Астананың 25 жылдығына орай қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша тарту жасалды. Елорданың Сарыарқа, Алматы, Есіл аудандарында асық ойнайтын алаң ашылды.
Асық ату – халқымызбен бірге көнеден келе жатқан ұлттық ойындарымыздың бір түрі. Асықты жылдың төрт мезгілінде ойнауға болады. Бұл ойын – адамды дәлдікке, мергендікке, шапшаңдыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа тәрбиелейді. Медицина жағынан да пайдасы бар.
Сарыарқа ауданындағы «Гүлдер» саябағында орналасқан алаңның ашылуында алғашқы болып сөз алған аталған ауданның әкімі Бауыржан Ералы бала күнінен асық ойнап өскенін айтты.
«Қазір гаджеттің неше түрі дамыған заманда балаларды асық ойнауға үйретуіміз керек. Бұл алаң Respublica партиясының бастамасымен ашылып отыр. Асықты кез келген жастағы адам ойнайды. Сондықтан осы жаңа алаң арқылы елордада асық ойнайтын жастар қауымы қалыптасады деп сенемін», деді ол.
Одан кейін игілікті істің жүзеге асуына мұрындық болған Respublica партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров ұлттық құндылықтарды дамыту туралы айта келіп, алда еліміздің басқа өңірлерінен асық ойнайтын алаңдар ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ дәл осындай алаң елорданың Алматы ауданындағы «Студенттік» саябақ пен Есіл ауданының «ЭКСПО» аумағындағы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы монументінің» алаңынан ашылды. Жаңа алаңдардың ерекшелігі – асық атудың тарихы және ойын түрлері мен ережелері туралы ақпаратты арнайы енгізілген QR-код арқылы білуге болады.
Астана қалалық Асық ату федерациясының басшысы, аға жаттықтырушы Ескендір Рахметов кейінгі жылдары елордада асық ату спортына қызығушылардың қатары көбейгенін тілге тиек етті.
«Біздің қалалық федерацияда 40-тан астам спортшы тіркелген. Олардың арасында әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстарда топ жарған чемпиондар бар. Сонымен бірге олар ұлттық ойындарға төрешілік жасайды. Асықты алты жастағы баладан, алпыстағы азаматқа дейін ойнайды. Бүгін бас қалада асық ойнайтын алаңдар ашылғанына қуанып тұрмын. Бұл өте керек. Осыны іске асырған азаматтарға ризашылығымды білдіремін», дейді федерация басшысы.
Осы күні іс-шараға қатысушылар да асық ойнап, мергендік танытты.