• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Шілде, 2023

Ақсудағы әлеуметтік нысандардың құрылысында сәйкессіздіктер анықталды

244 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаттары Амантай Жарқынбек пен Нұржан Әшімбетов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, Ақсу қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Депутаттар Ақсу қаласының ауылдық аймағына кіретін Пограничник ауылына сапары барысында екі проблемалық нысандар - фельдшерлік амбулатория мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралады. Қазірдің өзінде олардың құрылысы бекітілген кестеден ақсап тұр. Бірінші нысанның мердігері оның мерзімінде іске қосылатынына сендіреді. Дегенмен, жұмыс көлемі артуы мүмкін, өйткені, депутаттардың айтуынша, жобаны түзету қажет.

«Фельдшерлік амбулатория аумағын абаттандыру толығымен қамтылуы тиіс. Жобаны осы кезеңде қайта қарау керек деп есептейміз», деді Амантай Жарқынбек.

Нұржан Әшімбетов тағы бір нысан – дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің мердігері құрылыс алаңында мүлде жоқ екенін атап өтті.

«Мердігер – «ГрадСтрой» компаниясы облыстағы әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу бойынша көптеген тендерлерді ұтып алып, былтырдан бері жергілікті мемлекеттік органдармен соттасып келеді. Бұл ретте мердігер ұйымның өзі орнында жоқ. Барлық жұмыс қосалқы мердігерлерге берілді», деді депутат.

Сонымен қатар депутаттар Ақсу қаласындағы магистральдық және таратушы жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Мұндағы жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар №7 мектепте жылу, электр және кәріз жүйелеріне, қабырғаларына, төбелеріне, едендеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәжілісмендер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында құрылысы 2021 жылы басталғанымен, бүгінде іргетасы ғана құйылған, құрылысы жүріп жатқан Мұз сарайында да болды.

«Ақша бөлінді, мұз айдынын салуға мердігер компания ұтыс ойыны ойнатылды. Бірақ жергілікті билік нысанды аса қажет емес деп тауып, құрылыс тоқтатылды. Қазір бұл нысанды жеке бақылауыма алдым», дейді Нұржан Әшімбетов.

Сапар соңында депутаттар азаматтарды қабылдады. Тұрғындар жайылымдық, шабындық жерлерге қатысты сауалдарын қойды.