Президент Маңғыстау атом электр комбинаты мен Атырау мұнай өңдеу зауытындағы төтенше жағдайға кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылатынын алға тартты.
Үкіметке аталған кәсіпорындарды қысқа мерзімде жұмыс жағдайына келтіру туралы тапсырма берді. Өйткені бұл – ел экономикасын орасан зор шығынға ұшыратар алаңдатарлық ахуал.
Атырау қаласының дәл іргесінде орналасқан мұнай өңдеу зауытында тауарлы мұнай өнімдерінің 20-дан астам түрі шығарылады. Оның ішінде сұйытылған көмірсутекті газдар, автомобиль жанармайы, дизель, реактивті қозғалтқыштарға арналған пеш пен кеме отындары, вакуумдық газойль, мазут, мұнай кокстары, техникалық күкірт, параксилол, бензол секілді өнімдер бар. Зауыттың мұнай өңдеу қуаты жылына 5,5 млн тоннаны, ал өңдеу тереңдігі 86,4 пайызды құрайды.
Ел экономикасы үшін осындай маңызды өнімдер шығаратын зауыттың басынан қара бұлт арылмай-ақ қойды. Қара бұлт дегенде, зауыттың мұржасынан әлсін-әлсін будақтайтын қара түтінді айтып отырмыз. Жыл басынан бері үш рет осындай дерек тіркелді. Мәселен, 27 сәуірде сағат 16.08-де каталитикалық крекинг қондырғысында технологиялық режім бұзылған. Оның зардабы орасан болуы мүмкін. Сол себептен, апаттық жағдайға жол бермеу мақсатында жанармай газын мәжбүрлі түрде факелге жіберуге шешім қабылданған.
Ал 8 мамырда параксилол өндіретін Paramax (PX) технологиялық қондырғысын іске қосу шарасы жүргізілген. Алайда сағат 19.18-де алдын ала фракцияға бөлу бағанын ыстық циркуляцияға шығару кезінде қысым клапанының жұмысынан ақау анықталып, технологиялық контурда қысым жоғарылаған. Сол кезде герметикалық қасиетінің бұзылуын болдырмау үшін газ уақытша жағылды.
Үшінші рет 3 шілдеде зауыт мұржасынан тағы да қара түтін будақтады. Соған байланысты зауыт жергілікті уақытпен сағат 17.25-те жұмысын тоқтатты. Зауыт мамандары бұған «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының өшірілуі себеп болғанын алға тартады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Әрине технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу қамы жасалады. Сондықтан электр энергиясының сыртқы желілерін толық қалпына келтіргенге дейін қабылданған шешім – зауыттың отын желісін алауға жіберу.
«АМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратовтың дерегіне қарағанда, мұнайды бастапқы өңдейтін ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысынан өзге желілері апатты түрде тоқтатылған. Ал қара түтін 2 сағат бойы будақтап тұрды. Салдарынан қоршаған ортаға 8 мың тоннадан астам технологиялық газ жағылды. Бұл – сұйытылған және табиғи газ, С1, С2, С3, бутан, бутадиен, пропандар, полипропилен, сутегі.
– Қазір зауытта іске қосу-реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Зауытты толық қуатында іске қосу 6 шілдеге жоспарланып отыр. Дәл осындай апатты тоқтатудан келген шығын көлемі 2021 жылы 69 млрд, ал 2022 жылы 2 млрд теңгені құрады. Биылғы шығын да аз болмайды. Зауыт тек үш тәуліктің ішінде 45 мың тонна мұнайды өңдей алмайды. Сыртқы фактордың салдары осындай болып отыр. Нақты шығын көлемі кейін есептеледі. Бұл жолы сотқа жүгінетін болармыз, – дейді Мұрат Досмұратов.
«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаевтың айтуынша, 4 шілдеде сағат 9:00-дегі жағдай бойынша Атырау өңірінің энергия торабында шектеу болмаған. Алайда Маңғыстау облысының энергия торабында өндіріс нысандарында 65 мегаватт көлемде шектеу сақталған. Бұл шектеулер Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы қуаты 140 мегаватт болатын №1 блоктың өшірілуінен туындаған электр тапшылығымен байланысты болып отыр.
МАЭК-тегі энергия тапшылығынан Атырау қаласының бірнеше шағын ауданы мен оған іргелес қоныстанған елді мекендері, Исатай, Құрманғазы, Мақат, Жылыой және Қызылқоға ауданында жарық сөнді. Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы тоқтады. Ал «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-ның қуаты 220 мегаватт стансасында генерация толықтай өшірілген.
– Электр тұтыну көлемі артқан жағдайда «Орал – Атырау – Маңғыстау» бағытында қуат транзитінің артық жүктелімін болдырмау үшін қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін. «KEGOC» компаниясы Батыс энергетикалық аймақты электрмен жабдықтаудың орнықтылығын арттыру үшін қолданыстағы қосалқы стансаларды 220 киловольтке кеңейте отырып, ұзындығы 770 шақырым болатын 220 киловольттік екінші транзит құрылысын және 220 киловольттік қосалқы тарату стансасын салып бітіреді. Нәтижесінде, транзиттің өткізу қабілеті «Орал – Атырау» учаскесінде 100 мегаваттан 200 мегаватқа дейін, «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 мегаваттан 200 мегаватқа дейін ұлғаяды, – дейді Қаныш Молдабаев.
Батыс өңірлерде энергия тапшылығы туындамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың мәліметіне қарағанда, Маңғыстау атом электр комбинатын жөндеуге қосымша қаржы қажет. Коммуналдық меншікке берілген нысанның орнықты жұмысын қалыптастыру үшін жол картасы жасалған. Жол картасын іске асыру үшін жөндеу жоспары құрылған.
