Қазір партия өзіндік ұстанымы, көзқарасы бар тұлғаны таба білуі қажет. Ертең сайланып алған соң, халыққа ой айтпайтын, пікір білдірмейтін депутаттан не пайда?
Соңғы сайлаудың өзгешелігі неде? Біз Парламент пен мәслихаттар сайлауларында шетелдік үлгілерді қолға алып жатырмыз. Елімізде партиялық жүйе енді ғана дамып келеді. Бірақ әлі толыққанды қалыптасты деп айта алмаймын. Мысалы, бізден бөлек билік партиясына жатпайтын депутаттар бар. Олар бізге қарағанда анағұрлым белсенді болуы керек. Бірақ осы белсенділік тиісті деңгейде көрінбей жатыр. Сондықтан партиялық жүйе әлі жеткілікті жұмыс істеп жатқан жоқ.
Жаңа өзгерістерге сай халық сайлаған депутат адамдардың көңілінен шықпаса, оны кейін қайтарып алуға болады. Алайда қазіргі таңға дейін ондай жағдай тіркелген жоқ. Дегенмен өңірімізде бір депутатты сайлаушылар қатты сынады. Енді біз бұдан бір нәтиже күтіп отырмыз: не ол өзін ақтап шығуы керек, не кетуі қажет. Сондықтан мен мұны жақсы өзгеріс деп айта аламын. Кімде-кім өзінің берген уәдесін орындамаса, айтқан сөзін іске асырмаса, өмірдегі жүріс-тұрысы дұрыс болмаса, оларды кейін шақырып алады. Көппартиялық жүйе осыған барынша оң ықпал етеді деп сенемін.
Қазір депутаттық қызметке халыққа қызмет жасаймын деген шын ниеті бар адамдар келгені абзал. Бұрынғыдай тендер аламын, бизнесімді жүргіземін деген заман өтті. Яғни қазіргі таңда бұл қызметке өзіңнің емес, халықтық мүдде үшін бару қажет.
Бұрын жарық, жылу және газ салаларындағы монополистерге жергілікті депутаттардың тісі батпайтын. Депутаттар да монополистерге қарсы күресті бастап жатыр. Мәселен, бір ғана оқиғаны айтайын, Ордабасы ауданында бір кәсіпкер қыш зауытын ашып, 3 шақырым жерден жарық тартқан. Жұмысын бастағаннан кейін оның жанынан тағы бір бизнес ашады. Енді оған өзінің тартқан желісінен ток жүргізейін десе, монополист 6 шақырым жерден тағы электр қуатын тарт деп тұрып алыпты. Содан әлгі кәсіпкер партия қабылдауына келді. Біз іске араласқаннан кейін ғана бұл мәселе оң шешілді. Депутаттар қауымы осылай халық игілігі үшін жұмыс жүргізуі керек.
Дулат ӘБІШ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты