• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Шілде, 2023

Халық үніне құлақ асты

167 рет
көрсетілді

Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Максим Рожин мен Мақсат Толықбай ең алдымен Еңбекшіқазақ ауданына келді. Сапар барысында Рахат ауылдық округіндегі 900 орындық мектеп құрылысымен танысты. Іс-шара партияның жол картасында көрсетілген жоспарларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Жаңа ғимаратты пайдалануға беру уақыты – 2024 жылдың та­мыз айына жоспарланған. Жо­баның жалпы құны – 7 млрд теңге. Қазіргі уақытта құрылыс жұ­мыстары қарқынды жүріп жатыр. «Мектеп құрылысына біз толықтай отандық өнімдерді пайдаланып жатырмыз. Жергілікті депутаттар нысан басына апта сайын келіп, құрылыс барысын бақылап отыр. Ғимарат келер жылдың соңына қарай толығымен пайдалануға беріледі», деді «Bazis construction» ЖШС-нің өкілі.

Құрылыс алаңын аралап көрген депутаттар бірқатар мәселеге назар аударды. «Мердігерлер мектепті уақытында салып бітуге тиіс. Әрине, бірінші кезекте құры­л­ыс сапасы талапқа сай болса дейміз. Сонымен бірге қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, барлық стандартқа сай бо­луын тұрақ­ты бақылауда ұстау қажет», деді Максим Рожин.

Жаңа оқу ордасында бала­лардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалмақ. Мек­тепте оқу кабинеттерімен қатар, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, компьютерлік сыныптар болады.

Мәжіліс депутаттары жер­гілікті әкім­дік­ке мемлекет қар­жысына салынып жат­қан ны­сан­ның сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Сондай-ақ сала бас­шыларының өтініштеріне құ­лақ түріп, күн тәртібіндегі мәсе­лелерді назарға алатындарын жеткізді. Білім мекемелерінде са­нитарлық жабдықтардың толық болуы мен талаптардың қатаң сақталуы керек екенін ескертті.

Сапар барысында депутат­тар Ұлттық ұланның Қаракемер кен­тінде орналасқан 6654 әскери бө­лімі сарбаздарымен де кез­десті. «Amanat» партиясының «Халықпен бірге!» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әскери бөлім­нің тыныс-тіршілігімен та­нысып, жеке құрамның хал-ахуал­ы мен жағдайын білді. Бөлім командирі Жандос Қасымов қонақтарға әскери қалашықтың тыныс-тіршілігі, бөлім қызметші­лерінің жауын­гер­лік міндеттері мен тұрмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, мұнда сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Елі­міздің әр түкпірінен келген жауын­гер жастар 27 мамандық бойынша оқытылады. Сонымен қатар былтырдан бастап әс­кери бөлімде көлік жүргізуді үй­реніп, «D» категориясының жүр­гізушісі куәлігін алуға мүм­кін­дігі бар.

«Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әске­ріміз әлеуетті болуы керек. Жа­қында шекаралық аймақ­тағы әске­ри­лермен кездестік. Барлығына бірдей жағдай жасалмаған. Біз олардың мәсе­ле­лерін билікке жет­кізіп, оң шешім табуына барынша күш саламыз. Өйткені күш­тік құрылымға қашан да айрықша көңіл бөлінуі қажет», деді Мақсат Толықбай. Сонымен қатар, ол әскери қызмет­ші­лер­дің жа­лақысын көтеру және адам басына төленетін пәтерақы мәселесі де күн тәртібінде тұрғандығын, оның депутат­тар назарынан тыс қал­майтынын атап өтті.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары Есік қаласы және Ташкенсаз ауылының тұрғындарымен де кездесіп, олардың өтініш-тілек­терін тыңдады. Тұрғындар сая­жайларға ауыл мәртебесін беру туралы өзекті мәселені ортаға са­лып, ұсы­ныс­тарын жеткізді. Кей саяжайларда су құбыры мен асфальттың жоқтығы да күрмеуі қиын проблема болып тұрғанын құлаққағыс етті. Депутаттар тұр­ғындар тілегін тыңдап, әр мәсе­ленің уақытылы шешімін табуына күш салатынын айтты. Депу­таттар сапар барысында аудан орталығындағы өрт сөндіру бө­лімін аралап, олардың жұмыс­ымен де таныс­ты.

 

Алматы облысы