Керекудегі тарихи ғимараттар мен ескерткіштерге жапсырылған ақпараттық QR-кодтар есірткі саудасын жарнамалап келгені анықталды. Түрлі күмәнді сайтқа жөн сілтейтін сілтемелердің тарихи нысандар жайлы ресурсқа қалай түсіп кеткені әзірге беймәлім.
Қала көшелеріндегі ескерткіштер мен тарихи нысандар жайлы кеңірек ақпарат алу, туристерге қолайлы жағдай тудыру мақсатын көздеген QR-кодтар бастамасы 2018 жылы қолға алынып, оған 1,7 млн теңге бюджет қаражаты жұмсалыпты. Әлгі QR-кодқа ұялы телефоныңыздың камерасын жақындатсаңыз болғаны, тарихи ескерткіш, белгілі тұлғалар жайлы ақпарат ресурсы интернеттен автоматты түрде ашылады. Сол уақытта бұл да цифрландырудың игілігі ғой деп қуанғанымыз рас. Алайда цифрлы технологияны үнемі бақылауда ұстамасаң, қоғамға кесірін тигізіп, лаң салатын қырсыздығы да бар екен. Биыл маусым айының ортасынан жергілікті тұрғындар мен сырттан келген меймандар бұл цифрлы сілтемелердің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын, телефонмен сканерлегенде есірткі сататын интернет дүкендердің жарнамасы шыға келетінін байқаған. Қала көшелерінде тұрған 280 тақтайшаның көбінен осындай күмәнді ақпараттар табылған. Жұртшылық негізінен Астана, Қамзин көшелерінде келеңсіздіктерге тап болғанын айтады.
Өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынан хабарланғандай, биыл 1 қаңтарда аталған QR-кодтар тиісінше жұмыс істеп, дұрыс ақпараттарды көрсетіп тұрған. Қазіргі күні барлық ресурстық тақтайшалар алынып, оларды жаңарту көзделіп отыр. Шаһардағы ескерткіштер мен ғимараттардың тізімі түзіліп, олар жайындағы ақпараттардың қоры Павлодар облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің сайтына тоғыстырылып жатыр. Ендігі жерде QR-кодтардың сілтемесі бірден сол сайтқа бағыттамақ.
Анықтап білгеніміздей, қаланың көрнекті жерлеріне әлгіндей QR-кодтарды 2018 жылы «Толчин А.С.» жеке кәсіпкерлігі ілген. 2018 жылдың мамыр айында аталған субъектімен Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі шартқа отырыпты. Кәсіпкерлік бұған қоса шаһардағы көрнекті жерлердің картасына, әлеуметтік желідегі ақпараттық материалдарды әзірлеу және орналастыру қызметіне де жауапты болған.
Қазіргі күні аталған оқиға бойынша өңірде қылмыстық тергеу басталды. «Өңірлік полиция департаментінің полицейлері Қылмыстық кодекстің 299-бабы, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Оның аясында жедел іздестіру шаралары қолға алынып, қылмыстық оқиғаға қатысы бар тұлғалар анықталуда» делінген полицияның ресми ақпаратында. Тексеру нәтижелі болса, кінәлі азаматтар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Павлодар облысы