Астанада Журналистер саябағы ашылғаннан кейін сән-салтанаты келіскен алаңда іле-шала алғашқы іс-шара да өтіп үлгерді. Атап айтқанда, «Қазақ газеттері» ЖШС қызметкерлеріне кәсіби мереке – БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында тағайындалған марапаттарды табыстау салтанаты өтті.
«Сіздер халық пен билік арасында дәнекер болып, елдің жүгін арқалап жүрсіздер. Алдағы уақытта да тек жемісті еңбек етіп, ақиқаттың жаршысы бола беріңіздер», деген серіктестіктің бас директоры Дихан Қамзабекұлы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін бас директордың бірінші орынбасары Владимир Курятовқа, «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Азамат Есенжолға және редакция қызметкері Бақытжамал Қайыпжановаға табыстады.
Сонымен қатар, «Egemen Qazaqstan» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, бас редактордың орынбасары Бану Әділжанға Президенттің Алғыс хаты табыс етілді.
Бұдан бөлек, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Құрмет грамотасымен Дүйсенәлі Әлімақын, Әсем Насимова, Перизат Нұрбекова, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатымен Бауыржан Кәрсұлтанов, Айнұр Бейбітхан марапатталды. «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Ескендір Зұлқарнайға Ішкі істер министрлігінің грамотасы берілді. Сонымен қатар мерекеге орай ұйымдастырылған спорттық жарыстарда жеңімпаз және жүлдегер атанған редакция қызметкерлері мақтау қағаздарымен марапатталды.