• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2023

Ертістің игілігін қашан көреміз?

303 рет
көрсетілді

Ертіс өзеніндегі кеме қатынасын дамыту төңірегінде бүгінде сөз көп те, атқарылған іс мардымсыз. Мемлекеттік техникалық флоттың, жағалаудағы көлік инфрақұрылымдары мен шлюздердің тозуы өзендегі кемелерді өткізу қабілетін барынша төмендетіп жіберген. Ішкі көлік саласындағы бұл түйткілді тарқату бүгінде мамандардың бас ауруына айналып отыр.

Кеңес заманында Павлодар өзен портының айдарынан жел есіп, мұнда жүк ағынын айтпа­ғанның өзінде, жолаушылар тасымалы айрықша өркендеді. Облыс орталығының жұртшылығы Ақсу қаласына, Май, Аққулы аудандарына, өзен­­нің төменгі саласындағы елді мекендерге «Ра­кета» сынды жоғары жылдамдыққа ие қа­нат­ты жолаушылар кемесімен күнделікті қаты­найтын. Су жолы тоқырау жылдары эконо­микалық тұрғыдан қатты зардап шеккен саланың бірі болып, мұндағы кемелердің жаңалары Ресейге өткізілсе, ескілері темірге тапсырылды. Осылайша, Павлодардағы өзен вокзалында серуенге арналған бірнеше жолаушылар кемесі ғана қалды. Ал әуселесін әрең сүйреткен өзен пор­ты жергілікті құрылыс материалдарына сұра­ныстың арқасында өміршеңдігін сақтап қалды. Өзен арнасынан құм қазып алып, онысы құрылысқа, жол саласына дайындайтын кәсіпорын ретінде бүгінде танымал болып отыр. Порт деген атауы ғана. Әйтпесе, үлкен кемелер мен паромдарды үнемі қабылдайтындай қауқары жоқ. Мұндағы өзен крандарының көбі ескірген, ішкі инфрақұрылымы да оңып тұрған жоқ. Әйтсе де порт бұл жерден ірі транзиттік жүктер өтетіндей етіп тиімді орналасқан.

«Павлодар өзен порты» АҚ-ның бас инже­нері Бауыржан Әубәкіровтің айтуынша, мұнда теміржолдар мен автомобиль жолдары жақын орналасқан. Егер өзен бойын өрлеп кемелер жиі жүретін күн туса, Павлодар өзен портының арқасында алыс-жақын шетелдермен жақсы байланыс орнатуға болады. «Порттың порталдық крандары бойынша проблемалар бар, оларға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Кеңес одағынан қалған техникалар ғой. Тозығы жетсе де, кейбір бөлшектерін жаңартып, мүмкіндігінше жұмыс қалпында ұстап отырмыз. Қазір бізде жеті кран бар. Олардың ішінде алтауы жұмыс істейді. Мұндай кранды толық құрастыру үшін шамамен 600-650 миллион теңге қажет», дейді маман. Қазір компанияға жүк тиегіштер қажет екен. Ұйым оларды сатып алуды жоспарлап отыр. Мұның бәрін бір жылдың ішінде тындыру мүмкін емес. Ал техникалардың шамамен 70 пайызы тозған.

Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының ХVI форумында Омбы облысының губернаторы Александр Бурков Ертісте кеме қатынасын дамытуды ұсынғаны да есімізде. Трансшекаралық өзен арқылы Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалы қазіргі күні небәрі 180-200 мың тоннадан аспайды. Бұл мәселені реттеу үшін қос елдің басшылары Ертіс өзеніндегі бір­қатар мәселелерді реттеу бойынша шешім­дер қабылдауы керек. Яғни гидротехникалық құры­лыстарды салу, өзеннің түбін тереңдету, инфра­құрылымдарды дамытудың бірлескен жобалары қабылданса құп делінген. Алайда бұл ұсыныстар сөз жүзінде қала берді. Екі ел де бұған мән бермей отырғаны өкінішті.

