• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Шілде, 2023

Аймақ мәселесі – депутаттар қаперінде

300 рет
көрсетілді

Сенат және Мәжіліс депутаттарының аймақтарға сапары жалғасып жатыр. Бұл жолы олар бірқатар өңірді аралап, халықты алаңдатқан мәселелермен танысты. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» пар­тия­сының мүшесі Қарақат Әбден де­путаттардың өңірлерге сапар бары­сында Ақмола және Қарағанды облыс­тарындағы ауылдарға барып, халық­тың жай-күйімен танысты.

Депутаттың айтуынша, жауыр болған жол және интернет мәселесі Қарағанды облысындағы Нұра ауданындағы Жан­бөбек ауылын да айналып өткен жоқ. Сонымен қатар депутат аталған ауыл интернеттен де тыс қалғанын атап өтіп, жол тауқыметінен бөлек, ұялы байланыстың жоқтығы да тұрғындарды сарсаңға салатынына назар аударды. Халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене танысқан депутат халықты жарық мәселесі де алаң­датып отырғанын жеткізді.

Депутат Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Құланөтпес ауылының тұр­ғындарымен кездесті. «Халықты тол­ғандырған негізгі мәселе – таза ауыз су, са­палы жол, қолжетімді байланыс. Әсіресе су мәселесін басты назарға алдым. Себебі бұған бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. «Life Story Invest» ЖШС мердігерлік ұйы­­мымен, «Казахстанские технологии» ЖШС қосалқы мердігерлік ұйымымен шарт жасалды. Тендерге қатысуға келгенде білек сыбана кіріскен мердігерлер іске келгенде баяу қимылдап, халықтың ашуына тиіп отыр», деді Қ.Әбден.

* * *

Сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысын аралады. Депутат Есіл ауданына сапар барысында жер­гілікті аурухананың емдеу корпусын жөндеу барысымен танысты.

Мұнда шатырды жөндеу және терезе жақтауларын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шараларға 97 миллио­н теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Жөндеу жұмыстары осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп жос­парланған. Сенатор ауыл тұрғындарымен кездесу барысында сумен жабдықтау, жол­дарды жөндеу және интернетке қол­жетімділікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

«Бүгінгі кездесуде «Петропавл – Жез­қазған» автожолының жағдайы нашар екені атап өтілді. Солтүстік Қазақстан облысындағы ұзындығы 359 шақырым болатын магистралдың осы учаскесінде шұңқырлар жөнделді, бірақ жолдың жай-күйі орташа жөндеуді қажет етеді. Бұл шынымен өзекті мәселе. Біз оның ше­шілуіне жәрдемдесуге тырысамыз», деді сенатор Әсем Рахметова.

Өңір тұрғындары кездесу барысында сұрақтар қойып, мемлекеттік жәрдемақыларды есептеу ерекшеліктері мен зейнетақы аударымдарын төлеу тәртібін және басқа да мәселелерді тү­сіндіруді өтінді.

* * *

Мәжіліс депутаты Самат Мұса­баев Маңғыстау облысындағы Жаңа­өзен қаласында «Korkem Alem» ет комбинатының жұмысымен танысты. Кездесу барысында депутат комби­наттың адал өнім шығарып, сапалы қызмет көрсетуіне назар аударды.

Комбинат қызметі барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп, мал сою, ет өңдеу талаптары сақталып, автоматтандырылған жүйе негізінде жұмыс істейді. Мұнда ай сайын 360 тонна ет шығарылып, 100 тонна ет өнімі өндіріледі. Еттен жасалатын жартылай фабрикат өнімдері, деликатестер және ас үйге қажет өзге де өнімдер бар.

«Бүгін «Korkem Alem» комбинаты халыққа адал өнім ұсынып, сапалы тауар өндіруге қаншалықты мән беріп отырғанын, өзге кәсіпкерлермен қандай байланыс орнатып жатқанын назарға алдым. Сондай-ақ кәсіпкерлердің етті қайдан алып жатқанына, жергілікті биліктің қолдау шараларына зер салдым», деді С.Мұсабаев.

* * *

Сенаторлар Алтынбек Нұхұлы мен Ернұр Әйткенов Павлодар облысына барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысу үшін ай­мақ басшылығымен кездесті.

Депутаттар Павлодар қаласындағы №2 жылу энергетикалық орталығына да барды. Қаланың ЖЭО 1961 жылы пайдалануға берілген болатын. Оның жылыту маусымына дайындығы мәселесі ерекше бақылауда тұр.

