басылымдарының қызметкерлері қасиетті Құрбан айт пен төл мерекемізге орай редакциямызда дастарқан жайып, Құран оқытты. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді, дүниеден өткен Жұмабек Кенжалин, Аманхан Әлімұлы, Нұрперзент Домбай және т.б. осы шаңырақтың қалыптасуына қажырлы еңбек еткен қаламгер ағаларымызды еске алдық. Рухтары шат болсын!
Сондай-ақ жарты ғасырға жуық еңбек жолынан өтіп, «Ақиқат» журналында иықтасып қатар зейнет демалысына шығып жатқан қос қаламгер ағамыз Серікқали Хасан мен Құтмағамбет Қонысбайға құрмет көрсетіліп, «Еңбек ардагері» медалі тапсырылды. Еңбектеріңіздің зейнетін көріңіздер, ағалар!
Кәсіби мерекемізде еңбегі еленіп жатқан әріптестеріміздің қатарында «Балдырған» журналының суретшісі Ерлан Момбаев пен Kazgazeta интернет-редакциясының басшысы Айнұр Мұратова ханым да бар. Қос әріптесіміз «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Әріптестеріміз шын мәнінде үздік. Өйткені балалар басылымының жартысынан астамы иллюстрациямен, безендірумен шығатыны белгілі. Бұл - орасан еңбек. Сонымен бірге демалыс күнінде де, мерекеде де толассыз ақпарат тарататын, бүкіл газет-журналдарымыздың сайтына ие болып отырған, бұл аздай әлеуметтік желідегі парақшаларды да дамытуға күш салып жатқан интернет-редакция қызметі - нағыз креатив. Оны тұрақты жүргізіп отыру оңай емес. Айнұр Әкімбайқызының бұл жолдағы еңбегі ерен, құрметке де лайық!
Қысқасы, ұжымдағы әрбір әріптесіміз биік бағаға ие.
Айттан айтқа аман-есен, мерекеден мерекеге береке-бірлікпен жете берейік! Еңбек елене берсін, қадірлі әріптестер!», делінген жазбада.