Негізі кейінгі жылдары Қазақстандағы жүк тасымалы бойынша маңызды өзгерістерді бай­қауға болады. «Орта дәлізге» сұраныс артып, отан­дық инфрақұрылымдарға деген қажеттілік өсіп келеді. Жүк ағыны мен жеткізу тізбегінің өзгеруі су көлігін дамытуға итермелейтіні сөзсіз. Кезінде Беларусь пен Ресей арқылы Еуропаға ағылған жүк ағыны қазір бұрылып, Қазақстанды көктей өтіп жатыр. Мамандар халықаралық жүк тасымалы Қазақстан арқылы Қытайға, Орталық Азияға, Таяу Шығысқа бағытталып отырғанын да айтады. Су жолы тұрмақ, автокөлік және теміржол тасымалдары бойынша мұндай ағынды қабылдап, өткізу еліміз үшін үлкен қиындық тудырып отырған көрінеді. Мысал үшін теміржол тораптарында өте тар учаскелер көп. Бұған қоса іріктеу стансаларының жетіспеушілігі, теміржол тораптарының аздығы да үлкен мәселе.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының Логистика және көлік комитеті төр­ағасының орынбасары Юрий Лавриненко­ның пікірінше, жүк тасымалының әлеуетін арттыруда су жолы да маңызды рөл ойнайды. Тек бұ­ған мемлекеттік деңгейде мән берілмей келе­ді. Мемлекет иелігіндегі өзен порттарының инфрақұрылымын жаңарту, шлюздерді талап­қа сай етудің жаңа бағдарламасы қажет. «Ертіс өзені бойымен жүк тасымалы кезінде жылына 11 млн тоннаға дейін жеткен. Өзен үстімен қиыр­шық тас, көмір, мұнай өнімдері және тағы да басқа өнімдер тасымалданды. Бұл тарапта кейінгі жылдары біраз қозғалыс пайда болып, Павлодар мен Омбы арасында үлкен паром сирек те болса жүк таси бастағаны байқалады. Үкімет мүшелері бұл жайлы аз білетін болар деп ойлаймын. Өңірлік билік бұған мүдделі болса, өзен арқылы Ресеймен тұрақты алыс-берісті жолға қоюға болар еді. Қазіргі күні жүктерді контейнерлеу мәселесі – аса өзекті. Пан­демия уақытында Қытай мемлекеті барлық жүк ағыны тек контейнерде болуы тиіс деген талап қойып, барлығын контейнерде ғана қабылдады. Жүк жөнелтушілер де бұған бейім­деліп, контейнер­леуге көше бастағанын көріп отырмыз. Сондықтан Қазақстан үшін де контей­нерлеу бағдарламасы қажет. Оны мемлекет тарапынан қолдаса дұрыс болар еді. Су жолында да контейнерлер пайда болса, бұл тасымалдау технологияларына жаңашылдық енгізеді. Контейнерге көшсе, тек сусымалы өнімдерді ғана емес, өзге де сапа­дағы тауарларды, қымбат бұйымдарды тасымал­да­уға болар еді. Мұндай тәжірибе қазірдің өзін­де Еуропада бар әрі ол өзінің тиімділігін байқат­қан» дейді ол.

Жоғарыда айтқандай, Керекуден Ресейге бү­гінде су жолы арқылы негізінен құм тасымал­данады. Өзен порты басшылығының сөзіне сүйен­сек, тауардың өзге де түрлерін баржа және паром­дар арқылы жеткізуге мүмкіндік мол. Тек өзен арнасының кейбір тұстарын кеңейту қажет. Ұйым өкілдері өзеннің жоғарғы бөлігі, Қытай жағына да көз тігіп отырғанын айтайық. Келешекте көрші елден сұраныс болатын болса, Ертістің үстімен жүк кемелері жүретіндей жағдай тудыруға әбден болады деп есептейді мамандар.

 

ПАВЛОДАР