– Үкімет жол картасы аясында нысанды жөндеу жұмыстарына 3,1 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдаған еді. Соңғы апаттан соң жаңа қондырғыларға дәл қазір тапсырыс беру үшін қосымша 1,8 млрд теңге қаржы қажет. Сонда қорытынды сома 4,9 млрд теңге болады. Премьер-министрдің шешімі, Энергетика министрлігінің тиісті қорытындысы бар. Бұл ақша жақын күндері бөлінеді. Яғни апат салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр, – деді министр.
Электр желісіндегі бір күнгі апатты ақау МАЭК-ті жөндеуге қомақты қажеттігін аңғартты. Бұл мұнай өңдеу зауыттарындағы жанар-жағармай қорын жасақтауға қалай әсер етеді?
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың дерегіне сүйенсек, еліміздегі мұнай базаларында, мұнай өңдеу зауыттарының резервуарларында жанар-жағармайдың айтарлықтай қоры жинақталған. Мәселен, АИ-92 автобензині 351 мың тоннаны құрайды. Бұл тұтынушылардың 23 тәулікке есептелген қажеттілігін жаба алады. АИ-95 бензині – 46 мың тонна, дизель отыны 520 мың тонна. Бұл қорлар сәйкесінше 15 және 29 тәулікке жетеді.
Бірақ жанармай тапшылығы туындауы мүмкін екенін ешкім жоққа шығармайды. Сол кезде бағасын қолдан қымбаттату, алып-сату әрекеттері жиілеуі ғажап емес.
– АИ-95 маркалы бензиннен басқа жанармай бағасының күрт өсуін болдырмаймыз. Өйткені АИ-95 жанармайын Ресейден импорттауға тура келеді. Павлодар мұнай зауытындағы жөндеу жұмыстарына, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ақауға, Шымкент зауытының АИ-95 маркалы бензиннің өндіріс көлемін азайтуына байланысты нарықтағы қажеттілікті Ресей Федерациясынан импортталатын өнім арқылы ғана толық жабу көзделіп отыр. Қазір Ресейдегі әлеуетті әріптестермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Қазақстан нарығына шамамен 40 мың тоннаға жуық АИ-95 маркалы бензин импорттау қажет. Бензиннің бұл түрін «Газпром нефть» жеткізе бастады, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта іске қосу жұмысымен танысты. Қазір зауыттың резервуарларында 26 мың тонна автобензин, 34 мың тонна дизель отыны, 1 500 тонна сұйытылған мұнай газы, 6 мың тонна авиакеросин бар. Бұл көлем өнімді жеті күн бойы тұрақты жөнелтіп отыруға жеткілікті. Зауыт басшыларының айтуынша, электр қуаты тұрақты беріле бастаған сәттен технологиялық қондырғылары қалыпты жұмыс режіміне біртіндеп көшірілген. Енді апта соңына дейін кәсіпорын мұнай өнімдерін бұрынғы көлемде шығара бастайтыны жоспарланып отыр.
Электр қуатының үзілуі мұнай өндіруге де кері әсерін тигізді. Бұл туралы Мағзұм Мырзағалиев өткізген кеңесте айтылды. Мәселен, 3 шілдеде Маңғыстау мен Атырау облыстарындағы «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында мұнай өндіру жұмысы жартылай және толық тоқтатылған. Мәселен, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбайдың мәліметінше, соңғы алты айда электр қуаты 11 рет ажыратылып, 13 мың ұңғыманың жұмысында кідіріс болған. Соның салдарынан бұл компания алдын ала есепке сәйкес 5 млрд теңге көлеміндегі кірістен айырылған.
Соңғы 2,5 жылда «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның мұнай-газ өндіру активтерінің барлығында электр қуатының үзілуінен 279 мың тонна мұнай өндірілмегені анықталған. Компания қайта іске қосу жұмыстарына жұмсалған шығынның салдарынан 60 млрд теңгеден астам кірістен қағылып отыр. Биыл отандық компанияның кен орындарында электр қуаты 153 рет үзілгендіктен, 75 мың тонна мұнай өндірілмей қалған.
– Біз электр энергиясын таратудағы ақаулардың жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Егер 2017 жылдан 2019 жылға дейін біздің компания дәл осындай себеппен өндірісте 3 700 тонна мұнай жоғалтса, 2021 жылдан 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш 45 мың тоннаға дейін өсті. 3 шілдеде біздің шығын 2,5 мың тонна мұнайды құрады. Қазір өндірістік бағдарламаны орындай алмау қаупі туындап отыр, – деп мәлімдеді «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Сүйінов.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Мұрат Мұстафаевтың дерегіне сүйенсек, биылғы 6 айда электр қуатының үзілуіне байланысты шығын 1 млрд 267 млн теңгені құраған. Шығын көлемі өткен екі жылғыдан асып кеткен.
Міне, электр желісіндегі бір іркілістен отандық экономиканың драйверіне айналған мұнай-газ өнеркәсібіндегі кәсіпорындар осындай шығынға батқан. Әрине, бұл – тек бір саладағы шығынның мәлім етілген бір парасы. Ал кәсіпкерлік секілді өзге салалар да шығынға батқаны даусыз. Демек еліміздің электр желісіндегі инфрақұрылымды жаңғырту үшін жаңа бетбұрыс, тың көзқарас, тіпті ұлттық бағдарлама қажет. Өйткені тозығы жеткен электр желілерінде ақау жиі қайталанып, алаңдатарлық ахуал қалыптастырып отыр.
Атырау облысы