Астана әкімдігі коммуналдық қызмет тарифтерін 15-20 пайызға көтеруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазір табиғи монополия комитеті бұған жауапты мемлекеттік органдармен жұмыс істеп жатыр. Коммуналдық қызмет тарифтерін 15-20 пайызға көтеруді сұрап отырмыз», деді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиын барысында.
Ол қазіргі уақытта жеке тұлғалар үшін электр энергиясының тарифі бюджеттен бөлінген субсидияларды ескере отырып, бір кВт/сағ үшін 16 теңгені құрайтынын атап өтті. Мемлекеттік мекемелер соның ішінде мектептер, балабақшалар, ауруханалар кВт/сағ үшін 50 теңге төлейді.
«Мысалы, Алматыда және басқа қалаларда кВт-сағ құны әлдеқайда жоғары. Сондықтан Астанада тарифтерді мұндай деңгейде ұстай алмаймыз. Біз электр желілеріне инвестиция салуымыз керек, оларды ретке келтіруіміз керек», деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, судың текше метрі Астанада 48 теңге болса, Алматы, Қарағанды және басқа қалаларда 100-ден 150 теңгеге дейін, кейбір елді мекендерде 200 теңгеге дейін барады.
1 шілдеден бастап барлық өңірлерде коммуналдық қызметтердің тарифтері кезең-кезеңімен өзгереді.