Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік рейтингіне енген Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны атанып отыр. Бұл жағымды жаңалық The Times Higher Education Young University Rankings 2023 халықаралық рейтингінің нәтижесі арқылы жарияланды.
The Times Higher Education Young University Rankings 2023 рейтингісі құрылғанына 50 жыл толмаған әлем университеттері арасында жүргізіледі. Биыл оған 605 жоғары оқу орны қатысқан. Бұл екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 130 университетке көп.
Рейтинг әдіснамасына сәйкес жоғары оқу орындары дәйексөзділік, индустрияландырудан түскен табыс, интернационалдандыру, зерттеу қызметі және білім беру қызметі бес көрсеткіш бойынша бағаланды.
Рейтинг қорытындысы бойынша үздік үштікке Сингапурдағы Наньян технологиялық университеті, Гонконг ғылым университеті және Париж ғылым және әдебиетті зерттеу университеті кірді.
Айта кетейік, Еуразия ұлттық университеті The Young University Rankings рейтингіне 2019 жылы алғаш рет енген.