• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қылмыс 04 Шілде, 2023

Браконьерлердің бассыздығы

783 рет
көрсетілді

Табиғат байлығына суық қолын сұққан браконьерлердің қулығына құрық бойламай тұр. Қуғанға жеткізбейтін жүрдек қайығы, өзгелердің қолына түспейтін аса қымбат спутниктік байланыс құралы бар браконьерлердің заңсыз әрекеті биылғы «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау іс-шарасы кезінде тағы да тіркелді. Бұл жолы браконьерлер Каспий теңізінен ауланған бекіре тұқымдас бағалы балықты қамыс арасына жасырып, заңсыз әрекеттерін бүркемелемек болды.

Балық шаруашылығы коми­теті балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу бас­қар­ма­сының басшысы Ерасыл Суық­баев­тың айтуынша, Жайық-Каспий су айдындарында «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акция­сы аяқталды. Акция 1 сәуірде бас­талып, 31 мамырға дейін созыл­ды. Акция кезінде еліміздің баты­сындағы Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облысының аума­­ғындағы Жайық-Каспий су бассейні­нің арнасы мен сағалары қамтылды.

– Экология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрліктері мен Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесе өткі­зілген акция­ның мақсаты – бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету. Акция кезінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инс­пекторлары табиғат заңна­масын бұ­зудың 972 дерегін анық­тады. Заң талабын бұзған 669 адам әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Бра­коньер­лікке, сирек кездесетін және жо­­йы­лып кету қаупі төнген балық түр­лерінің заңсыз айналымына қатысты 36 қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты құқық бұзушыларға 15,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 68 тонна 300 кило балық, оның ішінде 1001 кило бекіре тұқым­дас бағалы балық түрлері алынды. Бекіренің 29 кило қара уыл­дырығы тәркіленді. Балық аулау заң­дылығын бұзушылардан 295 балық аулау құралдары, 76 су кө­лігі мен 13 автомашина алынды, – дей­ді Ерасыл Суықбаев.

Жайық өзенінің арнасы мен Каспий теңізінің акваториясын күнделікті тазартудың нәтижесінде су айдындарынан ұзындығы 74 шақырымнан асатын 743 заңсыз балық аулау торы табылған. Ак­ция кезінде Атырау облысының құ­қық және табиғат қорғау орган­­дары Исатай, Жылыой, Құр­­ман­ғазы аудандарындағы, Дам­бы бағыты мен «Ақжайық» мемле­кет­тік табиғи резерваты секілді кри­миногендік аймақтарға баса назар ауда­­рылған. Ал Жайық-Каспий облыс­аралық балық шаруашылығы бас­сейндік инспекциясының өкілі Олег Туш­кановтың айтуынша, инспекторлар мен Шекара қызметінің қызметкерлері бірнеше рет бірлескен рейд өткізіп, Жайық өзенінің жағасы, Каспий теңізіне құяр сағасы бақылауға алынған.

«Мәселен, Пешной елді мекені тұ­сындағы қамыс арасынан жалпы сал­мағы 35,9 кило тартатын 15 бекіре тұқымдас балық табылып, тәркіленді. Бұл дерекке қа­тысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі. Балық ресурс­тарына келтірілген залал 18 млн 578 мың теңгені құрайды», деп мәлім етті О.Тушканов.

Оның дерегіне сүйенсек, дәл осындай бірлескен рейдті өткізу­шілер 19 мамырда Жайық өзенінің жағалауындағы қамыс арасынан 62,2 кило бекірені тауы­п алған. Браконьерлер бағалы ба­лықты 3 қапқа салып жасырған. Алдын ала мәліметке сәйкес балық ресурстары­на келтірілген залал мөл­шері 64 млн 377 мың теңгені құрайды. Ал оның ертесіне – 20 мамырда теңізге құятын өзен жағалауында өскен қамыс арасынан жалпы салмағы 101,6 кило бекіре тұқымдас балық түрлері тағы табылды. Бұл жолы бағалы балық 4 қапқа салынған. Инспекторлар балық ресурс­тарына келтірілген залал алдын ала есеп бойынша 105 млн 156 мың теңгені құрайтынын айтып отыр.

Браконьерлер бағалы балықты кө­лікпен де тасымалдайтыны туралы дерек те аз емес. Мәселен, Жа­йық-Каспий об­­лысаралық балық ша­руашылығы бассейндік инспекция­сының өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, Атырау-Құрманғазы тасжолында тоқтатылған «Лада-Приора» автокөлігінен 47 кило, Атырау қаласындағы Балықшы шағын ауданында «ВАЗ-2115» автокөлігінің жүк салғышынан 121 кило 300 гр бекіре тұ­қымдас балық тәркіленді. Ал Ақтау қала­сында «Toyota Ipsum» көлігінен сал­мағы 19,7 кило бекіре тұқымдас ба­лық­тар мен 1,5 кило қара уыл­дырық табылды.

Полиция қызметкерлері Аты­рау қаласында орналасқан мей­рамхананың тоңазытқышынан жалпы салмағы 73 килоны құ­райтын бекіре тұқымдас балық тапты. Ал 1995 жылы туған жүр­гізу­шінің автокөлігін тексеру ке­зінде 121 кило бекіре тұқымдас баға­лы балықты алып келе жатқа­ны анықталды. Сондай-ақ тұрғын үйлерді тексеру кезінде 12 кило бекіре тұқымдас балық тәркіленді.

Ұлттық қауіпсіздік коми­теті Аты­рау және Маңғыстау облы­сындағы департаменттерінің қызметкерлері «Бекіре-2023» балық қорғау акциясы аясында балық аулаудың бекітілген тәртіптері мен талаптарын бұз­ған 81 адамды ұстады. Олар­дан 34 кіші көлемді жүзу құрал­дары тәркіленіп, 2 302 875 тең­генің әкімшілік айыппұлы са­­лынған. Сонымен бірге 152 550 метр браконьерлік тор, 6 650 метр күр­шектік құрылғылар тәр­кіленген. Заңсыз ауланған 2 175 килоны құрайтын 348 бекіре тұ­қымдас балық, 9 984 килоның 14 722 ұсақ тұқымдас балық пен 7 итбалық табиғи мекендеу ортасына жіберілген. Браконьерлердің жасырған 160 кило бекіре мен 433 кило ұсақ балық түрлері та­былған. Алдын ала дерек­ке сүйен­сек, балық қорын талан-таражға са­лудан табиғи ресурсқа 746 млн теңгеден аса шығын келгені анық­талып отыр.

Міне, ресми органдардың жария еткен деректері осындай. Алай­да Жайық-Каспий су бас­сей­ніндегі браконьерлікке, бір кило қара уыл­дырығының құны 250 мың тең­­геден төменге бағаланбайтын бе­кірені заңсыз аулаушыларға түбегейлі тосқауыл қойылды деуге болмайды. Бәлкім, бұрынғы жылдардағы дерек­тен сәл де болса азайған шығар. Өйт­кені еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бра­коньерлікке, браконьерлерге қарсы күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Солай десек те, бекіре тұқымдас бағалы балық қорына жаудай тиіп, баудай түсірген, мем­­лекетке бірнеше миллиондап шы­ғын келтірген браконьерлердің заңсыз әрекеті тоқтар емес. Неге?

 

Атырау облысы