«Ақжайық» табиғи резерватындағы өрт 830 гектарды шарпыды. Мамандардың айтуынша, сулы-батпақты жерлер өрт сөндіру жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлі еткендей, «Ақжайық» табиғи резерватында болған ірі қамыс өртін жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір өрт сөндірушілер жанып жатқан қамыстың 80 пайызын сөндірді. Облыс әкімі Серік Шәпкенов тікұшақпен қорық аумағын айналып өтіп, өрттен зардап шеккен аумақтарды аралады.
«Жалын 830 гектарға тарады. Жер бедері батпақты болғандықтан оны сөндіру қиынға соғып тұр. Әуеден визуалды барлаудың қорытындысы бойынша ашық өрттер табылған жоқ. Кей жерлерде қамыс жанып тұр. Өрт сөндіру жұмыстары қарқын алып жатыр», делінген хабарламада.
9 шілде күні сағат 15:20-дағы жағдай бойынша «Қазавиаспа» тікұшағы өрт аумағына 36 рет су құйған. Өртті сөндіруге барлығы 204 тонна су жұмсалды. Жалынды сөндіруге 97 адам мен 15 техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ өртпен күресу үшін республикалық бюджеттен «Ақжайық» табиғи жаңғырық» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына арнайы техника сатып алуға 285 миллион теңге бөлінді.