• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Елорда 06 Шілде, 2023

Елорда ғимараттарымен еңселі

657 рет
көрсетілді

Астанада аспанмен таласқан, қалаға көрік беріп тұрған ғимараттар көп. Сәулетшінің қиялы мен құрылысшының қолынан шыққан туындылар жаңа қаланың сәніне айналған. Бас қаланың негізгі символы деп «Хан Шатыр», «Бәйтерек», «Ақорда», «Бейбітшілік және келісім сарайын» айтуға болады.

Елдегі ең басты ғимарат «Ақорда» – ел тәуелсіздігінің белгісі. Резиденция құры­лысы 2001 жылы басталған болатын. Ғима­ратта далалық өркениет пен Еуропа мәдениеті ұштастырылған. Көркемдік және философиялық мән-маңыз беріліп жасалған жоба құрылысында Қазақстан мен Еуропа сәулетшілерінің айқын қолтаңбасы бар. Олардың қатарында еуропалық әйгілі дизайнерлер М.Гуалаци мен А.Мольтени болды. Ал «Ақорданың» ішін ұлттық мәнерде салуға академик Қ.Монтақаев кеңес берген. Ең бір ерекшелігі – құрылыс жұмыстарына ондаған елдің мамандары атсалысқан. Ғимараттың жалпы ауданы – 36 720 шаршы метр, биіктігі – 86 метр.

Астананы «Бәйтерексіз» елестету қиын. Монумент еліміз дамысын, өсіп-өркендесін, бәйтеректей жайқалсын деген идеямен орнатылған. «Бәйтерек» кешенін архитектор А.Рүстембеков (топ жетекшісі), С.Базарбаев пен Ж.Айтбалаев жобалады. Инженер-конструкторы – М.Вахш­тейн, интерьер дизайншысы А.Оспанов болды.

«Хан Шатыр» 2010 жылы Астана күні­не орай ашылды. Ол – Орта Азиядағы ең ірі сауда үйлерінің бірі әрі сән-салтанаты жағынан бірегейі. Ғимаратты жобалау­шы – сәулетші Лорд Норман Фостер. Құрылыс нысанының металл қаңқасы – 2300 тонна, шатырдың биіктігі – 150 метр, ішкі аумағы 110 мың шаршы метр. Норман Фостердің тағы бір тамаша туындысы – «Бейбітшілік және келі­сім сарайы». Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай,  1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ орналасқан. «Бейбітшілік және келісім сарайы» Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің өткізілетін орны ретінде кеңінен танымал.

Астананың мәдени өмірін айшықтай­тын құрылыстардың бірі – «Астана Опера» ғимараты. Ол Орталық Азиядағы ең ірі теат­р. «Астана Операның» бас сахнасының көлемі – 935 шаршы метр, ені 21 метрді, тереңдігі 59 метрді құрайды. Театр залына 1 мың 250 көрермен сияды. Партері 450 көрерменге арналған. Құрылысты сәулетші Ренатто Аркетти жобалаған.

Қалада туристік орындарға айнал­ған өзге де ғимараттар баршылық. Айта­лық, 2017 жылы ашылған Экспо көр­месі, жаңадан салынған Бас мешіт, Қ.Қуа­нышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық музыкалық драма теат­р, Ұлттық академиялық кітапхана мен Абу-Даби плаза және тағы басқа да құры­лыс кешендері. Аталған жобалар елдің дамуында елеулі орынға ие. Сондай-ақ Аста­наның қоғамдық-саяси, әлеуметтік, рухани маңызын арттыра түседі.