Павлодар мұнай-химия зауыты маусым айының соңғы онкүндігінен бері толық тоқтап, жөндеуге жабылды. «Бұл жағдай отандық жанар-жағармай нарығында жылдағыдай тапшылық туындата ма?» деген күдікке жетелегені рас. «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылығы қолдағы мұнай өнімдері тұтынушыларды қамтамасыз етуге толық жеткілікті деп отыр.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Павлодар мұнай-химия зауытына барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ зауыттың өндірістік міндеттерін орындауы бойынша кеңес өткізіп, алдағы уақытта қолға алынатын жаңа жобалар жайын пысықтады. Кәсіпорынның кейбір технологиялық үдерістері мен жабдықтарын жаңалау іс-шаралары 19 шілдеде толық аяқталып, мұнай өңдеуді қайта жалғастырады. Компания басшысы өндіріс орны тоқтап тұруына қарамастан, көлік отыны нарығындағы қазіргі жағдай тұрақты екенін, әлеуметтік маңызға ие мұнай өнімдері бойынша тапшылық жоқтығын атап өтті. ҚМГ зауыттағы өндірістік циклды уақтылы іске қосу үшін барлық жоспарланған жұмыстың қауіпсіз әрі сапалы түрде іске асуына айрықша көңіл бөліп отыр. Әрі зауыт басшылығына жөндеуді мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
– Қазіргі уақытта қорда 525 мың тонна дизель отыны, 300 мың тоннадан астам бензин және 100 мың тоннадай авиа керосин бар. Трактор отынының қоры – 35 тәулікке, бензин 23 тәулікке жетеді. Яғни нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде ешбір қиындық байқалмайды. ПМХЗ-да кешенді жаңарту іс-шаралары біртіндеп қолға алынып жатыр. Жоспарланған іс-шаралар толық атқарылса, 2027 жылға қарай үш жылда бір рет қана жөндеуге тоқтайды. Өңдеуге түсетін мұнайдың сапасы, өнім сапасына қойылатын талаптардың артуы және қысқы дизель отынын өндіру перспективасы – ПМХЗ үшін басым бағыттың бірі. Бұл ретте жақында Мемлекет басшысына таныстырылған дизель отынын гидротазарту қондырғысын реконструкциялау және сутегін өндіру қондырғысын салу жобалары ҚМГ-нің «жасыл» энергетиканы дамыту бағытындағы бастамалары қатарында ерекше маңызға ие. Бұйырса, жақын жылдары павлодарлық зауытта арктикалық дизель отыны да өндіріле бастайды. Ол үшін әуелі жаңадан сутегі қондырғысын тұрғызамыз. Құны 80 млн еуро болатын жобамен франциялық танымал компания айналысады. Онымен бір мезгілде отынды гидротазарту қондырғысы да бой көтереді. Бұл екі жоба болашақта жылына 160 мың тонна арктикалық дизель отынын шығаруға мүмкіндік береді, – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Бұған қоса, зауыт аумағында алдағы жылдары битум сақтауға арналған жылытылатын резервуарлар салу ойда бар екен. Әрқайсысы 5 мың тонналық 6 резервуар бой көтереді деп жобаланған. Бұл – өңірдегі битум тапшылығын жоюға бағытталған маңызды қадам. Битум арнайы қоймада ұзақмерзімге сақталып, қажет кезде нарыққа босатылады.
Мұнай-химия зауытында аралық ұйымдардың кесірінен ішкі қызмет көрсету құны шектен тыс өсіп, кейбір нысандардың заңсыз түрде өзге фирмаларға берілгені туралы бұған дейін бірнеше мәрте мәселе қозғаған едік. Мағзұм Маратұлының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет бұған баса мән беріп отыр. Қазіргі күні кәсіпорындағы аутсорсинг компанияларды зауытқа қайтадан көшіру үдерісі басталып кеткен. Оның нақты нәтижелерін алдағы қазан айында көруіміз мүмкін.
Компания басшысы биыл дизель отыны мен бензин бағасының қымбаттауына орай нарықта жағымды әсерлер пайда болғанын да атап өтті. Мысалы, оңтүстік өңірлерде дизельді тұтыну бірден 47 пайызға құлдыраса, ел бойынша ол орта есеппен 20 пайызға кеміпті. Бұл жағдай осыған дейін отандық мұнай өнімдерінің контрабандалық жолмен көрші мемлекеттерге тасылып келгенін айғақтаса керек, дейді М.Мырзағалиев. Тағы бір мысал, былтыр осы уақытта тапшылық пайда болғанда трактор отынының қоры 250 мың тоннаға дейін азайған.
Толықтыра кетейік, ПМХЗ биылғы жылдың алғашқы жартысында шамамен 2 млн 772 мың тонна шикізатты өңдеп, 790 мың тоннадан астам бензин, 947 мың тоннадан астам дизель шығарған. Ішкі нарыққа 128 306 тонна битум, 287 592 тонна мазут, 157 765 тонна сұйытылған газ, 97 827 тонна авиа отын босатқан. Облыс орталығының экономикасы үшін зауыт аса маңызды. Себебі қала қазынасының тең жартысы кәсіпорын төлейтін салықтан құралады.
Павлодар облысы