Сенаторлар ЖЭО-дағы өндіріс жұмысымен танысты және салалық цех­тарда болып, Екібастұздағы өткен жылғы төтенше жағдайға ұқсас авария­ларды болдырмау үшін жұмыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында сенаторларға №2 Павлодар ЖЭО-да жылыту қазандықтары мен турбиналарға жоспарлы жөндеу жүргізіліп жатқаны және алдағы маусымға барлық қызметтер қойылған міндеттерді уақтылы орындауға тиіс екендігі туралы ақпарат айтылды.

* * *

Мәжіліс депутаттары Бауыржан Смағұлов пен Арман Қалықов Балқаш қаласындағы «Қазамыс Энерджи» ЖШС барды. Онда алдағы жылыту мау­сымына дайындық жұмыстарын тал­қылады. Еңбек ұжымымен кездесуде Ар­ман Қалықов жабдықты жаңарту мәселесін көтерді.

«Өздеріңіз білетіндей, қыста болған төтенше жағдай Екібастұзда жылу желілерінің, оның ішінде жылу электр орталықтарының жабдықтарының тозғанын көрсетті. Бүгінде еліміздің барлық Жылу электр орталықтарының ескірген жабдықтарын жаңарту қажет. Меншік иелері үшін бұл бағыттағы жұ­мысты жандандыруы маңызды», деді депутат.

Кездесу барысында ұжым қызмет­керлері өздерін толғандырған сұрақтарды алға тартып, нақты жауап алды. Одан әрі депутаттар Балқаш мыс балқыту зауы­тының тыныс-тіршілігімен, қаланы абаттандыру барысымен танысып, аза­маттардың өтініші бойынша қоғамдық қабылдау өткізеді.

* * *

Мәжілісі депутаты, Палата төр­ағасының орынбасары Альберт Рау Қостанай облысындағы Бейімбет Май­лин ауданының ауылдарына ба­рып, таза ауыз сумен қамту жұмыс­тарымен танысты.

Мыңнан астам тұрғыны бар Асен­критовка ауылында ауыз су құбырлары жаңартылып, Красносельское ауылындағы су құбырының құрылысы жуық арада аяқталуы жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 740 млн теңгені құрайды. Ауыл тұрғындары су тапшылығы мәсе­лесінен арылып, сапалы ауыз суға қол жет­кіздерін айтып, ризашылықтарын білдірді.

Альберт Рау одан әрі «Қостанай – Қарабұтақ» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыс­тарымен танысты. Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда ауылдың әлеуетін көтеру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

«Республикалық бюджеттен қаржы­ландырылған нысандардың жұмы­сы әрдайым депутаттар бақылауында. Әсіресе, аудандардың, шалғай ауылдардың әлеуметтік ахуалы басты назарда болады. Одан бөлек жаңа жобалар бойынша да халық арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз», деді А.Рау.

* * *

Сенат депутаты Сергей Ершов Қа­ра­ғанды облысында болып, жер­гі­лік­ті тұрғындармен, мәслихат де­путат­тарымен және сайлаушылармен кез­десті.

Жүздесу барысында сенаторға орман алқаптарында, елді мекендерде және облыстың далалық аймақтарында өртке қарсы қауіпсіздікті ұйымдастыру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндалды. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімдерінің жаңа пункттері мен олардың жабдықталу деңгейі таныстырылды.

Қатысушылар кездесу барысында Қарқаралы ұлттық табиғи паркіндегі өрт қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Ең алдымен, материалдық-техникалық базаны қаржыландыру деңгейінің төмендігі мен ұлттық парк қызметкерлері жалақысының аздығына байланысты мәселелер айтылды.

Депутат сонымен қатар Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы аумақтық қорғаныс жөніндегі әскери бөлімде де болды. Сергей Ершов әскердің орналасқан жерін көріп, әскери қызметшілермен әңгімелесті және осы бөлімнің қызметімен танысты.

Әскери бөлімнің басшысы өз кезегінде аумақтық қорғанысты ұйымдастыру жө­ніндегі жоспарлар мен алда тұрған мін­деттер туралы баяндады. Сенатор өңір­ге сапардың соңында Қа­ра­ғанды облыс­тық мәслихатының төрағасымен кездесті. Тараптар өңірдегі өзек­ті мәселе­лерді және оларды заң жү­зінде шешу жолдарын талқылады.